Қазақстандағы қой түрлері: негізгі сипаттамалары мен ерекшеліктері

Осы тақырыпқа арналған алғашқы материалды осы сілтеме арқылы оқуға болады.

Елімізде қой шаруашылығымен айналысатын фермерлер бүгінде 20-дан астам қой түрін асырайды. Қазақстанның климаты мен географиялық ерекшеліктері қойдың түр-түрін асырауға мүмкіндік береді. Бұл ретте қойлардың биологиялық ерекшеліктері мен елдегі қой түрлерінің сипаттары да әрқилы. Бүгінгі кезекті мақаламыз қойлардың жіктелімі мен олардың негізгі артықшылықтарына арналмақ.

Қой түрлерін екі ерекшелік бойынша жіктейді. Олардың бірі – зоологиялық болса, екіншісі – өндірістік. Көптеген ауылшаруашылық малдардың зоологиялық жіктелімі олардың бас сүйегінің белгілеріне қарай жүзеге асырылады. Алайда қойлардікі өзге малдікінен біршама өзгеше. Қойлар құйрығының пішіні мен ұзындығына қарай жіктеледі. Бұған себеп, қойлардың биологиялық ерекшеліктері мен бір-бірінен өзара ерекшелігі дәл осы құйрық жақ бөлігінің белгілеріне сай ажыратылады. Құйрықтың пішіні құйрық омыртқалары маңындағы майлардың орналасуы мен бұл майлардың сыртқы көрінісіне қарай сипатталады.

Академик П.С. Паллас қойларды құйрығына қарап, қойларды бес түрге бөлуді ұсынады. Олар: шолаққұйрықты, кезқұйрықты, қазақы құйрықты қой, майлы құйрықты, африкалық жалды арқар. Палластың бұл жіктеліміне кейіннен Г.Натузиус, Н.П.Чирвинский, М.Ф. Иванов сынды ғалымдар өзгеріс енгізген. Қазіргі таңда қойлар шолақ жіңішке құйрықты (Романов қойлары, солтүстік шолақ құйрықты қойлар), ұзын жіңішке құйрықты (биязы және жартылай биязы жүнді қой түрлерінің барлығы, тез көтерілетін, етті ағылшын қойлары), қысқа  майлықұйрықты (бурят, тува қойлары, авасси), ұзын майлы құйрықты (қаракөл, кучугур ) және құйрықты (Еділбай, Гиссар, қазақы құйрықты қылшық жүнді қой, етті-жүнді, ұяң жүнді, кроссбред жүнді, жартылй қылшық жүнді дегерес қойлары, атырау құйрықты елтірі қойлары, жайдар, алай, сараджы қойлары) болып жіктеледі. Айта кетерлік бір жайт, АҚШ-тың Оңтүстік Дакота штатында қойдың құйрықсыз түрі будандастырылып шығарылған. Алайда ол қойлардың жіктеліміне жатқызылмады. Уақыт өте келе, алтыншы топ болып құйрықсыз қойлар жіктелім тізіміне енуі әбден мүмкін.

Қой құйрығында жиналған майлардың пішіні, ұзындығы және өлшемі түрліше болып келеді. Сондықтан, аталған жіктелім бойынша қой түрлерінің, әсіресе будан қойларының арасындағы айырмашылықты дөп басып айту мүмкін емес. Десе де зоологиялық жіктелім ғылыми негізге сүйене отырып жасалғандытан, олар қойлардың биологиялық ұқсастықтары деңгейін ажырату үшін жиі қолданылады. Қойларды өндірістік мақсатта асырайтындар үшін аталған жіктелім, әлбетте аздық етеді. Себебі, бұл арқылы кей қой түрлерін ажырату қиынға соғады. Мәселен, ұзын кезқұйрықты қойлар тобына биязы жүнді қойлар да, етті қойлар да, тіпті кей кездері елтірі қойлар мен қылшық жүнділер де кіреді. Сол себепті де өндірістік (шаруашылық) жіктелім қолданылады.

Өндірістік жіктелім туралы алғаш рет ғалым М.Ф. Иванов сөз еткен. Оның ұсынысы бойынша, бұл жіктелім қойлардың өнімділігін арттыруға сеп болады. Ол шаруашылық үшін қолайлы болғанымен өзінің шарттары да бар. Себебі кей өңірлерде бір тұқымдағы қойларды екі түрлі мақсатта пайдаланады, Мәселен, цигай қойларын Балқан түбегі елдері сүтті-жүнді бағытта қолданады. Оның сүті қоғамдық азық-түлік санатына жатады.

Қазақстанда қазіргі таңда  20-дан астам қой түрі өсіріледі. Оның ішінде кавказдық, волгоградтық және алтайлық сынды ресейлік қой түрлері де бар. Бұл республикадағы табиғи және экономикалық жағдайдың қолайлығының арқасында мүқмкін болып отыр. Бұл қой түрлері өзара өнімділігі мен биологиялық қасиеттері бойынша ерекшеленеді. Бұл ерекшеліктерге есепке ала отырып, елдегі қой түрлері былай жіктеуге болады:

•        Жүнді-етті бағыттағы биязы жүнді қойларға солтүстік қазақ мериносы, бесқарағай және сұлукөл типіндегі қойлар, оңтүстік қазақ мериносы, мерке және күйік типіндегі қойлар жатады.

•        Етті-жүнді бағыттағы жартылай биязыжүнді қойларға қазақ жартылай биязы кроссбред жүнді қойлар, шығыс және оңтүстік аймқтық типтегі қойлар, қазақ етті-жүнді, Қалшеңгіл, Ақсеңгір және Шу аймағындағы қойлар, Ақжайық етті-жүнді, Дегерес етті-жүнді биязы жүнді, көпұрықты қазақы қойлар тобы жатады. Ал гемпшир қойы қысқа жүнді еттті-сүтті бағыттағы қойлар санатына кіреді.

•        Одан бөлек, елірті жүнді қойларға қаракөл мен атыраулық құйрықты елірті қойлар, ал етті-майлы қойларға еділбай, қазақы қылшықжүнді құйрықты қой мен Сарыарқа қойлары жатады.

Елімізде шаруашылық жіктелім бойынша қойларды биязыжүнді, жартылай биязы жүнді және қылшықжүнді деп бөледі.

Ескере кетерлік бір жайт, соңғы 20-25 жыл бойы еліміздегі  биязыжүнді қой түрлері австралиялық мериностармен будандастыру арқылы жетілдіріліп, оның жүні мен жүн шайырының сапасы арта түсті. Ғалымдардың айтуынша, биязыжүнді қой шаруашылығында австралиялық мериносты пайдалану әр қойдан алынатын таза әрі сапалы талшық көлемін 5-8%-ға,   меринос жүн көлемін 10-15%-ға арттыруға мүмкіндік берген. Жалпы сүтті-етті бағыттағы қошқарлардың тірі салмағы 100-120 келі, саулықтардың салмағы 55-60 келі тартады. Қошқарлардан 10-15 кг жүн алынса, саулықтар 5,5-6 кг жүн береді.

Солтүстік қазақы мериносы кавказдық, мазайлық, рамбулье, аскания, алтайлық және Грозный секілді қылшық жүнді қой түрлерімен будандастырылу арқылы шығарылған.

Кросбред тұқымындағы қазақы биязыжүнді қойлары Шығыс-Қазақстан облысы мен оңтүстік-шығыс (Алматы облысы) аймақтық типіне жатады. Бұл қой тұқымын шығаруға Ф.М.Мұхамедқалиев, М.К.Кройтер, М.М.Тойшыбеков, А.Н. Шотаев, Ю.Ф. Мартынов, Ж.С. Ахатов, К.М. Разознаев сынды ғалымдар атсалысқан. Олар, әсіресе, Қазақстанның таулы аймақтарында ұстауға жайлы келеді.

Ұнамды типтегі кроссбред қойлары тез салмақ жинайтын қой түріне жатады. Сондықтан шаруашылықта осы типтегі қойларды ұстау аса тиімді саналады. Емізу кезеңіндегі орташа тәуліктік салмақ қосу деңгейі 170-180 граммға тең. Осының арқасында 4-4,5 ай ішінде тоқтылардың тірі салмағы 26,5-27 кг-ға жетеді. Кейбірі тіпті 42-43, 46-48 кг-ға дейін салмақ қосады.

Елімізде мекен ететін Қалшеңгіл типіндегі қойлар қазақы қылшық жүнді қойлар мен биязыжүнді Шу қойларымен күрделі будандастыру арқылы шығарылған түрі. Өткен ғасырдың 70-жылдары етті-жүнді биязы жүнді бағыттағы қой түрін шығару үшін Линкольн, Ромни-марш және солтүстік кавказдық қой тұқымдары пайдалынған. Қалшеңгіл типіндегі қазақы етті-жүнді қойларының пайда болуына В.А.Бальмонт, К.М. Касымов, Н.Т. Батыршанов, Н. Бимурзаев, Д. Даутбеков, Т.Коктеубаев, А.С. Коржинбаев, С.А. Үмбетов сынды ғалымдар сеп болған.

 Ақсеңгір типіндегі қойлар таза тұқымды қазақы биязыжүнді саулықтар мен линкольн, ромни-марш және австралиялық корридель қошқарларын будандастыру арқылы шығарылған. Бұл қой түрінің авторлары ретінде В.А. Бальмонт, К.У. Медеубеков, Т.С. Қасымов, Е. Атамқұлов, Б.Исаевтардың ата аталады. 

Дереккөз:  С.Ш. МИРЗАБЕКОВ, А.И. ЕРОХИН, «Овцеводство» оқулығы

Орысшадан қазақшаға аударған: Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ

(Жалғасы бар)

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.