Бұған дейінгі материалдарымызда елімізде асырауға тиімді бірқатар қой түрлерін қарастырған болатынбыз. Оның ішінде жүні мен терісі жөнінен бағалы саналатын жартылай биязы жүнді, қылшықжүнді типтерге жататын қой түрлеріне тоқталдық.
Еліміздегі заманауи нарықтық экономика жағдайында 2000 жылдардың басында қой басы тым азайып кетіп, қойлардың жүні емес, еті маңызды бола бастады. Бұл елдегі шикізат өндірісі бағытының өзгеруіне байланысты болды. Бұл ретте етті бағыттағы қойларды асыраудың маңызы артып, көптеген фермерлер мен ғалымдар Қазақстанға шетелден әкелуге болатын, анағұрлым көп ет өнімін беретін, асырауға қолайлы қойларды зерттей бастады. Солардың бірсыпарасын сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.
Тексель тұқымды қой түрі 19-ғасырдың ортасында Голландиядағы Тексель аралында бірнеше ағылшын қойларын будандастыру арқылы алынған (белдеулі саулықтар мен линкольн, бордер-лейстер, уэнлидейл және гемпшир қошқарларын). Аталған қой тұқымы етті, өнімді,сүтті, одан бөлек климаты қатаң өңірлерде асырауға қолайлы. Таза тексель тұқымды қойларының дене-бітімі мықты, етті келеді. Ересек қойлар мен қошқарлардың тірі салмағы 75-80 кг, таза күйінде бір қойдан шамамен 5,5-4,5 кг жүн алынады. Жақсы жайылған кезде 70 күндік қозылардың тәуліктің салмақ қосуы -300 г. Нәтижесінде, 120 күндік қозылардың салмағы 40 кг-ға жетеді. Ал 7-8 айлығында 50-69 кг дейін өседі. Тексель қозыларын бордақылау тиімді. Ал жақсы бордақыланған қозылардан таза 60 % ет алынады. Аталған қой түрі әлем бойынша өте бағалы саналады. Себебі, оларға тән бірқатар артықшылықтар бар. Мәселен, тез ұрықтанып, 2 жасқа дейін дейін тез көбею қасиетіне ие. Қозылары тез өсіп, тез семіріп, мол ет өнімін береді. Еті жұмсақ, дәмді келеді.
Полл дорсет тұқымды қойлар 1937-54 жылдары Аустралияда алынған. Бұл даетті бағыттағы аса танымал әрі сұранысқа ие қой түрі саналады. Қой саулықтары түрлі климаттық жағдайда асырауға қолайлы, одан бөлек өте етті келеді. Сонымен бірге, сүті мол, өнімділігі 120-150%. Төлдері өте тез өседі, кей бір жасар қойлардың салмағы 100 келіге дейін жетуі мүмкін. Тоқтылар жыныстық тұрғыдан тез жетіліп, 7-8 айында ұрықтануға қауқарлы. Жүні – жартылай биязы, бір қойдан шамамен 3,5-4,0 кг жүн алынады. Полл дорсет тұқымды қойлар әлемнің көптеген елдерінде етті бағытты қой шаруашылығы аясында өсіріледі.
Суффольк – Англия елінің етті бағыттағы ең үздік саналатын қой түрі. Ірі, тез көбейетін, дене-бітімі етті келеді. Басы мен аяғы қара түсті. Жүні ақ, кроссбред типті. Қошқарлардан 4-4,5 кг, саулықтардан 3-3,5 кг жүн алынады. Сәйкесінше, қошқарлардың тірі салмағы – 110-120 кг, саулықтардікі – 70-90 кг, 4 айлық төлдерінің салмағы – 38-45 кг жетеді. Саулықтардың өнімділігі 130-160%- ке жетеді. Ал суффольктің жартылай биязы және биязы жүнді қойлармен буданы жоғары өнімділігімен, төзімділігімен ерекшеленеді.
Клан-форест – Англияның қысқа жүнді қой тұқымы. Семіз, етті, дене-бітімі ірі келеді. Қошқарлардың тірі салмағы 90-100 келіге дейін жетеді, саулықтарының салмағы 70-75 кг жетеді. Терісі тығыз, жүні жартылай биязы. Жүнінің ұзындығы 7,5-10 см. Тұмсығы мен сирақтары қара түсті. Төрт айлық төлдерінің салмағы 20 кг жетеді. Саулықтарының өнімділігі 180-190%-ға жетеді.
Гемпшир – етті, қысқажүнді ағылшын қой тұқымы. Құлағы, тұмсығы, сирақтарының түсі – қою-қоңыр. Қошқарларының салмағы да клан-форест тұқымы секілді ірі келеді – 100-125 кг, саулықтарының өзі 70-75 келі ет береді. Ал төлдері тәулігіне 450 г салқмақ жинап, 4 айлығында 50 кг дейін жетуі мүмкін. Терісі тығыз, бір қойдан алынатын жүн салмағы 6-8 кг жетеді. Саулықтарының өнімділігі пайыздық көрсеткішпен есептегенде – 130-150%-ға жетеді. Гемпширлер төзімді, текті келеді. Гемпшир қойлары Қазақстанда етті қой түрін шығару кезінде кеңінен пайдаланған.
Оксфордширлер – ағылшын қысқажүнді қойлардың ішіндегі ең ірісі және ұзынжүндісі. Англияның Оксфорд графтығында алынған. Бұлардың қошқарларының тірі салмағы 100-120 кг, ал саулықтары 75-85 кг жетеді. Дене бітімі ірі әрі тез көбейетін жақсы қой тұқымының түрі. Саулықтарының өнімділігі 150%. 4 айлығында төлдерінің салмағы 20-25 кг дейін жетеді.
Шропширлер – Англияда алынған, өте ірі емес, басы қоңыр түсті, салмағы 65-120 кг жететін қой түрі. Терісі өте тығыз, жүні ақ. Англияда шропширлердің жүнін тоқыма өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Себебі бұл жүннен алынатын жіп өте жұмсақ әрі сапалы болады. Өзге саулықтарға қарағанда бұл қой тұқымының саулықтарының өнімділігі жоғары – 150-160%.
Алматы облысында шропширлерді қазақы құйрықты қойлармен будандастыру арқылы етті-жүнді дегерес қойлары алынған болатын.
Бордер-лейстер – етті бағытта да, жүнді бағытта да өнімділігі жоғары келетін қой түрі.
Бұл мал түрінің денесі кең, ұзын, кеудесі шығыңқы. Дөңес тұмсықты, құлағы қозғалмалы, тік. Қошқарларының салмағы 120-130 кг, саулықтарының салмағы 60-70 кг дейін жетеді. Төлдері де тез өсіп, тез салмақ жинайды. 4-5 айлығында олар 20-22 кг салмақ тартады. Өнімділігі өзге қой түрлерімен салыстырғанда тіптен жоғары 200-250%. Бұлардан алынған төлдер де тез өсіп, тез жетілуімен ерекшеленеді. Әсіресе бордер-лейстер меринос тұқымды қойларын будындастыру арқылы алынған төлдер өте сапалы саналады. Қазақстанда бордер-лейстерді қазақы жартылай биязы жүнді қойлардың оңтүстік-шығыстық типін алу кезінде қолданған. 2000 жылдары етті-жүнді қой шаруашылығындағы жас қой еті өнімін арттыру мақсатында әлемде дәл осы қойларды пайдаланып жүр. Бұл бағытта арнайы жұмыстар жасалып, колбред, импровер, морлем, иль-де Франс және шароле деп аталатын жаңа қой тұқымдары пайда болды.
Францияда алынған Шароле – етті бағыттағы жаңа қой түрінің бірі. Олар ауа райының кез келген жайсыздығына төзімді, етті, сүтті, өнімділігі жоғары Бұл қой түрінің жекелеген қасиеттеріне тоқталсақ. Шароле қойларының өнімділігі 180-190%, кей шаруа қожалықтарында олардың өнімділігі тіпті 234%-ға дейін жетеді. Жүні біртекті, тірі салмағы 140 кг –ға дейін жетеді. Яғни, ет өнімі тұрғысынан өте өнімді қой тұқымы. Жас ет өніміалу үшін төлдерді 110-120-ші күні бауыздайды. Еті майлы емес, балғын. Шароле қойларын жергілікті қойлармен будандастыру арқылы өте сапалы әрі етті қой түрлерін алуға болады. Қой тұқымы Германияда, Испания мен Ұлыбританияда кеңінен танылып үлгерген.
(Жалғасы бар – келесі материалымызды осы тақырыпта жалғастырмақпыз)
Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».
Қазақшаға аударған: Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ