Петроглифтердің «мұңы» кімге керек?

Петроглифтер – қазақ даласындағы өткен ғасырлардан сыр шертетін ең құнды жәдігерлердің бірі. Бірақ өкініштісі, бойына сан ғасырлық сыр бүккен бұл құндылықтан айырылып қалуымыз мүмкін. Бұл туралы «Петроглифтерді аулаушылар» еріктілер қоғамының үйлестірушісі, журналист Ольга Гумирова мәлім етті. 

Ольга Гумирова қазақ даласында ерте замандардан бүгінге дейін жеткен небір құнды ескерткіштердің сақталуына мемлекеттің назарын аударуға зор үлесін қосып келе жатыр. Айтуынша, елдегі жетекші археолог мамандармен бірлесе жүріп, көптеген жәдігерлердің табылуына, бастамалардың қолға алынуына мұрындық болып келе жатыр. 

«Жеке өзім петроглифтермен 1995 жылдан бастап, тарих ғылымдарының докторы, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының жетекші маманы  Алексей Николаевич Мариашевтың және археолог Александр Горячевтің командасымен алғаш рет Ақсу өзеніне экспедиция жасаған кезден бастап айналысып келемін. Ешкіөлместегі петроглифтер шоғырын зерттеу жұмыстарына қатысқанмын», – дейді ол.

Бүгінгі таңда «Петроглиф аулаушылар» командасының үйлестірушісі. Бұл саланы бес саусағындай білетін ол көптеген тарихи нысандардың паспортын жасауға да айтарлықтай зор үлес қосқан. 

«Петроглиф аулаушылары» командасының көп бөлігі еріктілер, тарихқа қызығатын адамдар. Біздің еріктілер түрлі барлау экспедицияларына қатысады, шыққан кезде таулардан петроглифтерді іздейміз, тапсақ, орналасқан орнын белгілмейміз, бронза дәуіріндегі қорымдарды қарап, оны Ә.Марғұлан атындағы археология институтына жолдаймыз. Қазір біз кәсіби экспедицияларға да шығамыз. Солармен бірге Арқарлы археокешенінің паспортын жасадық. Сол кезде біз шамамен 4000 петроглифті, 1000 қорғанды, 40 қонысты таптық», – дейді ол.

Ольга Гумированың айтуынша, Қазақстанда жартастағы өнерді сақтау – бүгінгі күннің өзекті мəселесі. 

«Петроглифтік мұра жағынан Қазақстанға тең келер ел жоқ. Петроглиф өнерінің гүлденген кезі қола жəне темір ғасырларына сəйкес келіп, тек XIX ғасырға дейін созылды. Көптеген нысандар əлі толық зерттелмеген, бірақ, Ерлан Жағыпаровты еске алуға арналған халықтық археологиялық экспедиция куəландырып жатқан Ордақұл шоғыры  əлемдегі петроглифтердің ең үлкені деуге болады», – дейді ол.

Журналистің сөзінше, шамамен 300 петроглиф шоғырланған аумақ бар деп есептеледі, бірақ шын мәнінде олардың саны бұдан да көп. Бір өкініштісі, осындай тарихи жәдігерлерді қорғауға арналған мемлекеттік қолдау өте аз болғандықтан, олар тиісті деңгейде өз бағасын ала алмай отыр деп қынжылады. Қола дәуірінде Қазақстан жерін мекен еткен ата-бабаларымыздың тіршілігінен сыр шертетін ескерткіштерге көңіл бөлінбей отыр. Сол себепті тіпті ел аумағында нақты қанша тас ескерткішінің барын дөп басып айтудың өзі қиын.

«Өкінішке қарай бұл құндылықтарды зерттеу үшін гранттар өте сирек бөлінеді. Сондықтан олардың санын нақты айту мүмкін емес. Олар бұрыннан белгілі шоғырларда, көбі Талдықорған төңірегінде орналасқан. Бірақ оның 10 мыңы ғана Таңбалы таста қорғауда, шағын бөлігі Алтын Емел және Ақбауыр ұлттық саябақтарында. Қыруар петроглифтердің ішінде қорғалатындар тек осылар», – дейді Гумирова. 

Әсіресе ірі елдімекендердің, ірі қалалар маңында шоғырланған петроглифтердің халі мүшкіл. Себебі олардың көбін халық білместіктен бүлдірген. Кейбірін кәсіпкерлер кәсіп етіп, ескерткіш болып саналатын тастардан қиыршық жасап, бизнеске айналдырған. 

«Петроглифтердің көбі шалғай аймақтарда орналасқандықтан жəне жолы нашар болғандықтан ғана бүгінгі күнге жетіп отыр. Бірақ бүгінгі күні Арқарлы мен Аққайнар петроглифтері секілді құнды жәдігерлер жойылуы мүмкін. Себебі петроглифтер салынған тастар орналасқан аумақ маңында ірі елдімекендер орналасқан», – дейді ол.

Айтуынша, Қаратау тауынан 20 км қашықтықта орналасқан Арпаөзен петроглифтері, Шолаққорған, Саусандық шоғырлары да, Тараз маңындағы Қарасай петроглифтері де өте ерекше бірегей жәдігер. Алайда олар қорғалмағандықтан, үкімет тарапынан түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмейтіндіктен жергілікті халық тастарды тасып әкетуде.

«Бұл енді бірегей жәдігер. Белсенділер ондағы тастарды шаруашылық қажеттіліктерге пайдалану үшін тасып жатқанын айтуда. Мәселен Отар әскери полигоны маңындағы Аққайнар петроглифтеріне  расымен де қауіп төніп тұр. Оларға әскерилер әбден жазу жазып, бүлдірген. Арқарлы петроглифтерін де  қиыршық жасау кәсіпорны ұсақтап бүлдірген. Бұл Қонаев қаласынан 70 шақырым жерде орналасқан. Тағы бір айта кетерлігі,  петроглифтер орналасқан маңның тура ортасынан қалааралық жол өтіп жатыр. Петроглифтер жолдың сол және оң жақ бөліктерінде орналасқан. 2021 жылы біз петроглифтердің бұзылуына жол бермей, жердің мемлекеттің игілігіне қайтарылуына қол жеткіздік. Алайда ата-баба мұрасын қорғау мәселесі шешілген жоқ. Біз сол жерде петроглифтерді алып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту үшін аймақ құруды ұсынып отырмыз», – дейді ол. 

Оның сөзінше, Талдықорғанға өте жақын орналасқан, қаладан 30 шақырым жердегі Ешкіөлместе 15 мың петроглиф бар және 20 шақырым жерде қасиетті жер бар. Бұл жерді қазір еріктілер, «петроглиф аулаушылар» тобы зерттеп жатыр. Ал бұл құнды жәдігердің табылуына жергілікті мал бағушы Жанат Тұралбай мен талдықорғандық белсенді турист Рафаэль Хизматуллин мұрындық болып, ұйымға хабарласқан. Өкініштісі, үлкен қалаға жақын болған соң, бұл петроглифтер де құруы мүмкін.

«Олар осы күнге дейін жап-жақсы сақталған. Археологиялық ескерткіштер тізіміне енгізілген жәдігерлердің жартысын мемлекет қорғайды дейді, бірақ шын мәнінде ешкім оларды қорғамайды. Қыста жел мен қар, жазда аптап ыстық секілді ауа райының жағдайлары да олардың тозуына алып келеді. Сондықтан біз елдімекендер маңында орналасқан, мысалы Ордакөлдегі 25 мың петроглифтерті сақтап қалуымыз қажет. Олар үшін арнайы археопарктер салып, заповедниктер сынды бір қорғау аймағын жасақтау қажет». 

Түркі халықтарының тұрмысы, танымы, тіршілігі туралы баға жетпес ақпарат сақталған жартас жазуларын зерттеу жұмыстарына қыруар қаражат керек. Көп жағдайда еріктілер бұл салаға қызығатын жандардың жылуымен, демеушілердің көмегімен әрекет етеді. Десе де мемлекет тарапынан үлкен қолдау қажет екені анық. Ең үлкен мәселе  – таяу жылдары Қазақстан жартас өнерінің 25 пайызын мүлдем жоғалтып алуы мүмкін. Осыны айтып шырылдап жүрген еріктілердің айтуынша, егер жедел түрде бұл саланы қорғауды қолға алмаса, кеш қалуымыз бек мүмкін.

Айтолқын Адырбай,

qogam-media.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.