Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаевтың Алакөл ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде аймақ шаруалары қант қызылшасын тасымалдау мәселесін көтерді. Шаруалардың айтуынша, өңірге қант қабылдау пункті қажет. Олар әкімнен осы мәселені шешіп беруді сұрағанымен, облыс басшысы оларға өз уәжін айтты.
«Кезінде кеңес дәуірінде Алакөл ауданының төл дақылы қант қызылшасы болатын. Сіздің бізге беріп отырған бүгінгі тапсырмаңыз соның он ақ проценті, 500 гектар жер. Біз қант қызылшасын өндіре аламыз, өсіре аламыз. Бірақ бізге бір-ақ нәрсе қиындық тудырады – ол тасымалдау. Көксу қант зауыты вагонмен апарсақ бізден 350 шақырым, Ақсу қант зауыты 200 шақырым. Оған барып, логистикалық көлік арқылы тасымалдау бізге зор ауыртпалық тигізеді», — деді ауыл ақсақалы Қанат Нұрсейітов.
Ол аудан еңбеккерлерінің, шаруа қожалықтарының атынан қабылдау пунктін ашуды сұрады.
«Біздегі істемей, қирап тұрған қант зауытын аумағына қызылша қабылдау пункт ашсаңыз. Соған көмектессеңіз. Бізге беретін сол 5-6 теңгені сол зауыт өзі-ақ алса, бізге жетер еді. Біз өз тарапымыздан қан қызылшасын өндіруге бар күшімізді салып, тырысамыз. Бала кезімізден қызылшаның машақатын көріп өскенбіз.Шалғайда жатырмыз, қиыр шығыста, тасымалдау қиын», — деді ол.
Алайда облыс әкімі Бейбіт Исабаев бұл мәселені шешу әзірге мүмкін емес екенін айтты.
«Бірнеше күн бұрын бізде осы мәселе бойынша үлкен 2,5 сағаттық жиналыс өтті. Біздің қазіргі сеуіп отырған облыстық қант қызылшасының көлемі 6 мың гектар. Келесі жылы біз 8 мың гектарға жеткізейік деп отырмыз. 6 мың гектардан 200 мың қызылша, 8 мың гектардан 300 мың түссін делік. Көксу зауытының қуаттылығы 250 мың тонна қызылша. Қалған уақытта зауыт жұмыс істейтін шикізат жоқ.
Үшаралға 500 гектар деп қойып отырмыз. Соған бола қабылдау пунктін аш деп отырсыз. 500 гектардан 15 мың тонна ғана аласыз. 500 гектарды егіп отырған 5-6 шаруашылық қана екен. Соны шамамен 20 тонналық көлікпен 200 көлік тасып тастайды. Мен түсінемін, әрбір көлікке көп шығын кететінін, бірақ болашақта мен сіздің ойыңызбен келісемін. 2-3 мың гектарға дейін жерге егуге келіссек, онда сіз айтқан қабылдау пункті жасаймыз», — деді ол.
Ауыл тұрғыны әкімнің бұл сөзін қанғат тұтпады. Ол өңірде қазір ешқандай өндіріс орнының жоқтығын айтып, бұрынғыны қалпына келтіру қажеттігін еске салды.
«Өндірістің барлық түрі болған кезінде бізде. Ет комбинаты болған, 15 совхоздан сүт жинап, шығаратын сүт зауыты болған. Сүт те, май да шығатын. Бәрін өзіміз құрттық, ешкімге өкпелемейміз», — деді ауыл тұрғыны.
Бұл ретте Исабаев өңір басшысы болғанына аз ғана уақыт өткенін алға тартты.
«Ақсақал ойыңызды түсіндім, 3-ақ ай болды ғой келгеніме. Алакөл ауданына қатысты 2-3 инвестжоба бар. Оны айту қазір ертерек. Бірақ сол ойымыз жүзеге асса, өте үлкен көмек болады. Шығарылып жатқан өнімнің барлығы Қытайға жөнелтілетін болады. Өндіріс орындарын ашу керек. Совет заманындағы нәрселердің бәрін істеу керек», — деп жауап қайырды.
Айта кету керек, Ақсу қант зауытының қайта жаңғыртылуына және Көксу қант зауытының шалғай орналасуына байланысты биыл ауданда қант қызылшасы себілмеген. Келесі жылы ауданда осы дақылды 500 гектар жерге егу жоспарланып отыр.
Айтолқын Адырбайқызы,
Жетісу облысы
Agroqogam.kz