Қой жүні: сапасы, қойдың түлеу кезеңдері және көктемгі қой қырқу

Қазақстанда бүгінгі күні қой жүнін өңдейтін 13 зауыт бар. Алайда іс жүзінде оның 7-еуі ғана нақты жұмыс істеп тұр. Бұған себеп – шикізат пен сұраныстың жоқтығы. Ал бұл ретте елдегі тоқыма өнеркәсібінің 90 пайызға дейінгі өнімі импортталады. Бұл дегеніңіз, осы саланы дамытудың маңызың айқындайды. Аталған мәселе биыл Парламент деңгейінде көтерілгенімен, бұл салада қордаланып қалған мәселелер баршылық. Осы тұста қой жүнінің маңызы, оны маусымдық  қырқу ерекшеліктері туралы мағлұмат ұсынамыз, деп хабарлайды kaz.nur.kz тілшісі.

Жүн – тоқыма өнеркәсібінің негізін құрайтын айрықша және теңдессіз шикізат. Жүн ұйысқақ, ылғалтартқыш, иілгіш және серпімді шикізат болғандықтан, оның шаруашылықтағы мәні де зор. Әлем бойынша жіңішке және жартылай жіңішке жүн өндірісі бойынша Аргентина мен Уругвай көш бастап тұр. Одан бөлек, Австралия, Жаңа Зеландия, Румынияда да осы өнеркәсіп жақсы жолға қойылған. Соңғы 20 жылда ТМД елдерінде жүн өндірісін бәсеңдетті. Жалпы бұл тек біздің елде ғана емес, әлемде де орын алып отырған жағдай. Жыл өткен сайын, сапалы, табиғи жүн өндірісінің қарқыны айтарлықтай азайған.  

Еліміздің табиғи-климаттық жағдайларын (көптеген өңірлердегі суық климат) ескере отырып, Ортаық ғылыми-зерттеу институтының деректері бойынша жан басына шаққандағы тоқыма өнімдерін пайдаланудың рационалды нормасы 4,2-4,3м2 болуға тиіс. Бұл деректер Қазақстанда қой шаруашылығымен айналысатын шаруалар алдында жүн өндірісін арттыру және оның сапасын көтеру міндеті тұрғанын аңғаруға болады.

Жүн – жануарлар  денесіндегі  түкті қабаты. Оларды иіру арқылы тоқыма жіптер, маталар, сонымен бірге киіз өнімдерін алуға болады. Өзге жануарлар ішінде ең көп жүн беретіні – қойлар. Қой жүнінен басқа, өндірісте ешкі, түйе, қоян және т.б. жүндерді кеңінен пайдаланады. Десе де, қой жүнінің үлесі 95%-ға тең. Соңғы жылдары жасанды ташықтар мен табиғи ташықтарды араластыра отырып, өнім жасау ісі белсенді түрде қолға алынған.

Бір қызығы, қойлардың жүні тәулігіне 0,35 мм-ге дейін өсіп отырады. Алайда қойлардың жасы ұлғайған сайын олардың жүнінің өсу қарқыны азайып, түрлі қой тұқымдары түрлі мөлшердегі жүн береді. Мәселен, ғалым М.Ф. Ивановтың айтуынша, 10 жыл бойы қырықтыққа апарымаған қойлардың жүні бірінші жылы 7 см-ге өссе, екінші жылы 4 см-ге, ал сегізінші және тоғызыншы жылдары тіптен бәсеңдеп, 1-1,5 см-ге ғана өскен. Биязы жүнді қойлардың жүні айына 0,5-0,7 см-ге дейін өссе, жартылай биязы, жартылай қылшықжүнді және қылшықжүнді қойлардың жүні анағұрлым тез өседі, айына – 1-3 см-ге дейін.

Жаз айларында қой жүні жылдам өссе, қыста өсу бәсеңдейді. Әсіресе, Куйбышев қойларының жүні қыста мүлдем өспейді деуге болады: қыркүйек, қазан айларына қарағанда 2,6 есе аз.

Айта кету керек, қой жүнінің өсуі малдардың жынысына байланысты емес. Десе де буаз қойлардың жүні жай өсіп, оның техникалық сипатына әсер етеді. Сондықтан, бұл істе осыған жіті ән беру керек. Алайда көптеген шаруалар қойдың дамуындағы мұндай кезеңдер оның жүнінің сапасына әсер етпеуі үшін бұл олқылықтың орнын тиімді азықтандыру арқылы толтырады. Кей қойлардың жүні жыл маусымына қарамастан бірқалыпты өссе, екіншілері керісінше табиғат климаттарына тығыз байланысты. Мәселен, кей қойлар көктемде түлеп, жүні жаңарады. Жүннің мамығы өзгеріске ұшырайды. Қойлардың түлеуінің өзі үшке бөлінеді. Олар:

  • Жас ерекшелігіне қарай түлеу;
  • Маусымдық түлеу;
  • Патологиялық түлеу.

Қозылар 4-6 айлығында түлейді. Биязы жүнді қозылар осы кезеңде түлеу арқылы терісіндегі эмбрион кезде қалыптасқан қатты талшықтардан арылады. Ал қылшықжүнді қозылар түлемейді.

Жабайы жануарларға маусымдық түлеу тән. Олар көктемде мамық жүндерінен арылады. Осы арқылы ыстық температураға бейімделеді. Ал патологиялық түлеу түрлі ауруларға шалдыққан қойларда кездеседі. Мәселен, қышыма және мастит болған кезде, әдетте қойлардың жүні түсіп қалады. Қойларды дұрыс азықтандырмау да олардың түлеуіне алып келеді.

Міне, осы ерекшеліктерді назарға ала отырып, малшы көктемгі қой қырқуды олар түлемей тұрып, жүзеге асырып алуы керек. Себебі, одан кейін біршама сапалы жүннің босқа кетуі мүмкін.

Тағы бір ескере кететін жайт, көктемге таман қойларда жүн көтеріледі. Бұл қой терісіндегі талшықтар айтарлықтай жіңішкеріп, кейбірі енді түсе бастаған кез. Малшылар қойды көбіне осы уақытта қырқады. Себебі, қырқу жұмысы жеңілдейді. Биязы жүнді қойлардың жүні көктемде тіптен мамықтанып, көтеріліп, жұмсара түседі. Бұл да қой қырқу жұмыстарын жеңілдетеді.

Еске салсақ, бұған дейін анағұрлым егіз төлдейтін қойлардың қой өнімділігіне әсері туралы жазған едік.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын Адырбайқызы

Алматы облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.