Қазақстандағы жұмыссыздық туралы статистика шындыққа сәйкес келмейді. Аталған ойды бүгінгі мәжіліс отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев айтты. Халық қалаулысы жастарды жұмыспен қамтып, лайықты жалақы беруді талап етті, деп хабарлайды Аgroqogam.kz.
Нартай Аралбайұлының сөзінше, бүгінде жұмыссыз жастар туралы ұлттық статистика бюросының таратып отырған ақпараты шындыққа жанаспайды. Одан бөлек салалық министрлік те тек қана қағаз түрінде жұмыс істейтін маусымдық науқандармен бас қатырып отыр, дейді ол.
«Соңғы үш жыл бойы ұлттық статистика бюросы құдды бір жаттап алғандай: Қазақстан халқының небәрі 4,9 проценті, яғни 450 мың адам жұмыссыз» дейді. Қазір елімізде 6 млн-ға жуық жас адам бар. Neet-жастардың саны 422 мыңға жетті, олармен де нақтылы жұмыс жасалып жатқан жоқ. Ара-тұра айқайлап айтылатын бірер жобалардың нәтижесін білу бір қиямет. 2022 жылы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан жас кәсіпкерлер мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға грант беруге 33,12 млрд теңге бөлінген, бірақ оның 6,9 млрд теңгесі игерілмеген. Бұл да жұмысты жүйелеуде кеткен қателік», — деген ол жастардың статистикадағыдан да едәуір көп бөлігі жұмыссыз екенін жеткізді.
Сонымен бірге ол құзырлы органдар статистикада жұмыссыз жастар саны қалай бұрмаланып берілетінін айтты.
«Қазіргі таңдағы жұмыссыз жастардың саны — 80 мың. Neet-жастардың саны — 422 мың, ал өзін өзі жұмыспен қамтыған жандардың саны — 408 мың деп келтіріледі. Аталған үш көрсеткіш арқылы құзырлы орындар елдегі жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасын әдейі, әдемі жасыруға тырысқанын байқауға болады. Жоғарыдағы деректерді бір ортаға салсақ Қазақстандағы 900 мыңнан астам жас азаматтың жұмыссыз екені анық көрінеді (…). Жастар елдегі жұмыс күшінің қырық пайызын құрайтынын ескеріп, үкімет оларды тұрақты жұмыс орнымен қамтып, лайықты жалақымен қамтамасыз етсе, қазақ жастары Кореяға қара жұмысқа кетпес еді, Еуропаның даласында пияз теріп, ақша тауып жүрмес еді, Америкаға барып нан табудың, жан бағудың тәсілін іздемес еді», — дейді ол.
Бұл ретте депутат жалған есептен құтылып нақты жұмыссыз жастардың санын, олардың талап-тілегін білу үшін мобильді топтар құру керектігін, аталған тәжірибені мемлекеттік дәрежеде іске асыру қажеттігін, жастар мен жас кәсіпкерлерді қолдауға, уақытылы ақпараттандыруға бағытталған бірыңғай навигациялық платформаны жасауды талап етті.
Айтолқын Адырбай,
Agroqogam.kz.