Төрт түліктің бірі – қой қазақ үшін ата-баба кәсібі. Сондықтан қой шаруашылығына ден қойған қазақстандық шаруалар көп жағдайда ғасырлар бойы жинақталған тәжірибелік ілімге көп сүйенеді. Десе де бүгінде қой шаруашылығына қатысты, қойларды күтіп, бағу, өсіру, төлдету, түрлі аурудың алдын алу, олардың етті-сүтті бағыттағы тұқымдарын жетілдіру мәселелері зерттеуде ғылым да кенде емес. Бұл ретте agroqogam.kz оқырмандарына қой малына қатысты ғылыми негізделген ақпарат беру үшін отандық ғалымдардың әдебиетін қазақ тіліне аударып шыққан болатын. Осы ретте «Қой шаруашылығы» кітаптың ең құнды деген тұстарын назарға ұсынамыз.
Кітап авторлары қазақ еліндегі қой тұқымдарын жетілдіруге, жаңа қой тұқымдарын шығаруға үлес қосқан, Қазақстан аумағындағы қой шаруашылығын дамытуға ғылыми негізде еңбек сіңірген Мырзабеков Сұлтан Шайымұлы мен ресей ғалымы Ерохин Александрдың бірлескен еңбегі.
Кітаптағы ақпаратты негізге ала отырып, қойларды бағу, азықтандыру, олардың биологиялық және өнімдік ерекшеліктері, қойдан алынатын өнімдер туралы теориялық, әдіснамалық және практикалық сауалдарды бір жыл бойы оқырмандарымызға ұсындық.
Қойлардың шығу тегінен бастап, олардың биологиялық ерекшеліктері, қой тұқымдарының түрлері қатысты ақпараттар да біздің сайтымызда бар.
Қойлардың биологиялық ерекшеліктеріне олардың ағзасының қоршаған орта жағдайларына сәйкес өнімділік пен ерекшеліктерін анықтайтын морфофизиологиялық қасиеттерінің жиынтығы жатады. Елімізде қойлардың көптеген түрлері өсіріледі. Олардың кейбірі дәл біздің елді бұрыннан мекен еткен болса, кейбірі бірнеше қой тұұымын будандастыру, яғни селекциялық жұмыстар нәтижесінде пайда болған.
Қазіргі қойлардың маңызды ерекшелігі – табиғаттың түрлі жағдайларына бейімделе алуы. Олардың бұл бейімделгіштігінің арқасында адамдар шөл-далаларда, тауларда, далаларда және т.б. түрлі экологиялық жағдайларда қойлардың көптеген түрлерін шығара алды. Қойлар жайылымдық жерлерге жайылуға бейімделген. Жануарларға жеуге жарамды 800 өсімдіктің 460 түрі ірі қара мал, 416 түрін жылқы малы жесе, қойлар еш қиындықсыз түрін қойлар еш қиындықсыз 520 түрін жейді. Жусанның 91 түрі бар. Оның 39-ын жылқы малы, сиырлар 24 түрін жесе, қойлар 46 түріне дейін жейді. Қойлардың азығы туралы толық материалды осы жерден оқи аласыз.
Қойларға азықтандыруға қатысты көптеген ғалымдардың тұщымды ойлары, пікірлері бар. Кей жағдайда оларды тұрыс азықтандырмаудың салдарынан түрлі дерттер туындауы мүмкін. Қойлар шыдамды, төзімді келгендіктен, олар жайылымнан жайылымға көшіп жүре береді. Тау-тастағы, шөл-шөлейттегі, жартылай шөлейттегі өсімдіктерді жей береді. Бұл олардың физиологиялық қана емес, анатомиялық та ерекшелігіне жатады. Мәселен, қисық біткен тістері мен жіңішке еріндерінің арқасында олар тіпті тықыр жерлерде өздеріне азық табуға қауқарлы. Тіпті, астық дәндерін де олар асқан шеберлікпен таңдап, дәндерді жеке-жеке де жей алады. Сол себепті, олар жайылым сапасына тәуелді емес. Ащы, тікенекті өсімдіктерді, арам шөптерді де қойлар азық етеді. Тиімділік тұрғысынан алғанда, бұл көптеген фермерлер үшін де қолайлы. Қойларды ауылшаруашылық өнімдерін егуге келмейтін, өзге малды бағуға жарамайтын арамшөпті, тікенекті жерлерде бағып, жайылым ретінде пайдалануға болады.
Қойлар суыққа да, ыстыққа аса төзімді. Тіпті қыста да, 300С суықта олар жайылымда жайыла береді. Ал қалың жүні мен терісі қойларды ыстыққа да, суыққа да төзімді етеді. Десе де, оларға арналған жай салудың да өзіндік ерекшеліктері бар екенін ескеру қажет.
Мал шаруашылығына ден қойған фермерлер үшін қой асыраудың артықшылығы көп. Әсіресе, олардың төлдеу жағынан өнімділігі, төлдерінің ерте жетілуі қой ұстаудың тиімді екенін көрсетеді. Көптеген қой түрінің өсімталдығы 120-150%-ке тең. Ал Романов қойының өсімталдығы тіптен көп, пайызбен алғанда – 250-300%.
Елімізде етті -майлы, етті-жүнді, биязы жүнді қой шаруашылығын дамыту аса маңызды әрі тиімді. Себебі мұндай қойлар ет өндірісін дамытуға мол мүмкіндік береді.
Қойдың етінен бөлек, жүнін де тиімді пайдалану бүгінде әлемде өзекті болып отырған тақырып. Жүн өнеркәсібін жолға қою мәселесі күні бүгінге дейін талқыланып келе жатқан маңызды мәселе.
Одан бөлек, былғары өнеркәсібіне жарамды, сапалы қой терісін алудың өзіндік амал-тәсілдері бар. Қой терісін арнайы осы өнеркәсіп үшін пайдаланғысы келетіндер оны сойғанда бірқатар мәселелерге назар аударуға тиіс. Себебі теріні алудың, сақтаудың, оны өңдеуге өткізу алдында сапасына мән берудің өзіндік ережелері бар.
Қой асыраудың тағы бір артықшылығы – оларды басқа малмен қатар, тіптен бір қорада ұстауға әбден болады. Қойлардың өмір сүрі ұзақтығы 10-12 жыл, кейде тіптен одан да көп өмір сүре алады. Алайда шаруашылықта қойлардың өмір сүру ұзақтығы 6-8 жылдан ары аспайды. Бұл уақыттан кейін олардың тіс жүйесі әлсіреп, азықты шайнау қиындайды. Сондықтан, 8 жылдан асқаннан кейін оларды асырау тиімсіз саналады.
Қойлардан төл алу да үлкен назар аударуды қажет ететін тақырып. Әсіресе егіз төлдіқойларды күтіп, баптау, олардың төлдерін сақтап қалу, азықтандыру, жасанды сүт беруге қатысты ғылыми-теориялық тұжырымдар бар.
Тағы бір айта кетерлігі, қой асырағанда оларды отармен, топ-тобымен ұстаған дұрыс. Себебі, оларда таптық түйсік қатты дамыған. Табиғатынан үркігіш келетін малдың бұл түрін бірді-екілі ұстағаннан гөрі, отар-отарымен асыраған жөн. Қойларды сапалы жайылыммен, дұрыс азықпен қамту төлдеген қойлардың сүттілігіне әсер етеді. Оған қоса, қой сүтінің де өзге малдардікінен ерекшелігі, артықшылықтары да бар. Қой сүтінің өзге малдардікімен салыстырғандағы басты ерекшелігі – майлылығы. Бие сүтінің майлылығы шамамен 1% болса, қойдікі – 6,7%, солтүстік бұғынікі тіпті майлы – 22,5%. Қой сүтінің құрамы мен қасиеттері түрлі факторларға байланысты: тұқымына, жасына, емізу кезеңдері, жыл маусымына, азықтандыру деңгейі, күтіміне және денсаулығына.
Қорыта айтқанда, қой шаруашылығы тиянақтылықты, ұқыптылықты және барынша назар аударуды қажет ететін сала. Елімізде жылдар бойы қалыптасқан қой өсіру мәдениеті мен тәжірибесін ғылыммен ұштастыра отырып, дамыта түсу аса қажет. Бұл ретте шаруалардың білімін арттыру, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасуына мән берген дұрыс деп есептейміз.
Айтолқын Адырбай,
Agroqogam.kz