Етті-жүнді бағыттағы қой асырау қаншалықты тиімді?

Фото из открытых источников

Етті-жүнді бағыттағы қой асырау қаншалықты тиімді?

Бұған дейінгі мақаламызда етті-майлы қойлар типіне жататын құйрықты қойлардың ерекшеліктеріне тоқталған болатынбыз. Бүгін біз еліміздің көптеген өңірінде кең таралған етті-жүнді бағыттағы қойларды бағудың артықшылықтары, кемшіліктері және өзге де фермерлер үшін қажетті ақпараттарды ұсынбақпыз.

Етті-жүнді типіне жататын қойлар өнімділігі бойынша өте құнды болып есептеледі. Мұндай типке жататын қошқарлардың тірі салмағы 100-120 кг-ға дейін, ал саулықтары 55-60 кг-ға дейін жетеді. Сәйкесінше, аты айтып тұрғандай олардың жүні де қалың, ұзын келеді. Қошқарлардан  10-12 кг, саулықтардан 5,5-6 кг-ға дейін, ұзындығы 7-9 см-ге жететін жүн қырқылады. Яғни, шаруалар олардың етін ғана емес, жүнін де өнім ретінде пайдалана алады.

Мұндай қойлардың  ішінде кең таралғаны – биязы жүнді Солтүстік қазақ мериносы. Аталған қой тұқымы жаңакавказ, мазай мериностары мен рамбулье (1933), асканиялық (1934), алтай (1947), асканиялық-кавказдық (1950), грозныйлық (1957) қошқарларды жергілікті қылшық жүнді саулықтармен қосу арқылы пайда болған.

Бесқарағай тұқымішілік типіндегі солтүстік қазақ мериносы ірі, дене-бітімі мықты, қаңқасы жақсы дамыған болып келеді. Үлкен қойлардан алынатын ет мөлшері аз дегенде 90 кг болады. Солтүстік қазақ мериносының тағы бір түрі – Сұлукөл тұқымдас қойлар. Олар алғаш рет 1967 жылы бірнеше қой тұқымдарын өзара қосу арқылы алынған. Тірі салмағы 105 кг дейін жететін қойлардан шамамен ұзындығы 8,3 см болатын 13,25 кг жүн қырқылған. Сұлукөл тұқымдас қойлардың ең басты ерекшеліктері:

  • Мамандандырылған азық беруге және ел солтүстігіндегі және солтүстік-шығысындағы жартылай шөлейтті және шөлді далаларға жақсы бейімделгіштігі.
  • Жіңішкелігі мен ұзындығы бойынша жүндердің біркелкілігі, ет өнімділігі жоғары.
  • Ірілігі мен жүнділігі бойынша жоғары өнімділіктің қатар болуы.

Оңтүстік қазақ мериносы биязы жүнді қазақы құйрықты әрі қылшықты саулықтардың (Жамбыл облысы, Меркі қойлары)  биязы жүнді, негізінен жүнді-етті және жүнді бағыттағы қошқарлармен шағылыстыруы арқылы пайда болған. Оңтүстік қазақ мериносы тұқымдас қойларға Меркі тұқымішілік қойлар, Күйік тұқымішілік қойлар жатады.

Меркі мериностары да жүні мен еті жөнінен шаруалар үшін тиімді қойлар. Олардың қошқарларының тірі салмағы ең аз дегенде 90 кг, 1 жасар қошқарлар 60 кг, үлкен саулықтар 55 кг, ал 1 жасар тоқтылар 40 кг тартады. Бұл қойларды алу кезінде Қазақстанның оңтүстігіне тән климатта өсіруге қолайлы малдардың пайда болуы назарға алынды. 1994 жылы ҚР Ауылшаруашылық министрлігі «Меркі» асылтұқымды мемлекеттік зауыты «оңтүстік қазақ мериносы типіндегі тұқымішілік меркі қойлары» деген атаумен жаңа қой тұқымын тіркеуге алды. Бұл тұқымның алынуына В.К. Берус, А.В. Метлицкий,А.И.Петров, С.Ш. Мирзабеков, С.Жадраев, М.Узбеков сынды ғалымдар атсалысты.

Бұл тұқымның басты ерекшеліктеріне олардан қырқылатын жүн көлемінің көп болуы, жуылған жүн көлемінің жоғары болуы, жүнінің ұзындығы, жылтырлығы, біркелкілігі, иілгіштігі мен беріктігі жатады. Тағы бір айта кететін жайт, меркі мериностары бұған дейінгі оңтүстік қазақ мериностарынан әлдеқайда құнды болып шықты және олар әлемдегі үздік мериностар қатарын толықтыра түсті. Одан бөлек тірі салмағы жөнінен де олар бұған дейінгі мериностардан 16-26 пайызға асып түсті. Меркі мериностарынан қолайлы климаттық жағдайларда және азығы тиісті деңгейде қамтамасыз етілген жағдайда көп пайда табуға болады.

Оңтүстік қазақ мериносына жататын тағы бір аса тиімді қой тұқымы – күйік тұқымішілік қойлары. Олар да тірі салмағы мен жүнінің ұзындығы жөнінен өте өнімді қой тұқымы саналады. Мәселен, қошқарлардың орта салмағы – 99 кг, ал жүнінің ұзындығы 11 см. Бір қойдан алынатын таза жүн салмағы – 6,2 кг. Саулықтардан шамамен 54,5 кг ет, ұзындығы 9,3 см болатын 2,89 келі жүн алынады.

Етті-жүнді бағыттағы қойлардан алынатын жүн өзге биязы жүнді типтегі қойларға қарағанда азырақ. Олардың 1 кг тірі салмағына 40 г таза жүн алынады.

Қазақтың арқар мериносы да етті-жүнді бағыттағы қойға жатады. Оны алу үшін бірқатар ғалымдар жабайы арқарлармен меринос қойларды шағылыстарған. Алғаш рет 1950 жылы жүзеге асқан. Н.С. Бутарин есімді ғалым аңшылықта өлтірілген жабайы арқардың ұрығынан саулықты қолдан ұрықтандыру арқылы жаңа қой түрінің пайда болуына қол жеткізеді. Осы еңбегі үшін Н.С. Бутарин мен бірқатар ғалымдарға КСРО Мемлекеттік сыйлығы табысталған. Қазақтың арқар меринос қошқарларының тірі салмағы 90-105 келі, саулықтарының тірі салмағы – 57-63 кг. Сәйкесінше, бір қошқардан 9-11, саулықтан 4,8-5,2 кг жүн алынады. Сонымен бірге, өсімділігі де өте жоғары. 100 саулықтан 110-120 төл алуға болады. Фенотипі бойынша қазақ арқар мериносы қазіргі биязы жүнді қойлардан айтарлықтай ерекшеленеді. Олардың дене бітімі ірі әрі мықты келеді, қаңқасы жеңіл, дегенмен өте берік. Етті әрі желкесіндегі шүйдесі қалың болады. Таулы аймақтарда қой өсіретін фермерлер дәл осы тұқымдағы қойлар өзге тұқымдастарына қарағанда сирақ ауруларына сирек шалдығатынын байқаған.

Қазақ биязы жүнді қой тұқымы етті-жүнді бағыттағы алғашқы отандық қой тұқымы. Бұл қой түрлері Оңтүстік Шығыс Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген, таулы әрі қырлы жайылымдарда жайылуға бейім. Дене салмағы өте ірі және тез көбейеді. Қошқарлары мүйізді, кейбірі мүйізсіз болады. Басынан көз сызығына дейін жүн өседі. Етінің сапасы жақсы деп бағаланады. Жүні берік әрі иілгіш. Элиталы қошқарлардың тірі салмағы кем дегенде 90 кг-ға, саулықтарының салмағы 55 кг-ға жетеді. Әр қошқардан алынатын таза жүннің салмағы 5,5 кг. Ұзындығы 9,5-9 см.

Бұл ретте, етті-жүнді бағытта өсірілетін меринос тұқымды қойлардың бір-біріне ұқсастығы байқалады. Олар етті-майлы қойларымен салыстырғанда жүн өндірісін дамыту үшін аса тиімді. Оларды шаруашылықта тек қана етінің көлемі мен сапасына ғана емес, жүнінің көлемдік және сапалық ерекшеліктеріне қарап бағалайды. Солай болған күннің өзінде, тірі салмағы айтарлықтай көлемді болып келеді. Яғни, асыл тұқымды қой шаруашылығын дамытқысы келетін шаруалар олардың осы қасиеттеріне назар аударуы тиіс.

Келесі материалымызда өнімділігі аса жоғары және өңір-өңірді жас қой етімен қамтамасыз ету үшін асырауға бірден-бір тиімді қой типі – жартылай биязы жүнді қойларға тоқталмақпыз.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.