Жетісу облысы әкімі Бейбіт Исабаевтың Алакөл ауданы тұрғындарымен кездесуі біршама қызу пікірталасқа ұласты. Өңір басшысына тұрғындар бірқатар мәселемен жүгінді. Олардың қатарында баспана, жайылым проблемалары да болды. Сонымен бірге жылдар бойы шешілмей келе жатқан өз жерін өздері пайдалана алмай отырмыз деген шаруалар да жиында ашуға мінді, деп хабарлайды Agroqogam.kz тілшісі.
Өңір басшысымен кездесуге жалғызбасты аналар, кезегі жетсе де үй ала алмай, пәтер жағалап жүргендер, дене шынықтару залының төбесі опырылып түскен мектеп өкілдері және шаруалар мен қарапайым тұрғындар келген.
Мәселен, жуырда берілген жаңа тұрғын үй кезекте тұрғандардың біразына бұйырмаған. Себебі аудан бойынша 900-ден астам тұрғын белгісіз себептермен базаға енбей, кезектен шығарылып қалған. Сондықтан, халық заңды кезегіне сай үй ала алмай сабылуда. Аталған мәселе бойынша Алмас Абдинов тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Айтуынша, қазіргі таңда тексерістер жүріп жатыр. Тұрғындарды баспанамен қамту ауданда өте өзекті болып тұрғанын ескерген Бейбіт Исабаев жиында алдағы уақытта тағы да 60 пәтерлі екі көпқабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттамасын жасап, жоспардан тыс қолға алуда тапсырды.
Жиында жайылым мәселесі де сөз болды. Мәселен, Жайпақ ауылының тұрғыны Медетова Жазира:
«Көпбалалы отбасы ретінде грант ұтып алып, соған бір екі түйір сиыр алып едім, Сенсеңіздер соны бағатын жер жоқ. Жердің бәрін дөкейлер алып алған, анда апарсаң қамап қояды, мында апарсаң қамап қояды. Біз сияқты қарапайым халық қайда апарып асыраймыз? Өзі грант алып кішкене айналдырамыз ба деп отырған кәсібімізді. Жыл он екі ай үйімде қамап ұстасам, үкіметтен алған ақшамды қайтара алмай банкрот боламын ғой», — деп ағынан жарылды.
Исабаев көпбалалы ананың айтқан проблемасына әзілмен жауап берді. Сонымен бірге Алакөл ауданындағы жайылымдар мәселесі қалай шешіліп жатқанын жеткізді.
«Екі сиыр деген әңгімені білесіздер ғой, баяғыда айтылды ғой. Жалпы мен айта кетейін осы жайылым мәселесі бойынша. Биыл сегіз мың сегіз жүз гектар жер Алакөл ауданы бойынша конкурсқа салынады. Оның сегіз мың гектары жайылымдық жерлер. Сегіз жүз гектары суармалы жерлер. Соның бәрін конкурстан өткізген кезде ауылдың мәселесін қараңыздар. Енді екі сиыр, үш сиыр дегенді мен шеше алмаймын. Менің он екі мүшемді он екі ауданға бөліп алсаңыздар да, мен қарай алмаймын. Сондықтан, Алмас өзіңіз қараңыз. Анализ жасаңыздар», — деп тапсырды әкім аудан басшысына.
Жиында Исабаев жергілікті атқамінерлерге де біршама сын айтты.
«Жүрек керек, пейіл керек, ниет керек. Ал қалғанының бәрі бюрократия. «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» дейді. Ана кісінің айтып отырғанын сіздер түсінбейсіздер. Бюрократияны қойыңдар. Шешілетін болса, шешейік», — деді Исабаев жергілікті шенеуніктерге.
Сондай-ақ кездесуде өңірде жылдар бойы шешілмей келе жатқан тағы бір мәселеге назар аударылды. Ол аудандағы алпысқа жуық шаруа қожалығының бас сақинасына айналған қытайға тасымалданып жатқан мұнай құбырлары. Шаруалардың айтуынша, бұл құбырлар олардың егістік жерлері арқылы өтеді екен. Соның салдарынан шаруалар өз жерін өздері пайдалана алмай отыр.
«Алпыс шаруа қожалығының жері арқылы мұнай құбыры өтеді. Мұнай құбырының бойымен салынған тасжолмен 2019 жылдың аяғында жетпіс үш су өткелі салынған. Осы жылға дейінгі су өткелінің екінші жағынан өтетін жерімізді пайдалана алмай, шабындығымызды су басты», — деген Беделхан Жанпейіс есімді шаруа осы кезге дейін пайдаланылмай жатқан жеріне өтемақы ала алмай отырғанын жеткізді.
Облыс басшысы бұл мәселеден хабардар екенін айтқанымен, сұраққа жауап беруді жөн көрмеді.
Айтолқын Адырбай,
Жетісу облысы,
Agroqogam.kz.