Дінмұхамед Шахман: «Елдегі жас мамандарға жасалған жағдай көңіл қуантпайды»

Қазақстанда химия ғылымы саласы дамымаған. Жуырда Канадада тұратын жас қазақстандық химик Дінмұхамед Шахманның осы сарындағы мәлімдемесі желіде кеңінен таралды. Пікір иесінің осы жөнінде ашық ойын білу үшін жас маманмен хабарласып, әңгіме-дүкен құрып көрдік.

Алматылық Шахман Дінмұхамед 25 жаста. Бүгінде ол Канададағы Торонто қаласында химия компаниясында жұмыс істейді. Ғылымға, оның ішінде химия саласына мектеп күнінен қызығушылық танытқан. Нақтырақ айтсақ, Назарбаев Зияткерлік мектебі оның осы салаға бет бұруына айтарлықтай үлес қосқан.

«Жетінші сыныпта Талдықорғандағы Назарбаев мектебіне оқуға түстім. Ары қарай Назарбаев университетіне бакалавриатқа түсіп оны, тәмамдадым. Артынша Канададағы Brock университетіне магистратураны бітірдім. Назарбаев мектебіне оқуға түскен кезде химия пәні бойынша олимпиада резервіне іріктеу жүріп жатты. Жетінші сыныпта химия пәні болмайды ғой, бірақ сонда да мен іріктеуден өтіп, олимпиадалық химиямен айналысып кеттім. Республикалық, халықаралық олимпиадалардан орын алып, өзіме деген сенімділігім артты», — дейді ол.

Димаш қазіргі таңда Канадада Entegris компаниясында химик болып жұмыс істеп жүр. Сөзінше, компания жартылай өткізгіштердің жабынын жасау үшін заттарды синтездеумен айналысады. Канададан бөлек Димаш Оңтүстік Корея еліндегі химия саласының аяқ алысын жақсы біледі. Себебі ол біраз уақыт бойы сонда тағылымдамадан өткен. Байқағаным, екі елдің ғылымындағы басты ұқсастық – мемлекеттік қолдау, дейді ол.

«Екі елде де үкімет ғылыми қызметті қолдау үшін жақсы қолдау жасайды. Оның ішінде ортақ нәрсе – мемлекет қыруар ақша бөліп, тек қана отандық емес, шетелдік ғалымдарды да тартады. Қазақстанның мысалында қарастыратын болсақ, НЗМ және Назарбаев Университеті тәжірибесі осыған мысал бола алады», — деп бөлісті ол.

Химия салыстырмалы түрде күрделі сала. Сондықтан оған жауапкершілікпен қарап, кем дегенде бакалавриат мен магистратураны жетілдіру керек деп санайды Димаш.

«Осы салаға түскен жастарға айтарым, мүмкіндік бар кезде барынша тағылымдамадан өтіп, оқу барысында тәжірибе жинақтап алу керек. Сонда сіз әлемдік нарықта бәсекеге төтеп бере аласыз. Мәселен, шетелге кеткендердің барлығы шетелде қалып қояды деп қорықпау керек. Өзге елден тәжірибе жинақтап алып, артынша Қазақстанға келіп, еңбек етіп жүрген көптеген адамдарды білемін. Ал қайтып келгісі келмейтіндердің демек қандай да бір себебі бар немесе оларға Қазақстан нарығы тиісті жағдай жасамай отыр деген сөз. Өз басым тәжірибе жинақтап алған соң, міндетті түрде елге қайтып оралуға қуана-қуана келісемін», — дейді ол.

Бүгінде химияны таңдайтындар түлектер арасында өте аз. Маманның сөзінше, балалардың химияға деген қызығушылығын арттыру үшін екі нәрсе керек.

«Біріншіден, мектептерді зертханалық жұмыстар жасау үшін тиісті деңгейде жабдықтау. Бұл үшін қаржыландыру көлемі жақсы болуы керек. Одан бөлек, тек теориямен шектеліп қана қоймай, практикалық дүниені оқытуға ден қою керек. Кез келген саланы бір ғана кітаппен меңгеру аздық етеді. Екіншіден, ғылым жолындағы мамандарды көбірек насихаттау керек. Балалар оларға қарап бой түзейтіндей жасау керек», — дейді Димаш.

Сөзінше, Қазақстанда ғылым саласы толықтай дамымай қалған деп айту қиын. Тіпті Канадамен салыстырғанда кей тұстары бойынша артықшылықтар да жоқ емес.

«Білім бойынша Қазақстан алда деп айтуға да болады. Бірақ жас мамандардың, ғалымдардың ынтасын арттыру үшін, дамыта түсу үшін жасалған жағдайлар көңіл қуантпайды», — деп ой түйіндеді маман.

Айтолқын Адырбай,

Qogam-media.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.