Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылының тұрғындары ауыл маңында ет өңдеу зауытын салуына түбегейлі қарсы шықты. Зауыт ауылдың экологиялық ахуалына кері әсерін тигізеді деген халық жергілікті билікке үндеу жасап, зауыт құрылысына қарсылық ретінде қол жинап жатыр, деп хабарлайды Agroqogam.kz.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, зауыттың салынатыны туралы халық тек 10 қараша күні білген. Ести сала, халық өз бетінше әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, мұның салдары ауылға қалай әсер ететінін зерттеуде.
«Естіген соң наразы болдық. Себебі біз қарсымыз. Халықпен еш ақылдаспаған. Енді біліп отырмыз. Бұл дұрыс емес. Біз ауылымыз үшін алаңдаймыз. Қазіргі таңда зауыттың салынуына қарсы петиция жасадық. Оған екі күннің ішінде 1200-ден астам адам қарсы қол қойды. Оған дейін 26 қарашада зауыт өкілдерімен кездесу болады. Олардың не айтатынын көреміз. Бірақ зауыт ауылдан 500 км жер қашықтықта ғана орналаспақ. Бұл өте жақын. Ал оның экологилық зардабы, одан шығатын жағымсыз иіс жылдарға созылады», — дейді Алена есімді тұрғынның бірі.
Халық құс етін өңдеу зауытынан таралатын иіс ауылдағы тіршілікке зиянын тигізбей қоймайтынына сенімді. Сол үшін қазірден бастап, қарсы шықпаса болмайтынын алға тартуда.
«Қаладан алыс емес, бірақ ауасы таза жерді іздеп осында көшіп келіп едім. Керемет ауыл, табиғаты тамаша, ауасы таза. Енді зауыт салынса, бұл ауаның ластануына әкеледі. Көшеде жүру мүмкін емес болады. Ондай зауыттар Алматы облысында өте көп. Барлығында кешке қарай, әсіресе жазда қалай әсер ететінін білеміз. Жағымсыз иістен халық мезі болып жүр. Сол үшін біз түбегейлі қарсымыз, балалар таза ауада өмір сүруі керек. Ертең тереземізді ашудан қаламыз», — дейді Айдын есімді тұрғын. Сөзінше, өзі секілді қаладан ауылға таза ауасы үшін көшіп келгендер көп.
Шын мәнінде ауыл маңына құс етін өңдеу зауытын салу мәселесі алғаш рет бұдан бес жыл бұрын көтерілген. 2017 жылдары Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың кезінде акцонерлік қоғам өкілдері өңір басшысымен кездесіп, қуаттылығы жылына 70 мың тонна болатын құс бауыздау сою және өңдеу цехын салу туралы жоспарын бөліскен. Ал ел назарына ұсынылған жоба жоспарына сай зауытта сағатына 6000, бір ауысымда 48 мың, тиісінше жылына 29,95 млн құс сойылмақ. Зауыттың негізгі қызметі құсты сою, етін өңдеу, мүшелеп, қораптау, одан бөлек мұздату. Зауыт Панфилов ауылдық округі маңында 4,5 гектар жерде орналаспақ. Айта кету керек, зауыттың құрылысы биыл, яғни 2022 жылы басталып, 2025 жылы толық іске қосылады деп көзделіп отыр. Петицияны ұйымдастырған ауыл белсенділері билікке жанайқайын жеткізіп, зауытты ауылдан 500 м қашықтықта емес, мүлшем алшақ, халық тұрмайтын аумаққа ауыстыруды сұрайды.
«Біз, Қазақстан азаматтары, қуаттылығы сағатына 600 құс өңдейтін, Панфилов ауылындағы салынғалы отырған ет өңдеу зауытының салынуына қарсымыз (…). Ең өңдеу кәсіпорнының бәрі атмосфералық ауаны ластайтын газдар мен шаң бөліп шығады (…). Біз зауыттың салынуына қарсымыз», — делінген мәтінде.
Тұрғындар ауылда онсыз да ауыз су проблемасы барын, ал ауқымды цехтың ашылуы сумен қамту жүйесіне айтарлықтай жүктеме жүктеп, жағдайды ушықтыратынын жазған.
Айта кету керек, зауыттың зиянды қалдықтары туралы қоғамдық тыңдалым туралы жарияланған хабарлама мәтінінде де жазылған.
«Биологиялық бөлініс процессі кезінде және құс еті секілді шикізатты термиялық өңдеуден өткізген кезде атмосфераға түрлі химиялық құрылымдағы органикалық заттар бөлінеді. Олардың көбі, атап айтсақ, альдегидтер, кетондар, спирттер, картон қышқылдары, фенолдар, меркаптандар, сульфиттер мен аминдер жағымсыз иіс шығарады», — делінген мәтінде.
Сонымен бірге өндірістік қалдықтар жем ұнына (етті-сүйекті және қанды) айналдырылмақ.
Ал жергілікті әкімдік қазіргі таңда тек зауыт жобасы ғана талқыланып жатқанын алға тартуда.
«Ет өңдеу зауытына қатысты қазіргі таңда тек жоба талқыланып жатыр.26 қарашада зауыт өкілдері жоба туралы тлық ақпарат беретін болады. Ал 2 желтоқсан күні тұрғындардың қатысуымен қоғамдық тыңдалым өткізу жоспарланып отыр. Барлығы қатысы алады», — дейді әкімдіктегілер.
Бұл ретте ауыл тұрғындары ауыл маңын ластауға қалай да жол бермейміз деп отыр. Олар жанайқайын мемлекет басшысына жеткізбек.
Айтолқын Адырбай,
Алматы облысы
Agroqogam.kz