Алматы облысында газға қосылу құнымен прокуратура айналысуда

Алматы облысында тұрғындардың газға қосылу құнына шағым айтып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Өңірдің әр ауданында халық газға қосылу миллион теңгеге дейін жететінін, сол үшін несиеге батып жатқанын айтып, жанайқайын жеткізуде. Аталған мәселе прокуратураның назарына ілікті, деп хабарлайды agroqogam.kz.

Бұған дейін біз облыста газ мәселесіне қатысты бірқатар проблемалар барын жазған болатынбыз. Жуырда ғана Қарасай ауданында жүздеген тұрғын газ тасымалдаушы компанияның дұрыс жұмыс істемейтінін алға тартып, көшеге шыққан.

«Мен зейнеткермін, алатыным 70 мың теңге. Былтыр банктен несие алып жүріп газ жүргіздім үйге. Бір жарым миллион теңге кетті. Енді сол несиеге алатын ақшамның 54 мыңын жұмсаймын. Биыл да былтырғыдай температурада қойдым. Бірақ былтыр 20 мың төлесем айына, биыл бір айда 30 мың деп келіп тұр. Неге, осыған жауап беріңізші?», – деген болатын тұрғындардың бірі.

Мұндай проблема Алматы іргесіндегі бірнеше аудандағы жағдай. Халық үйіне газ кіргізу құны 350 мыңнан басталып, 1 млн теңгеге жететінін айтып шағымданып жатыр. Осыған орай, облыстық прокуратура газ мәселесімен айналыспақшы. Проблемалық мәселелерді анықтау мақсатында Қонаев қаласында газ тасымалдаушы мекеме өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуден белгілі болғандай, бүгінгі таңда облыс прокуратурасы әкімдікпен және Бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі аумақтық департаментпен бірлесе отырып тұрғындарға газ қосу құнының қаншалықты орынды деген мәселесі төңірегінде талдау бастап кетіпті. Нақтырақ айтсақ, «Алматыгазсервисхолдинг» ЖШС, «Тәуекел» компаниялар тобы, «Қазтрансгазаймақ» АҚ, «APL constraction» ЖШС,  «Жетісу газ құбыры» ЖШС,  «Жетісу обл газ» ЖШС, «Эркай» ЖШC өкілдері жиынға қатысты.

Алдағы уақытта осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылып, бизнес өкілдеріне де, халыққа да тиімді газға қосылу құнын анықтау мәселелері қаралмақ.

Айтолқын Адырбайқызы,

Алматы облысы,

Agroqoqam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.