Бүгін қазақ вальсінің королі — Шәмшінің туған күні

Фото: El.kz

Бүгін, 15 тамыз – вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Қазақ даласын керемет әндерімен тербеткен сазгердің туғанына биыл 93 жыл. Осыған орай сазгерді еске алу бойынша елімізде қандай іс-шаралар өтетінін мақаладан біле аласыздар.

Шәмші Қалдаяқовтың туған өңірі дарынды өнер иесінің туған күнін жыл сайын атап өтеді. Биыл да өзге өңірлерден гөрі Түркістан облысы мен Шымкент айтулы күнге ерекше дайындалған.

Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлының айтуынша, Шәмшінің есімін ұлықтау, насихаттау мақсатында биыл Шәмшінің туған ауылында үлкен концерт ұйымдастырылып отыр.

«Шәмші әндерін нәсихаттау мақсатында туған күніне орай Отырар ауданы Шәмші Қалдаяқов ауылындағы Шәмші аллеясында филармония әншілері, елге танымал өнер иелері, оның ішінде Алтынай Жорабаева, Қазыбек Құрайыш, Хадиша Шалабаева сынды жұлдыздарымыздың қатысуымен үлкен концерт өтеді.

Жыл сайын дәстүрлі түрде туған күнде ғана емес Шәмшінің облыстық іс-шаралары жоспарынан ешқашан  түспейді. Тұрақты түрде үлкен деңгейде өткізіледі. Былтыр Алматы қаласында, биыл Астана қаласында үлкен залдарда Шәмші әндерінен кештер өткіздік. Алдағы уақытта байқаулар, фестивальдер Шәмші әндерін насихаттау бағытындағы іс-шаралар тұрақты түрде өтіп тұратын болады», — дейді ол.

Шәмшінің ауылындағы концерт сағат 20:00-де өтеді.

Одан бөлек, Шымкент қаласындағы Шәмші аллеясында бүгін, 15 тамыз күні сағат 19.30-да да ірі гала-концерт өтпек. Шымкент қаласы мәдениет басқармасы бүгін Шәмшінің туған күнінде әншінің құрметіне ұйымдастырылған ән байқауының жеңімпазы анықталатынын жеткізді.

Одан бөлек, Жетісай ауданында «Сен сұлу» атты мерекелік концерт болып өтті.

Ал Сайрам ауданындағы «Манкент» шипажайында композитор, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай «Сағындым Шәмші әндерін!» атты ән кеші өтті. Шараны еліміздің әр өңірінен шипажайға келген 600-ден астам адам тамашалаған.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.