Қой фермасы: қойларға арналған жайлар қандай болуға тиіс?

Қой шаруашылығына арналған жай салар кезде шаруашылық жерінің көлемін, су және көлік магистральдарын,  құрылыстың бас жоспары мен ферманың үлкен-кішілігін де ескеру қажет. Шаруалар үшін қора салу – үлкен іс. Сол себепті бүгінгі мақаламызда біз қойларға арналған жай салуда қандай ерекшеліктерді есепке алған жөн деген сауал төңірегіне тоқталмақпыз.

Қой фермасын салар алдында оған қандай нақты талаптар қойылатын толық біліп алған дұрыс. Бұл заңдық тұрғыдан да, ғылыми тұрғыдан да маңызды екенін естен шығармаңыз.

Біріншіден, жер телімі елдімекеннен тысқары жерде орналасуы керек. Егер жақын орналасқан болса, онда ол желденетін болуы керек. Сонымен бірге, мал айдап өтетін орындардан, автомобиль жолдарынан, ауаның ластануына себеп болатын түрлі ірі нысандардан алшақ, жайылымдардың маңындағ суы бар жерде болуға тиіс.

Екіншіден, жер телімінің жер бедері тегіс әрі көлік емін-еркін кіріп-шыға алатын жер болуы тиіс.

Үшіншіден, топырағы құрғақ, топырақтағы судың тереңдігі 2,5-3 м орналасуы керек.

Төртіншіден, су сапасы МемСТ-ға сай, көлемі ферманың қажеттіліктерін өтеуге қауқарлы, өртке қарсы су қоры болғаны дұрыс. Сонымен бірге су ферманың ішінде немесе жақын маңды болуы керек.

Қойларды жайылымға айдап апаруға жарамды жолдың, суаттың бар-жоғына мән беріңіз. Себебі, мұндай жолдың болуы өте маңызды инфрақұрылымға жатады.

Қойлардың инфекциялық ауруларды жұқтыруын болдырмас үшін жер телімін автожолдар мен мал айдайтын орындардан алшақ жерге салады. Ал суық жел мен қарлы борандардан қауіп төнбес үшін ферманың манында ағаш көп болғаны құпталады. Таудың ығында орналасқан болса, тіптен тамаша.

Қой қора салу мәселесіне келер болсақ, фермадағы қой қоралар бірнешеу болуы мүмкін және оларды бір-біріне параллель етіп, 50 метрден кем емес қашықтықта салады. Қоралардың бойлығын солтүстік және оңтүстік аймақтарда солтүстікттен оңтүстікке қарай тастайды, ал оңтүстік аймақтарда шығыстан батысқа қаратып салады. Қоралардың пішіні төртбұрышты болады және оларды суық желге қарама-қарсы бағытта салады. Желді жағынан ауданы бір қойға 5 м2 –тен кем емес болатындай етіп ашық албар жасайды. Ал азық-жем сақтайтын қойма мен қой қоралардың арасының арақашықтығы 30 метрден жақын болмауы керек.

Кез келген фермада оқшаулағыш орын мен ветеринариялық-емдік нысандар болады. Бұл нысандар фермадан 300 метрден жақын емес қашықтықта, аулақта тұрғаны дұрыс. Ал оқшаулағыш барлық фермадағы мал санының 2-7 пайызы сыятындай болуы керек. Ал қой қоралардың ішін құрғақ, жарық, желденетін, берік, қолдануға ыңғайлы етіп жасайды.

Қой қоралардың өзіндік түрлері де жоқ емес. Мәселен, өңірлерге байланысты саман, ағаштан, кірпіштен және т.б. салады.

Қой қораны салатын материалды таңдаған кезде сол ауданның климаттық жағдайлары және құрылыс материалдарының қайсысы қолжетімді, соны саралап алу керек.Солтүстік өңірлерде орманы көп, қысы ұзаққа созылатын болғандықтан, жылы, ағаштан салынған қоралар тиімді. Төбесін әдетте қалыңдатып, топырақпен жабады.

Оңтүстік өңірлер жылы болғанымен, ондағы ауа райы құбылмалы болатынын да ескере кеткен жөн. Оңтүстіктегілер қораны саманнан, тастан қашап салады. Ал қысы қысқа әрі жылы аудандарда жабық қалқалар да жарамды. Қалқаның үш жағын суық желден қорғау үшін жауып қоюға болады. Ал албарға шығатын төртінші жағын ашық қалдырады.

Қой қораны салу кезінде жергілікті құрылыс материалдарын қолдану қате болмайды. Мәселен, оңтүстік өңірлерде топырақтан, қамыстан қора салу кеңінен таралған.

Сондай-ақ қораның төбесін де сабанмен, қамыспен, ағашпен, шатырмен және т.б. жауып жатады. Оның қандай да бір шарты жоқ. Тек жарық әрі жылы болғаны дұрыс. Төбесі жұқа болса, болмайды. Жоғарыда атап өткен табиғи құрылыс материалдары көп жағдайда өзінің беріктігімен, арзандығымен, гигиеналық тұрғыдан да қасиеті молдығымен ерекшеленеді. Солтүстікте қора төбесін ағаштан, сырықтармен, тақтайлармен жауып, үстіне қалыңдыңы 20 см болатын құрғақ жапырақтар мен сабан төсейді. Мұндай қоралар жылы әрі төбесі арқылы желденіп отыратын болады.

Ал төбені толықтай батпақпен жауып тастау ұсынылмайды. Себебі, олар терлеп, ылғал пайда болады. Жайдың жарықтануына келсек, қораның жалпы көлемі терезелердің көлемінен 15-20 есе үлкен болуы керек. Ал терезелері еденнен 1,5 м жоғары тұрғаны дұрыс. Жай ішіндегі салыстырмалы ығалдылық көлемі 75-80 пайыздан аспауы керек, ауа құрамындағы аммика 0,002 мг/л, күкіртсу қышқылы 0,001 мг/л. Ересек қойлар мен жас төлдердің қорасындағы температура 3-6 болғанын, ал төлдейтін қораларда 12-16 градус жылы болғанын қадағалаңыз. Қойлар ылғалды жақсы көрмейді, сол себепті жайдың ішіне үнемі құрғақ сабан не ағаш қиындыларын төсеп тұру керек. Қысқы төсеніш ретінде бір қойға 100-120 кг сабан сақтап қойған дұрыс.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын Адырбайқызы

Алматы облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.