Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласындағы ең өзекті мәселенің бірі – эрозияға ұшыраған жерлер. Соңғы дерек бойынша жерге салғырт қарағанның салдарынан жеке меншік иелігіндегі 90 млн гектар жер топырақ эрозиясына ұшырапты. Бұл ретте Agroqogam.kz тілшісі осы мәселені шешу үшін табиғи жолды таңдау керек деп санайтын, осы мақсатта тер төгіп жүрген «QazVerm» кооперативінің жетекшісі Пернебек Оразұлының пікірін назарға ұсынады.
Биылғы қаңтар айында өткен үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев эрозияға ұшыраған жерлерге қатысты жағымсыз деректерді жария еткен-ді. Ведомство басшысы 90 млн гектар жердің зақымданғанын, оның ішінде 30 млн гектарға жуық жер мүлдем жарамсыз болып қалғанын өкінішпен жеткізді. Әлбетте бұл «әттеген-ай» дегізетін-ақ сандар. Сол себепті бүгінгі таңда министрлік пен барша жер жанашырының алдында күрделі іс тұр — ол жер құнарлылығын қалпына келтіру.
Бүгінгі спикеріміз Пернебек Оразұлы да бұл мақсатқа жету оңай емес екенін айтады. Десе де күш біріктіріп, елдегі жердің құнарын арттыратын, топырақ қабатын қалпына келтіретін табиғи органикалық тыңайтқыштарды пайдалануды ұсынып отыр. Бұл үшін калифорниялық шылаушындарды пайдаланудың пайдасы мол, дейді ол. Айтуынша, шылаушындардың дәл осы түрі мал көңін, арпа, бидай қалдықтарын, құстың қиын өңдеп, биогумус деп аталатын, құрамы көптеген пайдалы минералды заттраға бай, табиғи тыңайтқышты «жасап» шығаратын қауқарға ие.
«Бұл бүкіл дүниежүзінің алдында тұрған проблема. Десе де АҚШ, Еуропа, Голландия және т.б. дамыған елдерде органикалық өнім өндіру үшін осы калифорниялық шылаушындардың қолданып келе жатқанына да көп болды. Шетелде бұл табиғи тыңайтқыш түрі өткен ғасырдан бері қолданысқа ие. Ғалымдар олардың қаншалықты пацдалы екенін, топырақты нәрлендіруде, құнарландыруда үлкен рөл атқарататынын дәлелдеп қойған. Жалпы биогумустың дүниежүзінде бірде бір аналогы жоқ десе болады. Табиғи тыңайтқыш. Қазіргі уақыт дәл осы тыңайтқышты қолданатын уақыт. Гумус қабатының нашарлауы, топырақтың эрозияға ұшырауы, химииялық-минералды тыңайтқыштарды өзінің дозасынан артық қолданудың салдарынан жерлердің тозуы, жерлерге табиғи түрде ешқандай күтім көрсетілмеуі кең ауқымды мәселе. Осының салдарынан бүгінде елімізде де пайдалануға жарамсыз жерлердің көлемі артуда. Бұл өте зиян. Диқандарға да қаржылық тұрғыдан өз залалын тигізіп жатыр. Көптеген өнімдерді бүгінде шетелге экспорттау үшін шекарадан өткізбей жатыр. Себебі өнімдер құрамындағы нитраттар өте жоғары. Бұған дейін химиялық-минералды тыңайтқыштарды көп қолдану салдары осы. Диқандарға да артық салмақ тудырып жатыр», — дейді вермифермер.
Пернебек Оразұлы калифорниялық шылаушындар арқылы табиғи тыңайтқыш өндіру ісін елімізде алғаш қолға алған азаматтардың бірі. Ол шылаушындардың ерекшелігін толығымен зерттеп, өз қаржысына сатып алып, осылайша халық арасында танымал болуына септігін тигізді. Бастапқыда желіде шылаушындар бизнесі туралы толық түсіндірумен айналысқан ол бес жыл ішінде органикалық тыңайтқыш өндіру Қазақстанда өте өзекті екенін түсінген. Бір жағынан ауыл халқының тұрмысын көтеруге, екінші жағынан ауылшаруашылығын өркендетуге атсалысуды мақсат еттім, дейді спикеріміз. Бұл мақсатын жүзеге асыру үшін Пернебек Оразұлы бүгінде бүтіндей бір кооператив құрып, ел ғалымдарымен біріге отырып, органикалық тыңайтқышты жаппай ауыл шаруашылығы саласына енгізу жолында жұмыс істеуде.
«Шылаушындар арқылы тыңайтқыш өндіру бизнесі өте рентабельді. Мен мұны іс жүзінде көріп отырмын. Біріншіден, біздегі шылаушындар топырақта бір-екі жыл ғана өмір сүрсе, бұл шылаушындар 15-20 жылға дейін өмір сүреді. Жылына бес жүзге дейін, өте жылдам көбейеді. Кез келген ауыл тұрғыны өзінің есігінің алдындағы жерінде көбейте алады. Малдан шыққан көңге жіберіп, тыңайтқыш өндіруіне болады. Бағасы тиімді. Мәселен, бір қорабын біз он бес мыңнан сатамыз. Оны бір квадрат жерге салса, он есе көбейеді. Бір қораптан он қорап алуға мүмкіндік бар. Яғни, оны сатып, кәсіп етсе болады. Бірақ бұл тұста тағы бір мәселе бар. Өнімді шығарған кейін сату керек. Сол үшін біз бұған мемлекеттік дәрежеде қолдау алуға ұмтылып жатырмыз. Бұрын «жабайы» түрде жұмыс істедік, енді осыны мемлекеттік деңгейде стандартизациясын жасап, акрредитациядан өткіздік, сөйтіп заңды түрде вермитехнология деген саланы қалыптастырдық. Осы тұста көптеген қиындықтарға тап болдық. Ол қандай қиындықтар?
Мысалы алар болсақ, елімізде химиялық тыңайтқыштарға субсидия беріледі, ал органикалық, табиғи таза өнімдерге берілмейді деген сауал шықты алдымыздан. Сөйтсек біздің кей заңдарымызда мынадай нәрсе бар екен. «Органикалық тыңайтқыштардан тыс» деген сөз бар екен заңда. Бұл дегеніміз осы органикалық тыңайтқыштарға ғана субсидия берілмейді, қалған химиялықтарға беріледі деген сөз. Мұны шешу үшін, осы бағытта жұмыс істеп, ауылшаруашылық министрлігімен бірге осы бапты алып тастадық. Екіншіден, аграрлық университеттің, Оспанов атындағы топырақтану институтының ғалымдарымен және ауылшаруашылық министрлігі өкілдерімен бірлесіп, пилоттық жобаны қолға алдық. Қазақстанда алпыс мың гектарға жуық жылыжай бар. Солармен де келісімшарттарға отырдық. Пилоттық жобаға сай, бізден кез келген шаруа құны кемі жетпіс бес мың теңге тұратын тыңайтқыш алып, практикада қолданып, сол арқылы қорытынды шығару қажет болады. Егер бұл жоба сәтті жүзеге асса, онда алдағы жылдары бұл салаға субсидия берілетін болды. Ал бұл диқандарға да, вермифермерлерге те едәуір үлкен мүмкіндік», — дейді ол.
Пернебек Оразұлының сөзінше, әлемдегі дамыған елдердің көбі биогумус (ред. – халықаралық тілде компост деп аталады) арқылы органикалық өнімдер өсіріп, өз халқының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. Ал біз керісінше, олардың өз жерінде қолданудан бас тартқан химиялық тыңайтқыштарын сатып алып, олардың бизнесін өркендетуге себепші болып отыр. Одан келер зиян барлық жағынан өте зор, деп санайды маман.
«Мен жоғары атап өткен елдер минералды-химиялық тыңайтқыштарды бізге экспорт жасайды. Өз халқына керекті дүниені ұсынады. Биогумустың ішінде микро, макроэлементтер, азоты, калий, фолий қышқыл және т.б. минералдар бар. Олар өсімдіктерге қажетті пайдалы заттар. Топырақтың да гумус қабатын қажетті заттармен тыңайтады. Жалпы өсімдктің иммунитеті мықты болса, ол кез келген ауруға қарсы тұра алады, төзімді бола алады. Адам баласына өте пайдалы. Табиғи түрде ғана алынады. Ешқандай химия қосылмайды. Диқандар қазір бұл тыңайтқыштардың нәтижесін көріп таң қалып жатыр. Диқанға да, өнімге де, жерге пайдалы. Қазір аурулардың өзі жасарып жатыр, себебі біз химиялық тыңайтқыш қосылған өсімдіктерді жеп жатырмыз», — дейді кәсіпкер.
Сөзіне дәлел ретінде ол диқандармен бірге жүзеге асырған пилоттық жобаның нәтижесін келтірді. Сөзінше, бірі нитрат арқылы екінші биогумус арқылы тыңайтылған екі өнімнің айырмашылығы жермен көктей. Қарбыз, қауын, жүгері секілді көкөністердің дәмі арқылы қайсысы органикалық, қайсысы зиянды нитратты екені білініп тұрады дейді.
«Нитраты жоқ өнімнің дәмі керемет, үйдегі балаларға дейін жейді. Бұл ұрпақтың да саулығына әсер етеді. Елімізде мемлекеттен 478 түрлі минералдарға ақша бөлінеді. Миллиардтаған ақша. Бұл ақшаға біз жерімізді, халқымызды сол зиянды қоспалармен улап жатырмыз. Осындай химиялық-минералды тыңайтқыштарды алмастыруға осы біздің өнім қауқарлы. Қазір осы өнімді өндіруді қолға ала отырып, егіншілікке ғана қатысты емес, сонымен бірге ауылды қолдау, инновация, жастарды жұмыспен қамту деген секілді мәселелерді шешуге болады. Ауылдағы малдың көңі, қойдың, жылқының, тауықтың көңі, бидай, арпа секілді дәнді дақылдардың қалдықтарын араластырып, органикалық өнім жасап шығаруға болады. Бұл саланы қолдайтын болсақ, жерді құнарландырдырады, диқандарға мүмкіндік жасаймыз. Оны халқымызға да, экспортқа да сатар едік. Жақында БАӘ-не президент барған кезде олар бізден не сұрады? Органикалық өнімдер сұрады. Ал мұндай өнімдерді шығару үшін осындай тыңайтқыштар керек.
Үшіншіден, бұл мал шаруашылығына да пайдалы. Малдан шығатын көң секілді қалдықтарды өңдеу арқылы, олар біршама шығынын жабатын еді. Малды көбейтуге үлкен мүмкіндік болады. Көңді алып, соған құрттарды соған салса болғаны.
Еліміздің ғалымдары бұл тыңайтқышты мойындап отыр. Сондықтан, биогумус болашағымыз деп айтуға болады», — деп пікірін бөлісті ол.
Кәсіпкер калифорниялық шылаушындар арқылы тыңайтқыш өндіретін вермифермерлерге мемлекет кең көлемде субсидия беруі үшін барын салуда. Себебі, пайдасы мол органикалық тыңайтқышты таныту үшін де алдымен диқандардың сенімінен шығу қажет деп есептейді. Ссонда ғана бұл өнімді елдегі шаруалардың көбі практика жүзінде қолданып, елдегі эрозияға ұшырап, жарамсыз болуға таяп қалған жерді қалпына келтіруге болады, деп есептейді ол.
Сұхбаттасқан Айтолқын Адырбай,
Agroqogam.kz