Аманжол Әлтай: «Қазақ даласы іріген жүн мен шіріген теріге толып барады»

Фото: сайт Парламента РК

Мәжілісте мал терісі мен жүнін тиімді пайдалану мәселесі тағы көтерілді. Депутат Аманжол Әлтай етті мал шаруашылығынан алынатын шикізаттар бүгінде қазақ даласындағы топырақта шіріп, кәдеге жарамай жатқанына қынжылды. Ол тері мен жүнді экспортқа шығаруға салынатын баж салығы мен шектеуді алып тастауды талап етті, деп хабарлайды Аgroqogam.kz.

Депутаттың айтуынша, «тері мен жүннің құны кеткендігі сонша, қазақ даласындағы топырақтың астында іріген жүн мен шіріген теріге толып бара жатыр».

«Өткенде ғана әріптесім Ерболат Жалғасбайұлы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевқа нақты сұрақ қойған еді. Сонда Марат мырза біздің тері мен жүннің экспортқа шығуына шектеу және баж салығының қойылуы ауылшаруашылығы министрлігінің ұсынысы бойынша қойылып отыр деді. Тері мен жүнге шектеуді алып тастауды және баж салығын алып тастауды сұраймыз», — деді Аманжол Әлтай.

Аталған сұраққа жауап берген ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев тері мен жүн экспортына салынатын баж салығын алып тастау мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ мәселені шешу үшін тері өңдеу зауыттарына 25 пайыздық субсидия беру жоспары бар екенін айтты.

«Тері мен жүнді терең өңдеу мәселесі бойынша былтырғы жылдың аяғынан бастап осы құзыретті ауыл шаруашылығы министрлігі алып отыр. Біріншіден қазір субсидиялар жүйесіне өзгерістер енгізу барысында тері өңдеу мекемелер мен зауыттарға 25 пайыз субсидия төлеу мүмкіндігін қарастырып отырмыз. Ол теріні өзімізде өңдеп, осы өнеркәсіпті өзімізде дамыту мүмкіншілігін ашады деп болжап отырмыз. Екіншіден, тері болсын, жүн болсын шетелдік инвесторларды елге шақырып, өңдеп желатин шығаратын зауыт салу бойынша бірнеше жобамыз бар.

Экспорттық баж салығына келетін болсақ, ауылшаруашылығы министрлігі бұны толықтай қолдайды. Баж салығын алып тастау мәселесі қарастырылып жатыр», — деді ол.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.