Қой таңдай аласыз ба: Шаруашылықта бағуға қолайлы қой типтері

Фото из открытых источников

Бұған дейінгі мақаламызда қой түрлері, оның ішінде қазақ жерінде ұстауға қолайлы қойлардың сипатына тоқталған болатынбыз. Бұл жолы тақырыпты төрт түліктің бірі — қойды физиологиялық ерекшеліктеріне қарай қалай ажыратуға болатыны жөнінде өрбітпекпіз.

Қой шаруашылығы – үлкен тәжірибені, кәсібилікті және білімді қажет етеді. Себебі, олардың түрі, ерекшеліктері, сырт келбетіне қарап, қойдың бірнеше сипатын аңғаруға болады. Қой бағуды ежелден кәсіп еткен халықтар да қойға сырт келбетіне қарай баға берудің тұтас жолын қалыптастырып кеткен. Ал отандық ғалымдардың зерттеулеріне сүйеніп, қойды қалай таңдау керек?

Қойдың дене бітімі малдың сырт келбетін, өнімділігін және қоршаған орта әсерлеріне ағзасының жауап беруіне негізделген анағұрлым маңызды морфофизиологиялық ерекшеліктердің жиынтығы. Бұл ерекшеліктер мал генотипі мен оларды ұстау, асырау жағдайларынң әсерінен қалыптасқан ағзаның жеке дамуы процесі кезінде туындаған.

Негізінде, қойларды дене бітіміне қарай сипаттау Ж.Кювье және Ч. Дарвин сынды ғалымдардың кезінде пайда болған. Аталған ғалымдар ағзаның түрлі әсерлерге байланысты өзгергіштік теориясын қалыптастырып кеткен. Бұл теорияға сай, малдың түрлі ағзасының жасушалары мен ұлпалары өзара морфофункционалды тұрғыдан байланысты болып келеді. Сондықтан да, қойлардың түрлеріне қарай олардың өнімділігі, төзгіштігі және басқа да физиологиялық сипаттары бір-бірінен біршама ерекшеленеді. П.Н. Кулешов есімді ғалым қойлардың ерекшеліктерін олардың еті мен ішкі майы, бұлшықеттері, сүйектері мен басы, шикі күйіндегі терісі және барлық ішкі органдары секілді көрсеткіштер арқылы ажыратуды ұсынады.

Бұл ретте жүнді бағыттағы қойлардың басқа қойлармен салыстырғанда терісі мен сүйегі ауыр келіп, бұлшықеттері мен тері шелі анағұрлым әлсіз болатынын ескерген дұрыс. Ал сүтті бағыттағы қойлардың асқорыту органдары, сәйкесінше, жақсы дамыған болып келеді. Айта кетерлік бір жайт, етті бағыттағы қойлардың, керісінше, асқорыту жүйесі әлсіз болады. Бұл айтылған деректерге сүйене отырып, П.Н. Кулешов қойлардың дене бітіміне қарап, оларды мынадай төрт типке бөлген: ірі, биязы, шымыр, болбыр.

М.Ф.Иванов болса, өнімділігі әртүрлі қойларды бағуда олардың дене бітімінің мықтылығына назар аударған жөн деп санайды. Ғалым бұл критерийді жеке дара қарастырып, ұстауға ең қолайлы қой түрлерін сипаттап жазған. Іс жүзінде, дәл осы П.Н.Кулешов пен М.Ф. Иванов ұсынып кеткен қойлардың конституционалды типтерін анықтап, мал бағуда фермерлерге дәл осы жіктелімді ұсынады.

Мықты дене бітім өнімділігі жоғары, өнімінің құны оларға кететін азықты толығымен өтейтін, түрлі қой ауруларына төтеп бере алатын малдарға тән болады деп саналады. Мұндай қойлардың сүйегі мықты, аяқ және бас сүйектерінің жуандығы орташа, денесіне қарағанда бас көлемі орташа, терісі нығыз  келеді. Бұдан бөлек, жүнінің қалыңдығы орташа және жоғары сапалы болады. Сонымен бірге, олардың өнімділігі де жоғары болады.

Дене бітімі  ірі санатына жататын қойлардың сүйектері, әсіресе бас сүйегі мен аяқ сүйектері өте жақсы дамыған. Олардың мұрны қатты дөңес болады. Ірі қойлардың аты айтып тұрғандай, дене бітімі ірі болады. Терісі қатты, ал жүні тіптен қатты, аяқтары мен қарын тұсында кей жағдайда жүн болмайды. Оларды бағу қолайсыз, себебі, өнімділігі, оның ішінде еті мен жүні жөнінен тиісті пайда табуға болмасы анық. Етінің сапасы төмен. Денсаулығы мен өмірге бейімділігі бойынша олар мықты қойлардан кем түспейді, тіпті кейде олардан мықты болуы мүмкін.

Дене бітімі биязы, нәзік келетін қойлардың басы мен кеудесі жіңішке, құйрықтары салбыраған және сүйектері де жіңішке болады. Олар мықты типке жататын қойлардан ұсақ әрі салмағы да жеңіл болады. Мұндай қойлардың өнімділігі де төмен, жүні қысқа әрі сирек, денсаулығы нашар келеді. Саулықтарының да өнімділігі төмен екені анықталған.

Дене бітімі шымыр қойлар мықты қойларға қатты ұқсайды. Бірақ, шымыр қойлардың майы аз, ағзасындағы зат алмасу процесі жақсы жүзеге асады, еті тірі, үнемі қозғалыста жүреді. Сүйектері де айтарлықтай мықты, терісі тығыз, бұлшықеттері жақсы дамыған, сәйкесінше денсаулығы да жақсы. Өнімділігі жөнінен қарастырсақ, мұндай қойларды асырауға әбден болады.

Болбыр типті қойлар негізгі сипаты бойынша шымыр қойларға мүлдем қарама-қарсы ерекшеліктерге ие. Олардың терісі мен теріасты шелі қатты дамыған, сол себепті көп май жинайды. Зат алмасу процесі жақсы дамымаған және бұл типке көбіне етті бағыттағы қойлар жатады. Болбыр типті қойларды асыраудың өз ерекшелігі бар және оларға азық таңдағанда аса мұқият болған жөн. Азығын таңдап, талғап жейтін қой түрі – осылар. Алайда, есте сақтайтын бір жайт, мұндай типтегі қойлар кейде өнімділігі жөнінен сапасыздау келеді және сүті аз болады. Бұл тұста, қай өнім бойынша өнімділік қажет екенін анықтап алған дұрыс. Мұндай қойларды дұрыс бағып-өсірсе, бордақылауға көнеді және етінің сапасы жоғары қой өсіріп шығаруға болады. Осы типтегі қойды асырып отырған шаруалар, олардың еркшеліктерін ескеріп, азықты да сәйкесінше, дұрыс таңдап беруі, яғни барынша жағдай жасауы тиіс. Сонымен бірге, оларды денсаулығына, төмен өнімділігіне  және дене бітіміне қарай сұрыптап, сапасыздарын отардан шығарып тастап отырған дұрыс, дейді мамандар.

Қойлардың жоғарыда баяндалған конституционалдық типтерінен бөлек, олардың ауыспалы түрлері де бар. Мәселен, бір бойында шымыр және ірі немесе биязы және шымыр, болмаса биязы және болбыр типтегі қасиеттері бар қойлар да бар. Дегенмен, табиғатта мықты әрі болбыр немесе мықты әрі биязы секілді қасиеттер бірге ұштасатын қойлар жоқтың қасы. Себебі, дәл осы аталған типтегі қойлардың бойында мықтылық пен әлсіздік қатар кездеспейді. Яғни, бұл морфобиологиялық сипаттар түрлі қой түрінде әр түрлі болады. Мәселен, биязы типтегі гиссар қойларының басқаларға қарағанда сүйектері жіңішке әрі әлсіз келеді. Алайда, гиссар қойлары үшін мұндай сүйектер әлсіз саналса, ірі қойлар типіне жататын Романов қойлары үшін олар ірі, тіпті өте үлкен болып есептеледі. Яғни, басқаша айтқанда, біз атап өткен сипаттамалар ауыспалы мағынаға ие және бұл ретте қатып қалған қағидаға емес, жекелеген қой түрлерінің сипатына, нақты көрсеткіштеріне назар аударған жөн.

Келесі мақаламызда өзге де қой түрлерінің қай типке жататынын айтатын боламыз.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.