Фермерлердің қатысуынсыз талқыланып жатқан жаңа ережелер қабылдана ма?

Фото pixabay.com

Мал шаруашылығын субсидиялау бойынша өзгерістер төңірегінде дау мәжіліске жетті. Бүгін депутат Әлішев Қазыбек премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге депутаттық сауал жолдап, жаңа өзгерістердің қабылдануына жол бермеу туралы ұсыныс тастады, деп хабарлайды Аgroqogam.kz.

Бұған дейін еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған фермерлік шаруа қожалықтарының өкілдері ауыл шаруашылығы министрлігі әзірлеген мал шаруашылығын дамытуды және инвестициялық салымдарды субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізетін бұйрық жобасына қарсы шыққан. Шаруалардың айтуынша, аталған өзгерістер елдегі ет шаруашылығын тұралатып, 20 мыңнан астам шаруашылыққа кесірін тигізбек.

Жаңа ережелер жалғыз шаруаларды ғана емес, сонымен бірге депутаттарды алаңдатып отыр екен. Өзгерістердің салдарын Әлішев төтесінен айтты.


«Өзгерістер етті мал және қой шаруашылығын субсидиялаудың сегіз бағытын, соны ішінде шалғайдағы жайылымдарда шопандар үшін вагондар сатып алуға және құдықтар мен ұңғымаларға арналған су қазу шараларын субсидиялауды алып тастайды. Жаңа ережелер шалғайдағы жайылымдарда құдықтар салу кезінде субсидиялау нормативін екі есе қысқартады. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін аналог табынды көбейту үшін асыл тұқымды бұқалар мен қошқарларды жалға алу және басқа да қолдау түрлеріне кедергі келтіреді. Аталған өзгерістер біздің қоғамда қарапайым шаруалардан бастап сарапшылардың көптеген наразылығын тудыруда. Сарапшылардың бағалауы бойынша 21 мыңнан астам фермерлік қожалықтар бір мезгілде мал шаруашылығын дамытуға тиісті субсидиялардан айырылады. Бұл өз кезегінде саланың дамуын шектейді», — дейді ол.

Депутаттың келтірген мәліметі бойынша, 32,5 млрд теңге бюджеттік субсидиялар етті мал мен қой шаруашылығы саласынан алынып, ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспары бойынша басқа салаға бағытталмақ.

Айтуынша, бұл орайда мемлекет басшысының 50 млн гектар шалғайдағы шалғынды жайылым жерлерді айналымға енгізуде қамтамасыз ету жөніндегі алға қойған міндеттерін салалық министрлік қалай орындайтыны түсініксіз болып қалуда. Одан бөлек ол тұқымды түрлендіруге қатысатын ірі қара мал мен аналық бастың үлесін 40 пайызға жеткізу мен экспорт көлемін 2,5 есеге өсіру қалай жүзеге асырылатынын түсінбей отырғанын жеткізді. Өкініштісі, мұндай аса маңызды өзгерістер жаңа ережелерге тікелей қатысы бар қоғамдастық – фермерлердің қатысуынсыз өтеді, деп қынжылды халық қалаулысы.

«Өкінішке қарай ережеге енгізілген бұл өзгерістер салалық қауымдастықтар, фермерлік шаруалардың қатысуынсыз, кең талқылауынсыз жабық жағдайда қабылданады. Етті мал шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан сала. Ауыл шаруашылығымен айналысушылардың жартысы ет шаруашылығымен жұмыс істейді. Соңғы 11 жылда салада 25 мыңнан аса шаруа қожалығы құрылып, ірі қара мал басының өсімі 3,3 миллионды құрады. Қазір сиыр мен қой етіне деген қажеттілік отандық өндіріс есебінен толық қамтамасыз етілген және экспорттық сұранысқа ие», — деді депутат.


Бұл ретте тиісті мемлекеттік органдарда жоғарыда көрсетілген қағидалардың келісілуін тоқтатып, бұйрық жобасын қайта пысықтауды сұрады.

Айтолқын Адырбай,
Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.