Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында заңсыз мал қорымы табылды

Алматы облысындағы «Ассы-Түрген» обсерваториясының маңында мал өлекселерінің үйіндісі табылды. Осыған байланысты арнайы комисия құрылды. Аталған жайтқа қатысты Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті пікір білдірді, деп жазады agroqogam.kz тілшісі.

Алматы облыстық аумақтық инспекциясының мәліметі бойынша, бүгінгі таңда обсерваторияның су қабылдағышының жанында мал өлекселерінің табылуына қатысты мән-жайды анықтау үшін комиссия құрылған.  Алдағы уақытта эпизоотологиялық тексеру нәтижелері бойынша қосымша ақпарат берілмек.


«Аумақтық бөлімшенің деректері бойынша «Ассы» жазғы жайылымында Алматы облысының Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарының ауыл шаруашылығы жануарлары, орта есеппен 40 мың бас ірі қара мал, 130 мың бас ұсақ мал, 15 мың бас жылқы бар.


«Ассы» жазғы жайылымының (жайлауының) аумағында ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес келетін 1 (бір) сібір жарасы көміндісі және 1 (бір) үлгілік мал қорымы бар», —  делінген комитет таратқан хабарламада.


Соынмен бірге, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыстың жоғарыда көрсетілген аудандарының аумағында сібір жарасына қарсы 423 400 бас ірі қара мал, 505 750 бас ұсақ мал, 71 000 бас жылқы, 9 500 шошқа және 360 бас түйеге егу жүргізілді.

Ведомствоның дерегінше, ветеринариялық-профилактикалық және диагностикалық іс-шаралар 2022 жылға арналған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларының 17 түрі бойынша жүргізіледі.


«Ассы» жазғы жайылымындағы (жайлау) эпизоотиялық жағдай тұрақты және өңірдің ветеринариялық қызметінің тұрақты бақылауында», — деп мәлімдеді құзырлы орган.

Айтолқын Адырбай,

Алматы облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.