26 жастағы Ерсұлтан Әбдраман Түркістан облысындағы сұранысқа ие мамандардың бірі. Ол өз үйінің алдына жылыжай салып, бүгінге шағын кәсібін дөңгелетіп отыр. Agroqogam.kz тілшісімен сұхбаттасқан түркістандық өз өңіріндегі өзекті мәселелер мен аграрийлердің басты проблемаларын ашық айтты.
Ерсұлтан Әбдраман 20 жасынан бастап өсімдік шаруашылығы саласында еңбек етіп, тәжірибе жинақтаумен келеді. Осы уақытқа дейін жинаған білімінің арқасында ол Түркістаннан жалпы көлемі 1500 шаршы метрді құрайтын жылыжайды жалғыз өзі жүргізіп отыр. Қызанақ, қияр, аскөк, базилик және т.б. көкөністерді жыл он екі ай өсіріп, табыс табуда. Түркістан өңірін көбі жылы, өсімдік шаруашылығына жайлы деп есептегімен, бұл облыста өзіндік ерекшеліктер жоқ емес, оған қоса қиындықтары да көп.
Мәселен, өңірдегі ең басты проблемалардың бірі – мамандардың тапшылығы, деп есептейді жас маман. Айтуынша, осы және тағы да басқа себептердің салдарынан бүгінде Түркістан өңіріндегі көптеген жылыжайлар бос тұр.
«Нақты Түркістанда жылыжайлар көп. Олардың минималды аумағы 1 гектарды құрайды. Өзім өндірістік аймақта басқарушы болып жұмыс істеген адаммын. Сондықтан бұл саланы жақсы білемін. Бірақ Түркістанға кіргеннен бастап қазір көптеген ауқымды жылыжайлар бос тұр. Біразы банкрот болған. Оған себеп, бизнес мәдениетінің жоқтығы. Оның үстіне Өзбекстанмен байланыс суып қалды десе де болды. Бұрынғыдай Өзбекстаннан келетін агрономдардың көбі жоқ. Себебі ол жақта 2021 жылдан бастап көптеген мықты шетелдік компаниялардың филиалдары ашыла бастады. Яғни, мемлекет өз мамандарын өздері-ақ жұмыспен қамтып отыр. Осылайша бізде агрономдар тапшы болып отыр. Бұрын көбінесе Өзбекстаннан келіп жұмыс істейтін. Бұл бір фактор», — дейді маман.
Ерсұлтанның пікірінше, жылыжай салу үшін қомақты қаражаттан басқа, ынта-жігер, ниет және қолдау қажет. Себебі бұл істе өзінің ісіне берік, аяғына дейін апаратын жандар жұмыс істесе ғана нәтиже болмақ. Ал өңірдегі ірі жылыжайлардың көбі субсидия алу үшін жасалған, сондықтан олардың ғұмыры да тым қысқа деп түсіндіреді маман.
«Бұл істі нағыз осы іске жаны ашитын, мықты мамандар жасап отырған жоқ. Жылыжайда субсидия үшін жасағандар бар, пәлен гектар алды, біраз уақыт тұрды. Оның біршамасы осы көктемде бұзылып, сатылып кетті. Көбісі жобамен, бағдарламамен салынған. Ал нағыз мамандарға мүмкіндік жоқ. Мысалы мен істейін десем, менің кепілге қойып, алатын пәлен миллиондық немесе миллиардтық залогым жоқ. Істеуге дайынмын. Бірақ ондай маған бермейді. Ал ана кісілер субсидия үшін алғандар. Гектарлаған жылыжайлар тұр, істейтін, істегісі келетін кісілер көрсе жылайтын еді. Бос, қаңырап тұр. Күн өткен сайын тоза береді. Ал өндіріс деген қарамасаң тозады. Яғни, бұл салада дұрыс мамандар жұмыс істемейді», — дейді Ерсұлтан.
Бұл ретте тағы бір айта кететін түйін бар. Жылыжайды салып, оны аяққа тұрғызу бүгінде шаруаларға оңайға соғып отырған жоқ. Себебі диқан өз өнімін еш кедергісіз өсіріп, күтіп-баптап, дайын көкөніс өнімін алғанымен, оны делдалсыз, тиімді бағамен өткізу жағы үкімет тарапынан реттей алмай отыр деген маман мәселені шешудің жолын да ұсынғанын айтты.
«Үшінші факторға тоқалсам. Шетелдік Нидерланды секілді елдердегі мамандармен сөйлесіп, хабар алып отырамын. Сол жақта жағдай мен бағаны салыстырып отырамын. Біз жақтан сонда көшіп кеткен қыз-жігіттер бар. Алыс шетелге, Еуропаға бармай-ақ, Қара теңіз жағалауындағы Түркияның мысалы келтірейін. Онда диқандар бар, егеді, консервілеу цехтары бар. Сол цехтармен диқандар келіседі, арада меморандумдар бар. Мысалы биыл қиярдың бағасы шамамен 200-300 теңгенің арасында болады деп келісіледі. Диқандар соған қарап, мөлшерлеп егеді. Таңертең барлық диқандар бір жерге әкеп өнімін тапсырады. Бір бағамен. Ал бізде, нарықта баға бірден түсіп кетуі мүмкін, тұрақсыз әрі сенімсіз. Баға бірыңғай болмағаннан кейін, ештеңе болмайды. Қайбір жылы Сарыағашта, жүздеген фура, әр фурада 20 тоннадан қырыққабат босқа күйіп кетті. Қанша шаруа шығынға батты. Таразда болып жатқан қант қызылшасын көріп жатырсыздар. Қант қызылшасын мысалы зауыт қабылдамай тұр, ал диқандар сол кісілірге сеніп екті, қызылша деген ол ыстықта жарамай қалады. Яғни бізде зауыт пен өндірушінің арасында келісім болса Түркиядағыдай, диқандар да сол бойынша есеп жасап, әрекет етер еді. Пайдаға да кенелетін еді», — дейді ол.
Жас маманның сөзінше, дәл шағын кәсіпкерлер ең көп зардап шегеді. Себебі, ірі, өндірісі жолға қойылған кәсіпорындары мен қожалықтарда мұндай тәуекел аз.
«Бидайды трейдингпен экспорт жасайды ғой. Миллондаған гектарлап. Ал біз сияқты қарапайым диқандардың артықшылығын дұрыс пайдаланбай отырмыз. Диқандар арқылы екі тарап та теңдей, бірден табыс тауып, бір жолға қоюға болатын еді. Балық басынан шіриді болып тұр бізде. Қызылшаны қабылдамай жатқаны, цехтың басшылығында дұрыс емес адам отыр, шикізатты дұрыс өңдей алмай отыр. Мақтаға қатысты да дәл сондай жайт. Мақта да, қияр мен қызанақ секілді тез бұзылатын өнімге жатады. Шамалы уақытты өтті ме, ол жарамай қалады. Оны өңдеу керек, ішін тазалау керек дегендей. Мысалы оңтүстік өңірі анаған бай, мынаған бай дейді. Бірақ түптеп келгенде сондай нәрселерге көп нәрсе байланысты, тәуелді.
Кеше Сайрамға барып келдім, біраз жылыжайларды көрдім. Онда да тастанды жылыжайлардың саны артқан. Жолдың бойында иесіз қалғандары көбейіп жатыр. Олар да айналымды ұстай алмай отыр, қорда ақша жоқ. Айналымы мықты болса, ондай болмас еді. Мысалы биыл дұрыс табыс таппаса, келесі жылы еге алмай қалып отыр. Айналып келгенде субсидияны да қатырып отырған жоқ. «Аделя» секілді үлкен теплицалар алатын шығар», — дейді ол.
Бүгінге Ерсұлтан өзінің кәсібін жолға қойю үшін алыс-жақын шетелдермен байланыс орнатып, үнемі даму үстінде жүреді. Ол шағын ғана жылыжайларын дамыта түсу үшін күш салып отыр. Айтуынша, бар уақытын шетелдік технологияларды зерттеуге, жылыжайдағы өсімдіктердің қыр-сырын меңгеруге жұмсайды. Өзінің ісін дамытудан бөлек, өзі секілді бастаушы диқандарға үйретуге ден қоюда. Осы арқылы ол шағын жері бар қарапайым ауыл тұрғындарына жердің әр телімін дұрыс пайдалануға үйретпек ниетте. Ал жылыжайдан алған өнімдерін өзі алыпсатарларсыз, тұтынушыға өзі жеткізуге тырысады.
«Жапониямен, АҚШ-пен, Польшамен байланыс орнаттым. Бұл өсімдік шаруашылығы деген бір орында тұрмайтын ілім. Әркез оқып, біліп үйреніп отыру керек. Білдім-толдым деген жарамайды. Өзім де ізденіс үстіндемін. Менің 300 шаршы метр жылыжайымнан биыл 3 тонна қызанақ шықты. Өзімнің көлігім бар. Сонымен сатуға өзім шығамын. Өз елімде, өз жерімде өз қолыммен өндірген өнімімді қалай сатуға болады? Бізге көтерм бағамен алатын алыпсатарларға сату тиімсіз, оларға берген ақшаны өз қалтама салып, сатқым келеді. Бірақ оған мүмкіндік жоқ. Бастауыш жылыжайлардың ешқашан өнімі өнбейтіні қынжылтады. Тек қана монпополистер көбеюі керек пе? Сол үшін мен жақында қолында құзыры бар кісілерге бір ұсыныс айттым. Біз сияқты фермерлерге «фермер» арнайы құжат берсе. Кез келген уақытта өз өнімімізді еш кедергісіз сатуға рұқсат берсе. Міне, сол кезде халықтың жағдайы жақсарар еді. Негізі ішкі нарықты ұстап отырған біз сияқты майда-шүйде фермерлер. Алып монополистердің өз проблемасы өзінде, олар экспортпен айналысады. Сол үшін қарапайым өндіріске тосқауыл болмас үшін, бізге «фермер» деген құжат беріп, еш тексерусіз өз өнімімізді сатуға мүмкіндік жасап берсе, бұл таптырмас қолдау болар еді», — деп өз ұсынысын бөлісті ол.
Ерсұлтан Әбдраманның тағы бір байқағаны бүгінде диқаншылықпен айналысуға өзі сияқты жастар мүдделі де, ниетті де емес. «Аз еңбектеніп, көп пайда тапқысы келетін» жастардан гөрі, орта жастан асқан өзінен білім алу үшін арнайы келеді екен. Ерсұлтан осы бағыттағы жұмыстарды да ары қарай жалғастырмақ.
Айтолқын Адырбайқызы,
Agroqogam.kz