Қой туралы қызықты ғылыми деректер

Фото из открытых источников

Төрт түліктің бірі – қой әлемнің барлық дерлік елінде кең таралған мал түрі. Қой шаруашылығы көптеген мемлекеттерде ауылшаруашылық саласының ажырамас, тіпті негізгі бөлігі саналады.

Бүгінгі мақаламызда біз қой түрлерінің пайда болу тарихына тоқталып, оларға қатысты ең қызықты деген деректерді оқырман назарына ұсынамыз.

Қойлардың арғы тегі

Қолға үйретілген қойлар сүтқоректілер, ашатұяқты әрі күйіс қайтаратын мал түріне жатады. Олар біздің заманымызға дейінгі 6-8 мың жыл бұрын қолға үйретілген. Қой түрлерінің көптігі сонша, тіпті олардың қолға үйретілгені туралы әлдебір ақпарат табудың өзі қиынға соғады. Бір белгілісі, қойларды қолға үйреткен орталықтардың саны бір емес, бірнешеу болған. Осы салада терең зерттеулер жасаумен айналысқан бірқатар ғалымдар (Адамец Л., Богданов Е.А., Кулешов П.Н., Иванов М.Ф., Боголюбский С.Н. және т.б.) қазіргі қойлардың арғы атасы муфлон (ред. – арқардың бір түрі), арқар, уриалдар (ред.- арқардың бір түрі) болған деседі. Ал оларды Азия елдерінде, Оңтүстік Еуропада, Солтүстік Африка мен Орталық және Орта Азия мемлекеттерінде асырай бастаған деп топшылаған. Арқарлардың түрлеріне жеке-жеке тоқталар болсақ, бірқатар қызықты деректерді де кездестіруге болары анық.

Мәселен, еуропалық және азиялық арқар (муфлон) пішіні бойынша кішірек болатын жабайы қой тұқымдасы. Жерорта теңізіндегі Корсике аралдарында, Сардиния, Түркия және Иранды мекен етеді. Айта кетерлігі, муфлонды жай қоймен будандастыруға болады және одан алынған төл өте сапалы болып шығады.

Арқардың Қазақстан тауларында, Орта Азия мен Ауғанстанның далаларында, сонымен бірге Каспий далалары мен Үстіртті мекендейтін түрлері муфлонға қарағанда анағұрлым ірі болады.

Қой тұқымдастарының тағы бір түрі Оңтүстік Алтай, Гималай, Тянь-Шань және Памир тауларында өмір сүретін, спираль тәріздес мықты әрі ірі мүйізі бар аргали. Арқардың бұл түрінің салмағы да ірі келеді, тіптен кейбірінің салмағы 180 келіге дейін жетеді.

Арқарлар өмір сүру ортасына қарай тағы да бірнеше түрге бөлінеді.

Мәселен, солтүстік шолақ құйрықты қой дәл осы муфлондардан тараған. Ал кәдімгі құйрықты қойлардың арғы тегі аргали деп аталатын арқарлар болып саналады. Биязыжүнді, құйрықты әрі кезқұйрық қойлар кәдімгі арқарлардан тараған.

С.Н.Боголюбский (1963, 1972) муфлон, арқар және аргали сынды жабайы қой түрлерінен қазіргі тойлар тараған деп топшылауға болатынын айтқан. Цитогенетикалық зерттеулер нәтижесінде жабайы қойлардың 3 картиотипі бары анықталған.

Муфлондар (арқардың бір түрі) – 54 хромосомалық, арқардың аргали деп аталатын түрінде – 56 хросомалық, ал қазақ далаларында мекен еткен арқарларда 58 хромосомалық картиотипті жануарларға жататыны айқындалған.

Бір қызығы, қазіргі қойлардың хромосомалық топтамасы Жапония, Еуропа мен Азияны мекен ететін қойлардың және 54 хромосомалық арқарлардың картиотиптерімен бірдей екені анықталған.

Сондықтан, қазіргі таңда қойлар еуропалық және азиялық арқарлардан тараған деп анық айтуға болады. Ал олардың қолға үйретілген жері бергі Азия мен Жерорта теңізі маңы екені археологиялық деректер арқылы расталып отыр.

Орталық және Орта Азиядағы қой шаруашылығы Оңтүстік Еуропа мен Батыс Азиядағы қолға үйретілген қойлардың кең таралуы нәтижесінде дами түскен.

Қой асырау несімен тиімді?

Қойлардың биологиялық ерекшеліктеріне олардың ағзасының қоршаған орта жағдайларына сәйкес өнімділік пен ерекшеліктерін анықтайтын морфофизиологиялық қасиеттерінің жиынтығы жатады.

Қазіргі қойлардың маңызды ерекшелігі – табиғаттың түрлі жағдайларына бейімделе алуы. Олардың бұл бейімделгіштігінің арқасында адамдар шөл-далаларда, тауларда, далаларда және т.б. түрлі экологиялық жағдайларда қойлардың көптеген түрлерін шығара алды. Қойлар жайылымдық жерлерге жайылуға бейімделген. Жануарларға жеуге жарамды 800 өсімдіктің 460 түрі ірі қара мал, 416 түрін жылқы малы жесе, қойлар еш қиындықсыз түрін қойлар еш қиындықсыз 520 түрін жейді. Жусанның 91 түрі бар. Оның 39-ын жылқы малы, сиырлар 24 түрін жесе, қойлар 46 түріне дейін жейді. Қойлар шыдамды, төзімді келгендіктен, олар жайылымнан жайылымға көшіп жүре береді. Тау-тастағы, шөл-шөлейттегі, жартылай шөлейттегі өсімдіктерді жей береді. Бұл олардың физиологиялық қана емес, анатомиялық та ерекшелігіне жатады. Мәселен, қисық біткен тістері мен жіңішке еріндерінің арқасында олар тіпті тықыр жерлерде өздеріне азық табуға қауқарлы. Тіпті, астық дәндерін де олар асқан шеберлікпен таңдап, дәндерді жеке-жеке де жей алады. Сол себепті, олар жайылым сапасына тәуелді емес. Ащы, тікенекті өсімдіктерді, арам шөптерді де қойлар азық етеді. Тиімділік тұрғысынан алғанда, бұл көптеген фермерлер үшін де қолайлы. Қойларды ауылшаруашылық өнімдерін егуге келмейтін, өзге малды бағуға жарамайтын арамшөпті, тікенекті жерлерде бағып, жайылым ретінде пайдалануға болады.

Қойлар суыққа да, ыстыққа аса төзімді. Тіпті қыста да, 300С суықта олар жайылымда жайыла береді. Ал қалың жүні мен терісі қойларды ыстыққа да, суыққа да төзімді етеді.

Қойлардың ас-қорыту аппараты ірі азықты да қорытуға бейім келеді. Себебі, олардың ішектері оның денесінен 30 есе үлкен. Ал ірі қара малдың ішегі денесінен 20-22 есе, жылқынікі 15 есе ғана көп. Сондықтан, қойларды жайылымға  бейімделген мал ретінде сипаттауға мүмкіндік береді. Тағы бір айта кетерлік жайт, қой малы жиналған майының арқасында жұт кезінде біраз уақытқа дейін азықсыз жүруге қабілетті. Әсіресе, олардың бел тұсындағы омыртқа маңында жиналған майлары қар қалың жауған кезеңдерде аман қалуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, олардың қалың жүні де қатаң әрі қолайсыз ауа райына төтеп береді.

Мал шаруашылығына ден қойған фермерлер үшін қой асыраудың артықшылығы көп. Әсіресе, олардың төлдеу жағынан өнімділігі, төлдерінің ерте жетілуі қой ұстаудың тиімді екенін көрсетеді. Көптеген қой түрінің өсімталдығы 120-150%-ке тең. Ал Романов қойының өсімталдығы тіптен көп, пайызбен алғанда – 250-300%.

Қой асыраудың тағы бір артықшылығы – оларды басқа малмен қатар, тіптен бір қорада ұстауға әбден болады. Қойлардың өмір сүрі ұзақтығы 10-12 жыл, кейде тіптен одан да көп өмір сүре алады. Алайда шаруашылықта қойлардың өмір сүру ұзақтығы 6-8 жылдан ары аспайды. Бұл уақыттан кейін олардың тіс жүйесі әлсіреп, азықты шайнау қиындайды. Сондықтан, 8 жылдан асқаннан кейін оларды асырау тиімсіз саналады.

Тағы бір айта кетерлігі, қой асырағанда оларды отармен, топ-тобымен ұстаған дұрыс. Себебі, оларда таптық түйсік қатты дамыған. Табиғатынан үркігіш келетін малдың бұл түрін бірді-екілі ұстағаннан гөрі, отар-отарымен асыраған жөн.

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ

(Жалғасы бар)

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.