15 мың асыл тұқымды бұқа қажетсіз боп қалады

Астанада фермерлер мал шаруашылығын субсидиялау бойынша өзгерістерге қарсы шықты, деп хабарлайды Аgroqoqam.kz тілшісі.

Астанада Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған фермерлер агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың жаңа ережелеріне қатысты наразылығын білдірді. Шаруалардың айтуынша, аталған өзгерістер елдегі ет шаруашылығын тұралатып, 20 мыңнан астам шаруашылыққа кесірін тигізбек.

Фермерлер қатысқан баспасөз мәслихатында шаруалардың келісімінсіз іске асырылып жатқан жаңа өзгерістердің салдары қандай болатыны сөз болды. Жанайқайын жеткізген отандық аграрийлер етті мал шаруашылығын қаржыландыруды 32,5 млрд теңгеге қысқарту еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне де орасан зор кесірін тигізетінін ашып айтты. Әсіресе, жайылымдық жерлерде құдық қазу, вагондарға ақша төлеу, асыл тұқымды бұқаларды жалға алуға берілетін субсидияларды алып тастау бұл саладағы жағдайды ушықтыра түседі дейді спикерлер.

Герефорд тұқымының республикалық палатасының директоры Ерлан Өмірзақов жаңа өзгерістер етті мал шаруашылығындағы 21,6 мың шаруашылыққа әсер ететінін жеткізді. Айтуынша, салада субсидия алушылардың көбісі – шағын фермерлер. Сонымен бірге, ҚР АШМ-нің етті мал шаруашылығын субсидиялаудың тек 3 тармағы алып тасталады деген мәлімдемесі іс жүзінде саланы субсидиялаудың 8 түріне қатысты екенін айтты ол.

Оның бұл сөзін Қазақтың ақбас тұқымы республикалық Палатасының директоры Бақтияр Өтелбаев та қостап отыр. Әсіресе аналық мал үшін  асыл тұқымды бұқаларды жалға алу үшін субсидиялауды алып тастаудың артынан мұнан да зор проблемалар қылтияды, деп пікір бөлісті ол.

«Шаруашылықтардың 34 пайызы (21,6 мыңнан) бірден барлық субсидиялардан айырылады, фермер мен бордақылау алаңы арасындағы якорлық кооперация жүйесі жойылады. 15 мыңнан астам асыл тұқымды бұқалар қажетсіз болып қалады.

Егер шопандарға вагон үйшіктерді субсидиялау тоқтатылса, бұл шаруалардың шалғайдағы жайылымдық жерлерді игеруіне кедергі болады. 50 миллион гектар шалғайдағы жайылымдық жерлерді айналымға енгізу жоспары орындалмайды. Жаңа бордақылау орындарын салуға да субсидия беру тоқтатылады. Бұрын субсидиялар жасанды суқоймалар жасауға да бөлінетін. Малдар сусыз тағы жүре алмайды. Бұл мәселе де жабулы күйінде қалайын деп отыр. Құдық қазуға да норма бойынша 50 пайызға дейін субсидиялау қарастырылатын. Қазір оны 25 пайызға дейін қысқартпақ. Онда Маңғыстау, Қызылорда облысындағы құрғақшылықтар әлі де қайталанады. Онда қайтадан сумен өрт сөндіруші болып жүреміз. Одан бөлек, тағы бір өте өзекті мәселе – жасанды ұрықтандыруға қатысты. Бұл енді бүтін бір саланың проблемасы. Оның жағдайы не болатынын мүлдем білмеймін. Ауылшаруашылық министрлігі өз уәжін айтып отыр. Олар мал шаруашылығының осы бағытынан 32 млрд теңге өндіріп, бірақ түптеп келгенде біз бұл ақшаны көріп отырған жоқпыз. Бір қалтадан екінші қалтаға салудың қажеті жоқ. Бір жыртықты жамап жатса, екіншісі шығады. Нақты шара жоқ», – деді Бақтияр Өтелбаев.

БҚО-нан келген, «Алаша» шаруа қожалығының басшысы Әлішер Мағзом да асыл тұқымды бұаларды жалға алуға берілетін субсидия алынып тасталса, онда жалға алуға арнайы дайындалған асыл тұқымды бұқалар союға жіберіледі дейді. Ол шалғайдағы ауыл шаруалары жыл сайын субсидия бойынша қандай да бір өзгерістер болып қала ма деп тақымын қысып отыратынын ашық айтты.

«Құрақшылықты күтіп отырмай, алдын ала дайындалғанымыз жөн. Біз көктемде жем-шөпке дайындаламыз, бірақ жылда біз субсидия заңына өзгерістер енгізіліп кете ме, ала алмай қаламыз ба деген уайыммен жүреміз манағындай түсініксіз субсидия заңының кесірінен. Көршілес батыста, Ақтөбе облысында бұл проблема өткір болып тұр. Бұл облыстарда жем-шөпке субсидия беріледі. Сіздерге білінбейтін болар, бірақ біз үшін ол өте керек нәрсе, ауылашаруашылығының дамуына үлкен серпіліс беретін дүние. Көмегі тиіп жатыр. Біздің сұрайтынымыз, сіздердің арқаларыңызда президент көріп, субсидиялау заңын, ауыл шаруашылық министрлігінің істеп отырған түсініксіз, құйтырқы заңдарын, бәрімізге ортақ болатын шешімін қабылдайды деп ойлаймын», – дейді Мағзом Әлішер.

Спикерлер салаға қатысты жаң заң қабылданған кезде палаталармен, қоғамдастықтармен бірге талқыланбайтынына, олардың еш келісімінсіз, дерективті түрде қарастырылатынына наразы болды. Ал соңғы 7 жылда ет бағасының да нарық бағасына сай өспеуі бұл сала өкілдеріне проблема үстіне проблема жалғап берген. Бұл тұста елімізде етті мал шаруашылығы саласын қолдау көрші мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда кемшін. Алысқа бармай-ақ, Өзбекстан, Ресей, Беларусь фермерлері отандық шаруалардан анағұрлым көп қолдау алады, дейді тағы бір спикер Ерлан Умирзаков.

«Қазіргі фермерлердің ең өзекті мәселесі – өз өнімдерін әділ бағамен өткізу. Етті мал шаруашылығының кіріс деректерінің барлығы қымбаттап жатыр, еттің өзіндік құны да шарықтап тұр. Сатар кезде етті өте арзанға өткіземіз. Бұл біздің жағдайдан өмір сүру деңгейі төмен елдерден де арзан. Өзбекстанда мәселен, еттің көтерме бағасы – 3200-3300 теңге, тиісінше Қазақстанда 2 мың теңге. Күзде жаппай мал сою кезінде Астанада тіпті бұл баға 1500 теңгеге дейін түсіп кетеді. Сондықтан министрлік жаңа ережелерді мал шаруашылығымен айналысатын қауымдастықпен тағы бір ақылдасса дұрыс болады. Фермерлерді есту керек, салалық қауымдастықтарды есту керек, артық ақша беріп қоймайық деп емес, фермерлерді қалай қолдаймыз деген нәрсеге бас қатыруымыз керек. Себебі көрші елдермен салыстырғанда бізге берілетін қолдау екі-үш есе кем. Бізде үнемі қысым, экспортқа тыйым, тері жөнелтуге тыйым. Ауылдарды халық саны аз, кіріс көзі жоқ», – дейді ол.

Бұл ретте мал шаруашылығы саласында несие беру кезінде де бұрмалаулардың бар екені байқалады.

Республикалық палаталардың деректері бойынша Аграрлық несие корпорациясы 360 млрд. теңге көлеміндегі тікелей қаржыландырудан тек 15% немесе 56 млрд. теңгені мал шаруашылығын кредиттеуге бағытталады екен.

«Ал мал шаруашылығына өте көп ақша бөлініп жатыр деген әңгіме өтірік. 15 пайызға қалай дамуға болады? Бұл тенденция соңғы кезде тұрақты түрде белең алып келеді. Салыстырмалы түрде 140 млрд.теңге көктемгі егіс жұмыстарын несиелеуге жұмсалған, оның 99%-ы бидай. Бүкіл арифметика осы. Шынымызды айтсақ, кез келген фермерді тыңдасаңыз, ол қаншама кедергіден өтеді. Олардан кепіл сұрайды. Кеше ғана бір фермермен сөйлестім. Ол өтінішті қыста береді, жеке үйімді де, мүлкімді де, қолымда бар дүниемді кепілге қойдым. Әл АКК әлі тексеріп жатыр дейді. Бұл уақытта ол құрылыс бастап, күзге дейін аяқтауы керек дейді, Ақша берілмеген соң, жұмыс та тұралайды.

«Сыбаға» және «Алтын асық» мал шаруашылықтарына жеңілдікпен кредит беру бағдарламалары, айналым қаражатын қаржыландыру бағдарламасы тоқтатылды, ал «жеңілдікті» кредиттерді Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесі іске қосылғаннан кейін фермерлер толық мөлшерлемемен 22%-ға дейін төлейді.

«Ал егер мұндай жағдай көлікке, баспанаға жеңілдікті несиелер бойынша орын алса не болар еді? «7-20-25» бағдарламасы бойынша несие 7 пайыздан 22 пайызға «айналса?» – деп таң қалды Ерлан Умурзаков.

Фермерлер қауымдастығы ҚР Әділет министрлігіне енгізілетін өзгерістердің ҚР Заңдарына сәйкестігін жан-жақты тексеру туралы бірлескен хат жолдады.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.