Жетісуда көз жанары аспан түстес ерекше қазақы ақ боз аттар өсірілуде

Жетісу облысының тұрғыны Александр Софин ұзақ жылдық селекциялық жұмыстардың арқасында қазақ жылқысының ерекше түрін шығарды. Ақ боз аттардың бір ерекшелігі – олардың көзі аспан түстес. Фермердің өзі бұл селекциялық туындысына «Жетісу асылы» деген атау қойыпты. Толығырақ Agroqogam.kz материалынан біле аласыздар.

Александр Софин «Софин» шаруа қожалығының басшысы. Жылқы бағуға ол өмірінің 20 жылын сарп еткен. Ал көзі көк, түсі ақ боз жылқыларды шығару үшін кәсіпкер 4 жыл бойы будандастыру жұмыстарын жүргізген. Зоотехник мамандығын игерген маман бұл іске асқан махаббатпен кіріскенін айтады. Көзінің түсі аспан түстес жылқылардың бүгінде үшінші буыны өсіп жатыр екен. 5 жылдың ішінде еңбекқор шаруа мұндай ерекше жылқылар санын 50-ден 200-ге жеткізіпті. Десе де, жылқы типін патенттеу бойынша атбегі бірқатар қиындықтардың барын жасырмайды. Фермердің айтуынша, бұл біршама қаражатты қажет етеді. Әзірге патенттей алмай отырғанымен, Софин көңілін түсіріп отырған соң. Себебі оның еңбегінің жемісі – көзі аспан түстес жылқылар мен құлындарға тамсанып, сатып алып жатқандардың легі толастамай отыр. Александр болса, төзімді, қажырлы, қауіпсіз жылқыларының осы түрін таза қалпында сақтап қалғысы келеді.

«Маған араб, ағылшын, түркімен жылқыларымен шағылыстыру туралы ұсыныстар болды, бірақ мен бас тарттым. Себебі бұл мен үшін бизнес емес, ең алдымен өмірлік қызығушылығым мен ұстанымым. Біздің қазақы тұқым – таза, сондықтан оны сол бірегей күйінде сақтағым келеді. Бұл жылқылар өте төзімді, қажырлы, қарапайым, қолға оңай үйретіледі, мәдени-бұқаралық іс-шараларға тез бейімделеді, тіпті балалар да қорықпай мінеді. Оған қоса кіршіксіз аппақ жылқылар әсем де әдемі көрінеді, – дейді әуесқой селекционер.

Фермер қожалығында бүгінде 500 жылқы бар. Бұл ретте Александр өзін толғандыратын мәселе – жайылым екенін жасырмады. Айтуынша, малды өзіне тиесілі 430 гектар жерінде бағады. Десе де күн ысып, шөп күйіп кететін маусымда жайлауға шығаратын жер жоқ, дейді ол. Ал қыста 500 жылқыны бағу үшін қыруар ақшаға жем-шөп сатып алуға тура келеді.

«Өткен қысқы маусымда тек 10 млн теңгеге шөп, тағы 100 тонна арпа сатып алдым. Өзім соя да өсіремін. Бірақ қалай болғанда да жазғы жайлауға жетпейді», – деді ол.

Өз саласындағы проблемаларға қарамастан, шаруа өз ісін жалғастыруға ниетті. Көгілдір көзді жылқыларды ол аймақ туризмін дамытуда пайдаланғысы келіп отырғанын жасырмады.

«Жаңа түр өсіруді жалғастырамын, мұндай жылқылар бүкіл Жетісу аймағының символы болады. Қала күніне арналған мерекелік шеруге 20 ақ боз аттарды қатыстырсақ деген идеямыз бар. Оған дейін 20 жас қыз баланы жылқыға үйрету керек», – дейді ол.

20 қыз баланың біреуі дайын. Ол Александрдің 12 жастағы Маргарита есімді қызы. Алты жасынан ат құлағында ойнауға әуестенген қыз 6 жыл ішінде нағыз атбегі әрі шабандозға айналған.

«Атқа ер-тоқымсыз, тізгінсіз отыра аламын. Атқа мінген кезде өзімді ерекше еркін, ұшқан құстай сезінемін. Жылқы малын ерекше сүйемін. Ал шаруашылықтағы барлық жылқыны жақсы көрем. Құла түсті Спиритті сабырлылығы үшін, Қою сұр түсті Зипперді мейірімді болғаны үшін жанымдай жақсы көремін», – деп бөлісті жасөспірім.

Ал болашақта Маргарита әке ісін жалғастыратынына сенімді.

Айтолқын Адырбай

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.