Кербұлақ ауданы Бостан ауданының 124 тұрғыны барлығы 2000 гектар жеріміз бір адамның қолында кетті, деп мәлімдеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша, 16 жыл бұрын ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарлама бойынша жерін жеке қожалыққа өткізіп, сан соғып қалған, деп хабарлайды Аgroqogam.kz тілшісі.
Аталған мәселені облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа ауыл тұрғыны Қайрат Ошақбаев жеткізді. Сөзінше, ауыл халқының жері өзге біреудің қолына өтіп кетіп, күресіп жүргеніне де біршама жыл болған. Алайда Жоғарғы соттың шешімі жеке кәсіпкердің мүддесіне шешіліп, халық жерсіз қалды, дейді тұрғын.
«124 адамның — алды 35 гектардан, соңы 7,1 гектарға дейін, барлығы 2000 гектар жері ЖШС иелігіне өткен. Ол кезде олар Назарбаевтың «Дамыған 50 мемлекетке кіру» жоспарына сай үлкен бағдарламамен келген. Сонымен барлығымыз өткіздік. Бірақ біз бір жылдан кейін жердің бәрі екі адамның жеке қожалығы екен, кейін түсініп қалдық. 16 жыл болды осының соңында жүрміз, бүтін ауылдың жерінің 50 пайызын бір адамның қалтасына салып отырмыз. Онда ауылдан қазір 7 адам ғана ұжымда жұмыс істейді. Облыс әкімі ретінде өтініп сұрайтынымыз, шешімін тауып берсеңіз», — дейді ол.
Ауыл тұрғыны осы мәселе бойынша халықты жинап, бар шындықты ел болып айтуға дайын екенін жеткізді.
«Халықпен жүздесіңіз, ақ қарасын айтып береміз. Бір үйді заңдастыру үшін екі көрші де куә болады, мен 120 адамды жинап беремін», — деді сөзіне сенімді тұрғын.
Мұны естіген Исабаев аудандық прокуратураға мәселені шешуді тапсырды.
«Айдар Мұқанғалиұлы, мына Қайрекеңнің айтып отырған рас болса, Жоғарғы соттың шешімі бар екен деп көз жұму адамгершілікке жатпайды. Соттың шешіміне күмән келтіруге құқығым жоқ. Бірақ 120 адам соттың шешіміне наразы болатын болса, барыңыз қабылдаңыз, керек болатын болса кездесіңіз. Сізге тапсырайын, қандай жолы бар қарап анықтаңыз. Халық зардап шекпеуі керек. Не мүмкіндігі бар қарастырайық, ең соңғы мүмкіндіктің бәрін қарайық, көрейік», — деді ол.
Айтолқын Адырбай
Agroqogam.kz