Ермұрат Бапи: «Алматы жақта ескі Қазақстанның жемқорлары қарапайым халықты қанауда»

Фото: КазТАГ

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бапи Алматы облысындағы пайшылар мәселесін көтерді. Оның сөзінше, «ескі Қазақстаннның өкілдері» бұрынғы «Каменка мал тұқымдандыру» зауытының ұжым мүшелеріне берілген жерлерді көпе-көрнеу тартып алған. Депутат еліміздің бас прокуроры мен Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевке сауал жолдап, халықтың жерін қайтаруды талап етті, деп хабарлайды Аgroqogam.kz.

Депутат Бапидің сөзінше бұдан екі ай бұрын оған Алматы облысының тұрғындары хабарласып, Қарасай ауданындағы жүздеген гектар жерін қайтаруға көмек сұраған. Мәселенің мән-жайын түсіндірген депутаттың сөзіне сенсек, «Каменка мал тұқымдандыру» зауытының қызметкерлері жерінен Қазақстанға есімі танымал тұлғалар заңсыз иемденіп алған.

«Біз, депутаттар, мына жақта ақ тер, көк тер болып Қазақстан халқынан ұрланып, талан-таражға түскен активтерді елге қайтаруға қатысты заң қабылдап жүргенде Алматы жақта ескі Қазақстанның Назарбаевтан қалған жебірлері мен жемқорлары қарапайым халықта қанауды жалғастырып жатыр (…). Бұлар пайшылардың 274 гектар үлесін өз адамдарының атына құрылған субъектілерге рәсімдеп, Қазақстанның заңын озбырлықпен бұзған. Жердің едәуір бөлігін сатып жіберген.

Құрметті Берік Ноғайұлы, осы орайда менің қолыма тиген барлық құжаттардың көшірмесін сіздің атыңызға жолдаймын. Алматы облысы мен Қарасай ауданының прокуратура органдарынан әділет таппай, шырылдаған халықтың қағазға тамған көз жасын оқып көріңіз. Бас прокурорлық құзыреттік міндетімен бірге таза азаматтық көңілмен ден қоятын болсаңыз, етегіңіз жасқа толады. Бұл көпе-көрнеу қиянаттың жай-жапсарына көзіңіз әбден жетеді деп ойлаймын», – дейді ол.

Депутаттың сөзінше, «жерінен айырылған пайшылар» бүгінде сол 274 гектар жерді қайтарса, оның жартысын мемлекеттің меншігіне өткізіп беруге дайын.

«2000 мыңнан астам адамның шағымын назардан шаптырмай, аталған кісілер ұсынып отырған компромиссті қарастыруды сұраймын (…)», – деген Бапи Берік Асыловтан мәселенің ақ-қарасын анықтауды сұрады.

Егер мәселе шешілмесе депутат аталған жайтпен президентке жүгінетінін баса айтты.

Айта кету керек, бұдан бірер апта бұрын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты арнайы брифинг өткізген Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдегі жер дауына қатысты пікір білдірген-ді.

«Біз жерлерді, оның ішінде жайылымдық жердерді қайтаруды белсенді түрде жүзеге асырудамыз. Мұны естіген тұрғындардың үміттеніп жатады. Бірақ кей кезде олардың шынымен де пайшылар екенін дәлелденіп жатады. Яғни барлығы заң аясында шешілуі тиіс. Егер қожайыны жерді өз мақсатында пайдаланып жатса, онда бұл процесске араласпаймыз. Барлығы да сот тәртібінде жүзеге асуы керек», – деген ол.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.