Жартылай биязы жүнді қойлардың артықшылығы қандай?

Фото ғаламтордан алынған

Елімізде етті-майлы, етті-жүнді қой шаруашылығын дамыту қаншалықты маңызды әрі тиімді екенін бұған дейінгі мақалаларымызда атап өткен едік. Бүгінгі мақаламыз жартылай биязы жүнді қой шаруашылығына арналмақ.

Жалпы, жайылымдардың түр-түрі бар әрі қой малының да ондаған түрі кең таралған Қазақстан аумағында қой шаруашылығын түрлі бағыт бойынша дамытуға болады. Оның ішінде жартылай биязы жүнді қойларды асырау – осы саладағы өзекті тақырыптардың бірі. Бұл тұрғыдан алғанда, қолда бар асыл тұқымды ресурстарды сараптап, оларды рационалды түрде пайдалану мәселесі алға шығады.

Жайылымдық жерлері көп, ауыл шаруашылығы дамыған елдердегі қой өсіру тәжірибесіне қарап, жартылай биязы жүнді қой шаруашылығын жолға қоюдың маңызы зор екенін көруге болады. Себебі, олар өте тез көбейеді және халық тарапынан жоғары сұранысқа ие қой етімен қамтамасыз ету үшін таптырмас қой түрі. Одан бөлек, олардан кроссбред деп аталатын аса құнды жартылай биязы қой жүнін алуға болады.

Қазақстанда жартылай биязы жүнді қой түрлері ежелден бері бар деп айта алмаймыз. Негізінен біздің елде қылшық жүнді қой түрлері мекен еткен. Ал жартылай биязы жүнді қойлардың тұқымын алу, өсіру өткен ғасырдың басында жүзеге асырыла бастаған. Ғалымдар қазақы қойлар мен ағылшын жартылай биязы қойларын пайдаланып, қылшық жүнді қойлардың сапасын жақсартуға ниет еткен. 20-ғасырдың 30 жылдарында ғылыми зерттеулер аясында алғаш рет оларды будандастыру жұмыстары қолға алына бастапты. Ал мақсатты түрде биязы жүнді қой шаруашылығын дамыту жұмыстары 1950 жылдардан кейін ғана іске асырылған. Ол жылдары биязы жүнді қой шаруашылығы еліміздің барлық дерлік өңірінде қолға алына бастаған. Әсіресе, жазда қойларды жайылымдарда бағып, қысқы уақытта қорада ұстайтын өңірлерде биязы жүнді қойларды көптеп асырай бастады. Кроссбредті қой шаруашылығын жолға қою үшін биязы жүнді саулықтарды етті-жүнді қошқарлардың бірнеше түрімен (линкольн, ромни-марш, бордер-лейстер, солтүстіккавказдық, тянь-шань, австралиялық корридель) будандастырған. Бұл ретте басты назар олардан алынатын төлдердің өңірдің климаттық ерекшеліктеріне сай келуі және нақты экологиялық-географиялық аймаққа өсіруге бейімделуіне аударылды.

Жартылай биязы жүнді тұқымды қойлардың өнімділік жөнінен өзіне тән ерекшеліктері бар. Көп жағдайда олар еті мен жүні жөнінен өнімді әрі сапалы келеді. Олардан алынатын жүн біртекті, меринос қойлардікіне қарағанда жуан болады. Жүн талшықтарының ұзындығы 6-20 см аралығында болады.

Жартылай биязы жүннің түрі көп. Олар жуандығына, иілгіштігіне, қаттылығына және т.б. сипаттарына қарай өзара бөлінеді. Цигай қойларынан алынған жүн спецификалық болып саналады. Олардың басқа қойлардан алынатын жүндерден ерекшелігі – берік, иілгіш. Жартылай биязы жүнді қойлардың ішінде кроссбред типті жүн түрі өте құнды саналады. Ал жартылай биязы жүнді саулықтар мен меринос қошқарларынан, сонымен бірге таза тұқымды еті-жүнді қазақы қойлардан (қазақ жартылай биязы жүнді, қазақ етті-жүнді, ақжайық, дегерес қойларынан) дәл осындай сапалы жүн беретін қой төлдері алынады.

Кроссбред жүні түрлі жіптер мен тоқыма өнімдерді жасау үшін қолданылады.

Жартылай биязы жүнді қойлардың тағы бір ерекшелігі – жоғары ет өнімділігі. Етті, тез көбейетін, жемдеуге кеткен азығына шаққандағы өнімділік – бұл аталған қой тұқымын өсірудің басты артықшылығы. Етті-жүнді қойлардан алынған жартылай биязы жүнді қойлардың төлдері басқа қой тұқымдарына қарағанда әлдеқайда тез өседі. Қарқынды өсіру жағдайында олардың осы ерекшеліктері есебінен төлдер 5-6 айлығында-ақ бордақылауға жарайтын салмақ жинайды.

1990 жылдардың басында Қазақстанның бірқатар өңірлерінде жартылай биязы жүнді қойларды өсіруге арналған ірі шаруа қожалықтары құрылған болатын. 1991 жылғы дерек бойынша елімізде 2,9 млн бас жартылай биязы жүнді қой болған. Алайда елде орын алған түрлі экономикалық реформалар салдарынан қой басы 4,6 есеге дейін азайып, он жыл ішінде (2001 жылы) 618,5 мың бас жартылай биязы жүнді қой ғана қалған. Еліміздегі жартылай биязы қой тұқымы өз ішінде жүні мен етінің сапалық, өнімділік ерекшеліктеріне қарай бірнеше түрге бөлінеді: жартылай биязы жүнді тұқымды қазақы кроссбред қойлары, етті-жүнді қазақы қойлар, ақжайық етті-жүнді қойлар, дегерес етті-жүнді қойлары.

Жартылай биязы жүнді тұқымды қазақы қойлар Қазақстанның таулы аймақтарында өсіруге бейімделген. Климаты қатал, жайылымдық және жартылай жайылымдық жағдайға мұндай қойлар төзімді болады. Солай бола тұрса да, олардан алынатын жүн өте көлемді және сапалы болып шығады. Мұндай қойлардың салмағы да көлемді болып келеді. Олардың төлдері 4 айында-ақ, жоғарыда сипаттағандай шамамен 29 кг ет береді. Ал ірі қошқарлары 93 кг-ға дейін тартады. Саулықтары, тиісінше, 58 кг болады. Кей кездері қошқарлардың салмағы 133-120 кг болған жағдайлар да кездескен. 100 бас қойдан 95-98 төл алуға болады. Бір жылдық қойлардың жүнінің ұзындығы 13,7 см, ал қошқарлардың жүні 14 см-ге дейін жетеді. Саулықтары өте жоғары өсімділікті қамтамасыз етеді.

Жартылай биязы жүнді қойларға қазақы етті-жүнді бағытындағы қойлар да жатады. Олардың ішінде қалшеңгіл, ақсеңгір және шу қойлары кеңінен таралған. Аты айтып тұрғандай, бұл қойлар тиісінше осы өңірлерде арнайы өсіріледі. Бұл үшеуінің де дене бітімі мен аяқтары мықты, үлкен жайылымдарда жайылуға бейімді. Таулы аймақтар ғана емес, олар шөлді және шөлейтті аймақтарда ғана еш қиындықсыз өмір сүре алады. Аталған қой тұқымының салмағы да өзгелерден көп айырмашылығы жоқ. Қошқарлардың тірі салмағы – 85-95 кг, саулықтардікі – 55-60 кг, тоқтылардікі – 50-53 кг. Кей қошқарлардың салмағы 101-118 келіге дейін, ал жүнінің ұзындығы 14-17,2 см-ге дейін жеткен. Жамбыл және Алматы облыстарының тау маңы және шөлейтті аймақтарында жақсы өседі. Жартылай биязы жүнді ақжайық қойлары еліміздің батыс өңірлерінде өсіріледі. Қошқарларының салмағы 85-94 кг, саулықтарының салмағы 50-55, тоқтыларының салмағы 45-50 кг дейін жетуі мүмкін. Дәл осындай салмақтағы дегерес қойлары Алматы облысы Қастек ауданында да өсіріледі. Бұл қойлар өте шапшаң, төзімді, ірі, сапалы ет өнімімен ерекшеленеді.

Жартылай биязы жүнді қой шаруашылығын жолға қою еліміздің көптеген өңірінде дамытуға қолайлы қой тұқымы. Олар тез ұрықтанады әрі тез салмақ жинайды. Ет бағытындағы шаруашылықтар мұндай қойлардан көп өнім алала алады. Сондықтан, мал шаруашылығын дөңгелетіп жүрген шаруалар етті бағыттағы қой өсіруге ден қойғанда осы жартылай биязы жүнді қой тұқымына назар аударуына әбден болады.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.