Етті-майлы қой шаруашылығының ерекшелігі неде?

Фото из открытых источников

Қазақстандық фермерлер үшін шаруашылықта бағуға қолайлы көптеген  қой түрлері бар екенін бұған дейінгі мақалаларымызда айтып өттік. Олардың өзіндік типі, түрлері және оларға сәйкес ерекшеліктері бар екенін жазған болатынбыз. Бүгін біз жекелеген қой типтеріне жататын қой түрлеріне тоқталып, олардың морфологиялық, физиологиялық ерекшеліктерін сипаттаймыз.

Қой түрлерінің әрқайсысына сай қасиеттерді анықтай білу әрбір шаруа үшін маңызды. Себебі, осы қасиеттерге жүгіне отырып жоспарланған шаруашылық ісі өрге басары анық. Етті-майлы қой шаруашылығы қай өңірде дамығанын және оған қандай қой түрлері жатады, сонымен бірге, бұл типке жататын қойлардың қандай ерекшеліктері бар деген сұрақтарға жауап іздейтін боламыз.

Етті-майлы қой шаруашылығы Қазақстанның Қарағанды, Павлодар облысының бірнеше ауданы, оңтүстіктің жартылай шөлейтті және шөлейтті аумақтарында, сондай-ақ, батыс өңірлерде кеңінен таралған. Бұл қой түрлерінің ең маңызды ерекшелігі – олардың ауа райының қолайсыздығына төзімділігі. Мұндай қойларды жыл он екі ай бойы өрісте жаюға болады. Олар 400-500 км-ге қашықтықтағы жайылымдарға оңай көше алады. Одан бөлек, ен даладағы жайылымдардан бастап биік тау сілемдеріндегі жайылымдарға да оңай бейімделіп кетуімен құнды.

Ғасырлар бойы қазақ даласында түрлі ауа райының қолайсыз жағдайында жайылымнан жайылымға көшуге әбден бейімделген етті –майлы қойлар мықты дене бітімімен, төзімділігімен, дене салмағының ауырлығымен, тез ұрықтануымен, сүттілігімен, жайылымда жем-шөп табу қасиетімен, суы аз, шүйгін шөбі аз жайылымдарға да бейімделгіштігімен ерекшеленеді. Әсіресе, оларды бағу шөлді, шөлейтті өңірлердің тұрғындары үшін аса қолайлы. Мұндай қойлардың азығы жақсы болған кездері олар денесінде май жинап, анағұрлым қиын кезеңдерде осы майлардың арқасында аман қалады. Олардың майлары құйрық тұсінда, жасты тәрізді болып жиналады. Оны құйрық май деп атайды. Етті-майлы қойлардың құйрық майының салмағы көп жағдайда 15-20 келіден асып түседі. Қар ерте жауған кезде немесе қатты күн ыстықтан шөп күйіп кеткен кезде немесе жаз айларында су болмай қалған уақытта олар осы майдың көмегіне жүгінеді.

Құйрық майлары теріасты немесі іш майлармен салыстырғанда құндырақ болып есептеледі. Ол халық арасында құнды азық ретінде пайдаланылады. Құйрықты қойлар қатарына гиссар, еділбай, жайдар, қазақы құйрықты қой, ақ және ақ-сұр жүнді Сарыарқа қойы, етті-майлы елірті қойлары мен сұр түсті қаракөлдер, қарақалпақ және сурхандария сынды қылшық жүнді қойлар жатады. Одан бөлек, тәжік, сараджы, алай, Қарғалы, Ақтөбе, Байыс, Дегерес сынды жартылай қылшық жүнді қойлар да құйрықты қойлар қатарын толықтырады. Енді осы аталған қой түрлерінің ең маңызды дегендеріне жеке-жеке тоқтала кетсек.

Еділбай қойлары – ірі, ақ-сұр түсті және сарғыш жүнді құйрықты қойлар. Олардың қошқарларының салмағы 100-110 келіге дейін, ал саулықтары 70-75 келіге дейін жетеді. Ал кейбір қошқарлар мен саулықтар 144 және 188 келіге дейін жеткен. Саулықтарының тез ұрықтануы мен аса сүттілігінің арқасында  Еділбай қозылары 4-4,5 айлық кезінде-ақ 38-42 кг жетеді. Қозылар төлден айырғанға дейін күнделікті тұрақты түрде 298-306 г салмақ қосып отырады.

Еділбай тұқымды етті-майлы ғана емес, сонымен бірге жүнділігімен де ерекшеленеді. Мұндай қойлардың жүні қылшықты, сапасы орташа болып келеді.  Қошқарлардан 3-3,2 келі, ал саулықтардан 2,3-2,6 келі жүн қырқылып алынады. Өсімталдығы – 110-120%-ға тең. Еділбай қошқарларын жергілікті өнімділігі төмен құйрықты қойларды ұрықтандыру үшін пайдаланады. Ал бұл будандастырудан шыққан қойлар белгілі бір жыл маусымында шөлді және шөлейтті жерлердегі қолайсыз климаттық жағдайларына төзімді болып шығады.

Еділбай саулықтарының басы үлкен, ұзын, жіңішке және дөңес мұрынды болады. Айта кету керек, елімізде 1934 жылдан бері Еділбай қойларымен мақсатты түрде селекциялық-тұқымдық  жұмыстар жүргізілуде.

Қылшық жүнді қазақы құйрықты қойлар етті-майлы қой шаруашылығы аумағында Еділбай қошқарларын будандастыру арқылы жүзеге асқан жаппай селекциялық жұмыстар нәтижесінде пайда болған қой тұқымы. Олар да мықты дене бітімімен, жақсы дамыған қаңқа сүйектерімен еркшеленеді. Басының көлемінің орташа, тік және мұрны сәл ғана дөңес болып келеді. Бұл тұқымға жататын қойлардың көбі тоқал мүйізді немесе мүйізінің орны ғана бар болады. Мойын ұзындығы орташа, кеудесі жалпақ, арқасы тік. Бұл қойлардың құйрығы да орташа болады (тіпті кей қойлардың құйрығының көлемі өте кішкентай болуы мүмкін). Сирақтары ұзын әрі мықты, тұяқтары да айқын әрі нық. Мұндай қойлар өздерінінің шыққан тегі секілді алыс қашықтықтағы жайылымдарға көшуге бейім келеді. Жүні түрлі-түсті, қылшықты, жүн тұлымдары ірі және орташа болады. Қылшығының жуандығы да орташа. Ғалымдар аталған қой тұқымының ұрықтануын жеделдету, етті-майлы, жүнді бағыттағы өнімділігін арттыру, меншікті салмағын арттыру және мықты дене бітімін сақтау мақсатында жұмыс істеуде. Әлбетте, бұл қойлар Еділбай тұқымдас қойларға қарағанда салмағы жөнінен әлдеқайда төмен өнім береді. Дегенмен, басқа қойлармен салыстырғанда жаман емес. Мәселен, қошқарларының салмағы – 90 кг, ал саулықтарының максималды салмағы 65 келіге дейін жетеді. Тоқтылардың салмағы 45-60 кг дейін өнім береді. Қошқарлардан алынатын қылшық жүн 2,8-3 кг жетеді. Қазақты құйрықты қойлардың өнімділігіне олардың қозыларының саулықтардан ажырату кезінде баға беріледі.

Тағы бір айрықша атап өтуге лайық, етті-майлы қой типіне жататын тұқым – Сарыарқа құйрықты қылшықжүнді қойлары. Еті аса сапалы, ашық сұр түсті жүні бар бұл қой тұқымы аты айтып отырғандай Сарыарқа өңірінде көптеп кездеседі. Бұл қой тұқымын шығару үшін көптеген қазақтың белді ғалымдары ат салысып, жылдар бойы еңбек еткен. Олардың қатарында М. Ақшалов, Б. Азимбаев, А.Асансейкітов, А.Ахатов, М.А.Ермеков, С.Байкенов, С.Есенгельдин, Е.Есентаев, К. Канапин, Н. Кенжетаев, К.Кузембаев, К.Мухамедгалиев, С.Салкебаев сынды ғалымдар бар. Сарыарқа қойларының арғы тегі Бесата тұқымдас құйрықты қойлар мен Сарысу типіне жататын құйрықты қойлар болып саналады. Бұл қйоалр өте ірі, дене бітімі тығыз әрі мықты, жүні бұрымды, түкті. Құйрық майының көлемі орташа, жинақы. Айта кету керек, Сарыарқа қойларының 90%-дан астамын шаруа қожалықтары асырайды. Олардың етті және жүнді бағыттағы өнімділік көрсеткіштері аса жоғары болып саналады. Қошқарларының салмағы 95 келі, алынатын жүн мөлшері 3,14 кг. Ал саулықтарынан шамамен 64 келі ет және 1,97 кг жүн алынады.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.