Астанада XIV Халықаралық «Азия Жаңғырығы» цирк өнері фестивалі басталды

Елорданың 25 жылдығы аясында Астана қаласының Мәдениет басқармасының қолдауымен астаналық циркте Орталық Азиядағы жыл сайынғы XIV Халықаралық «Азия Жаңғырығы» цирк өнері фестивалі 9-13 тамыз аралығында өтеді. «Азия Жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалі әлемдік цирк өнерінің үздік жетістіктерін сақтау, дамыту және насихаттау, көрермендердің цирктің өнер саласындағы маңызды объектілердің бірі ретіндегі түсініктерін кеңейту мақсатында өткізіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

14 жыл ішінде фестиваль Қазақстанның цирк өміріндегі күтілетін оқиғалардың біріне айналды. Ол алғаш рет 2007 жылы ұйымдастырылып, өзін ең беделді халықаралық фестивальдердің бірі ретінде көрсетті. Фестивальдің визит картасы – үздік цирк нөмірлері, оған әлемнің көптеген елдерінен келген жас, сондай-ақ атақты цирк әртістері қатысады.

Астаналық цирк манежінде АҚШ, Франция, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Венгрия, Қытай, Болгария, Израиль, Якутия, Германия, Тәжікстан және Қазақстан сияқты елдердің әртістері А және Б конкурстық бағдарламаларында өз өнерлерін көрсетеді. Цирк индустриясындағы кәсіби мәдениет қайраткерлері қатысушылардың өнерін бағалайтын болады.

Қазылар алқасының құрамында әлемге танымал цирк орталықтарының басшылары бар. Ал қазылар алқасы мүшелерінің төрағасы – «Астаналық цирк» МКҚК бас директоры,ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ерік Жолжақсынов.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.