Өңір үшін таңсық: Түркістанда алғаш рет «Мұз сарайы» салынды

Түркістан облысы. 29 тамыз. /Айтолқын Адырбайқызы/ QOGAM-MEDIA.KZ – Түркістанда алғаш рет «Мұз сарайы» салынды. Бүгін өңірде спорт нысанының ашылу салтанаты болып өтті, деп хабарлайды qogam-media.kz тілшісі.

Түркістан облысының тұрғындары енді қысқы спортпен айналыса алады. Мұнда бүгін алғаш рет «Мұз сарайы» ашылды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды да қысқы спортпен кәсіби айналысуға мүмкіндік жасалғанын атап өтті. Әкімнің сөзінше, бұдан былай балалар мен жасөспірімдер мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, шорт-трекпен айналысуға қол жеткізсе, қала тұрғындары мен қонақтары аптаның сенбі, жексенбі күндері жаппай сырғанауға бара алады.

«Өңірімізде спорт түрлерімен айналысу үшін инфрақұрылым деңгейі жақсы дамып келеді. Алдағы уақытта ұлттық ат спорты үшін атшабардың, спорттағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты мен колледжінің ғимараты, спортшыларға арналған дәрігерлік диспансердің құрылысы жүргізіледі. Түркістандықтар осы қысқы спорт түрлерін жақсы меңгеріп, алдағы өтетін республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деген үміттемін. Жаңа спорт кешені баршамызға құтты болсын. Осы спорт кешенінен мықты спортшылар шығып, қасиетті Түркістанды барша әлемге таныта берсін», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Шараға сондай-ақ ҚР мәнерлеп сырғанау спорты федерациясының президенті Елена Те, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, 2014 жылы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тен қатысты.

Сондай-ақ ашылу салтанаты кезінде Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген мәнерлеп сырғанау спорты шеберлерінің көрсетілімі көпшілік назарына ұсынылды.

Шайбалы хоккейден Қызылорда қаласының «Қайсар» және Шымкент қаласының «Тұран» жасөспірімдер командаларының арасындағы жолдастық кездесуі өтті.

Айта кету керек, аталған сарай 1 гектар аумақта орналасқан. Мұз сарайында қысқы спортты дамытуға жағдай жасалған. Екі қабатты спорт нысанында шорт-трек, мәнерлеп сырғанау және хоккей секілді спорт түрлерін дамыту көзделген. Керекті құрал-жабдықтар арнайы Италия, Канада, Финляндия елдерінен тапсырыспен алынған.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.