Жаңа туған қозыларға қандай күтім жасалады: шаруаларға арналған қарапайым кеңестер

Егіз немесе үш төлді саулықтардың сүті барлығына бірдей жете бермейді. Сол себепті оларға түсетін салмақты азайту үшін шабандар бірқатар тәсіл арқылы азайтады. Отардағы бір төлді, бірақ екі қозыны емізуге қауқарлы мықты саулықтарды таңдап алу арқылы қажет сүттің орнын алмастыруға болады. Осы және басқа да тәсілдер туралы біздің материалымыздан оқи аласыздар.

Егіз төлді саулықтарға да, олардың төлдеріне де бастапқы күндері өте көп ауырлық түседі. Сол үшін біртөлді, бірақ сүтті саулықтардан шырыш алып, оларды төлдерге жағады. Одан сон бұл қозыны саулыққа жалатады. Осылайша саулық төлді өзінікі деп қабылдап, ары қарай емізе береді. Қозыларды бөтен саулықтарға үйретудің өзге тәсілдері бар. Одан бөлек, жетім қозылар мен сүті аз төлдерді бөтелкелер арқылы азықтандырады.

Бұған дейінгі материалымызда мұндай қозыларға сүт алмастырғыш беру туралы айта кеткен едік (https://qogam-media.kz/%d2%9bozylardy-zhasandy-%d2%9boj-s%d2%aftin-almastyr%d2%93yshty%d2%a3-k%d3%a9megimen-%d2%9balaj-%d3%a9siru-kerek/ ). Мұндай сүттің құрамына құрғақ майсыздандырылған сүт, сиыр, өсімдік немесе аспаздық май (25-30 пайыздық), фосфадты концентрат, сондай-ақ А,Д,Е дәрумендері, антибиотиктер мен микроэлементтер кіреді. Мұндай сүтті бермес бұрын құрғақ сүтті жылы сумен араластырады (40-50 температурадағы). 1 келі сүт алмастырғышқа 4-5 литр су құяды. Оны жақсылап араластырады. Сосын салқындатып, сүт беретін құрылғыға құяды. Бұл үшін тіпті арнайы құрылғылар да бар. Сүт алмастырғышпен азықтанатын қозылар қалаған уақытында тамақтана алатындай жағдай жасау керек. Осы арқылы қозылардың азықтану деңгейін жақсартуға мүмкіндік туады. Сүт алмастырғышты 45-60 күнге дейін беру керек.

Қозыларға жасалатын процедуралар мұнымен тоқтамайды. Төлдер 5-7 күнге толғанда олардың құйрығын кесу қажет болады. Ол қой жүні былғанбас үшін құйрықтағы 3 және 4-ші омыртқа аралығынан кесіледі. Бұл жұмысты ветсанитар немесе ветфельдшер атқарады. Кей кезде өте тәжірибелі шабандар да жұмысты жақсы атқара алады. 2-3 аптасында тұқымды асылдандыруға жарамайтын төлдерді піштіреді. Жалпы бұл мәселе әр шаруашылықта әрқалац шешіледі. Арнайы заңы жоқ. Қозыларды 6-7 айлығында етке өткізетін шаруашылықтар оларды піштіріп әуре болмаса болады. Ал басқа жағдайлардың барлығында әдетте оларға кастрация жасалады. Піштірілмеген қозылар тез салмақ қосады, алайда олардың етінің сапасы піштірілгендерге қарағанда өте нашар болады. Сол себепті шаруашылықтар көп жағдайда қозыларды ерте жастан бастап кастрациялағанды жөн көреді.

Кастрацияны да арнайы мал дәрігерлері орындайды. Кей кезде көп жылғы тәжірибесі бар шабандар бұл істі өз мойнына алады. Кастрация ыстық түскенге дейін жүзеге асуы тиіс, олай болмаған күні жара құрттап кетуі әбден мүмкін.

Қозыларды енесінен айыру да өте жауапты іс. Төлдерді саулықтардың айыру уақытын дұрыс анықтау үшін олардың ас қорыту жүйесін жақсы білу керек.

Алғашқы күндері төлдердің асқорыту жүйесінің өзіндік ерекшеліктері болады. Мәселен, 20 күнге толмаған қозылардың асқазаны көп көлемдегі көмірсулар мен өсімдіктерді қорыта алмайды. Бұл олардың ас қорыту жүйесінде ферменттердің жетіспеушілігінің белгісі. Ал одан кейінгі кезеңде қозылардың ас қорыту жүйесі тез арада бір қалыпқа түсе бастайды. Тістері қалыптасып, олар шайнауды үйренеді. 1,5-2 айлығына қарай қозылар түрлі пайдалы өсімдіктерді өздігінен деп, асқазаны ақуыздар мен көмірсуларды қорытуға қауқарлы бола түседі. 2 айлық қозылар әлі де саулықты емеді, десе де қажеттілігінің 75-80 пайызын өсімдік азықтары арқылы жаба алады. Осылайша, қозыларды шамамен 2 айлығында саулықтан айыруға әбден болады. Десе де, кей кездері қозыларды ертерек саулықтан айыру тура келетін кездер болады. Бірақ біздің елде көп жағдайда саулықтарды саумайтын болғандықтан, қозылар 4-5 айлығына дейін енелерінің жанында жүреді. Бұл саулықтардың келесі күйлеу уақытына дайындалып алуға мүмкіндік береді.

Саулықтардан қозыларды айыру процесі былай жүреді. Отарды екіге бөліп, біріне тоқтыларды, екіншісіне қошқарларды жібереді. Араға 10-20 күн салып, олар бір-бірінен әбден алшақтаған кезде отарларды қайта қосуға болады. Енесінен айырған қозылардың салмағын жүнінің өлшемін өлшеп алған жөн. Саулықтарды қозылардан айырған соң 5-7 күн бойы өнімділігі төмен, құрғақ шөптер өсетін жайылыға жаю керек. Бұл оардың тез суалуына сеп болды. Күніне бір мәрте су беру жеткілікті. Ал бұл уақытта қозыларды шөбі шүйгін жайылымдарға жіберген абзал. Одан бөлек, мұндай қозыларға концентратты азық берген жөн. Күніне 2-3 мәрте су береді.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын Адырбайқызы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.