Мұрагер Нұрланбеков: «Театрды тастап жылқы бағуды қолға алдым. Өкінбеймін»

33 жастағы Мұрагер Нұрланбеков Алматы облысы Жамбыл ауданының тұрғыны. Бұған дейін театрда қызмет етіп келген. Алайда екі жыл бұрын ол жұмысынан шығып, жылқы малын асырауды қолға алғанын айтады. Бие сауып, елге саумал ұсынатын азамат agroqogam.kz  тілшісіне бұл жануардың өзгелерден айырмашылығын және жылқы малы туралы аз-кем ақпаратты бөлісті.

Мұрагердің айтуынша, ол мал шаруашылығымен бала кезден таныс. Сондықтан жылқымен айналысу оған аса таңсық болмаған. Соңғы жылдары ол өзінің мамандығын тастап, толығымен жанына жақын кәсіпке қарай бет бұрыпты. Айтуынша, ата кәсіп – бабадан дарыған.

«Ауылда өскен баламыз ғой, сондықтан мал шаруашылығымен айналысқан ұнайды.  Үйде қой мен ешкі, сиыр да бақтым, негізгі жұмысым театрда болғандықтан, малмен толықтай айналысуға уақыт жетпей қалатын. Ал жылқымен айналысқанымызға екі жылдан асты, осы шаруашылықпен айналысу мақсатында  жұмыстан да шықтым. Өкінбеймін», – дейді ол.

Азғантай уақыт ішінде ол жылқы малының бекзаттығын, ерекше күтімді қажет ететін жануар екенін түсіндім дейді. Жылқы малы бір ауырса, жазылуы қиын болмақ. Одан бөлек, кірпияз, деп білгенін бөлісті Мұрагер:

«Жылқы өзге малдармен салыстырғанда өте нәзік болады, яғни сырқаттанып қалса емделуі қиын. Сондықтан үнемі құнарлы шөп берумен қатар жемнің түрлерін, тұз бен қант беріп тұрамыз. Қорасын үнемі тазалап отыру да өте маңызды».

Қазіргі таңда Мұрагер мен оның отбасы бұл салаға енді-енді дағдылануда. Шамамен он бас құлынды биені сауып, соның өнімін кәсіп етіп, кішігірім бизнесін дөңгелетуде. Ал бие сауу ерекше дайындықты қажет ететін, өзіндік қыры мен сыры бар іс, дейді Мұрагер. Бұл тұрғыда ер-азамат ретінде машақатты істі өзі атқарады екен. Мәселен, асау биелерді сауғанда қолданатын тәсіл де жоқ емес.  Оның үстіне, биені саууға айтарлықтай уақыт қажет.

 «Жалпы биені әйел де, еркек те сауа береді ғой, келіншегім мемлекеттік мекемеде жұмыс істегендіктен биенің шаруасын өзім атқарамын. Асау биелердің аяғын тұсап сауамын. Жалпы биені тізеге киетін арнайы   тігілген киісті киіп, тізерлеп отырып, әр екі сағат сайын сауамын», – дейді ол.

Мұрагердің айтуынша, жылқы өнімі бүгінде халық арасында сұранысқа ие. Әсіресе, көптеген ауруларға ем болуға қауқарлы қымыз бен саумалға кезекке тұратындардың қарасы көп.

«Саумал мен қымыздың пайдасы көл-көсір екендігін ата-бабамыз бұрында-ақ дәлелдеп берді ғой. Биенің сүтінің құрамы ананың сүтімен тең екен, сондықтан анасынан сүт шықпай, баласын жарытпаған кезде осы биенің сүтін берген жөн. Жалпы «қымыз – қырық ауруға ем» деп босқа айтпаған деп ойлаймын. Түрлі аурулардың емделуіне септігін тигізіп, адам ағзасын нәрлендіреді, күш-қуат береді», – дейді ол.

Жас кәсіпкер қымыз жасаудың тәсілдерін меңгеру үшін біраз білім жинақтап, білгенін толықтырудан жалықпағынын айтады. Дәмі тіл үйіретін қымызды әзірлеудің өзіндік технологиясын ұстану – басты талап.

«Күбіні майлап, 10–15 минут ыстап, қорды күбіге құямыз. Міндетті түрде пісеміз, толық ашып, саумал қымызға айналу үшін кем  дегенде бір тәулік күтеміз.  Дайын болған қорды күбіде әбден пісу арқылы жуас қымыз жасаймыз, арасында асау қымызды да дайындаймыз.

Су қосылған қымызды айыру оңай, стаканға құйып біраз уақыт қозғамай қойып қою керек. Су қосылған қымыз болса сүт астында тұнбаға айналып, суы бетіне шығып  екіге бөлініп тұрады. Таза қымыз ішті өткізбейді,  таңдайдан жұмсақ өтеді, дәмі де ерекше болып тұрады», – дейді ол.

Қымызға деген сұраныс пандемиядан кейін күрт өскен. Сол себепті бұл қазірде табысы жаман емес бизнес қатарында.

«Әлемді жаулаған пандемиядан соң саумал ішетіндер саны бірден артты, сондықтан саумал сату қазіргі таңда жақсы бизнестердің бірі деп санаймын. Өз есік алдында бие ұстап, келушілерді сонар кезекке тұрғызып, саумал ішкізетіндердің қатарында өзім де бармын.

Адамдар алдын-ала саумал ішуге кезекке жазылады, таңғы сағат алтыдан түскі он екіге дейін, кешкі алтыдан түнгі онға дейін екі сағат сайын саумал ішетіндер келеді. Әр келген жан 500 мл саумал ішеді. Денсаулыққа пайдасы бар бизнеспен айналысқаныма өз басым өте қуаныштымын. Елдің алғысына бөленген сайын шабыттана түсемін», – деп өз әсерін бөлісті.

Жылқыны ұстау үшін қажырлы еңбек пен төзім болу қажет. Себебі жылқы ерекше бап пен күтімді қажет етеді.

«Бие сауып, саумал мен қымыз сатуды бастаймын дейтін жандарға алдымен жылқыны жақсы көру қажет, одан кейін мықты төзім керек. Түнмен таласып, күнмен жарысып еңбек етуге дайын болу керек, бір сөзбен айтқанда жалқауларға бұл бизнес жарамайды. Биені сауып қана қоймай, жылқыға мінем дегендерге, мысалы тойға баласын отырғызып шығарғысы келгендерге де айғырды жалға беріп, акша табуға болады», –  дейді ол.

Жылқы бағу үшін кемінде бірнеше малдан бастау керек. Себебі, бірді-екілі жылқымен ісің оңға баса қоймайтынын алға тартты кейіпкеріміз.

«Әлбетте, малды кәсіп ету – біз үшін өте маңызды. Десе де екі-үш жылқымен кәсіп бастап кетемін деген дұрыс емес. Ең кемінде құлынды бие қажет. Құлынды биенің нарықтағы бағасын білесіздер. Оның тұратын қорасы, жем-шөбімен есептесек, ең кемі бастапқыда 5 млн теңге болуы қажет.

ауылды жерде екі биемен де бизнес бастауга болады, бірақ табатын ақшасы аз болады ғой. Жем-шөбін ақтамай қалады, сондықтан ең азы 5 бие байлаған дұрыс. Негізі саумал мен қымыз сату  маусымдық кәсіп, мәселен қыста ол биелер жеткілікті мөлшерде сүт бермейді, сондықтан сол мезгілде биелерді бордақылап, ет қылып сатып, бизнесті ет бизнесіне ауыстыру керек», -деп ойын қорытындылады бастаушы кәсіпкер.

Айтолқын Адырбайқызы,

Алматы облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.