Жетісу облысында біраз мал басы шығын болды

Жетісу облысында екі жылдың ішінде 42 ветеринарлық блокты-модульды пункт салынады. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындармен кездесу кезінде мәлім етті, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Әкімнің айтуынша, облыстағы ветеринариялық мәселелерді шешу үшін біраз қаржы бөлініп, бірқатар ауылға арнайы ветеринариялық кешендер салынады. Бұл бүгінде тұралап тұрған саланы жандандыруға себеп болмақ.

«Ветеринариялық қауіпсіздікті нығайту мақсатында блокты-модульды ветеринариялық пунктер орнатылады. Адамның денсаулығын медицина қарайтын болса, біздің денсаулығымыздың сапасы ішіп-жейтін тамағымыздың сапасына байланысты. Сол себепті облыс бойынша ветпунктілер, блокты-модульды комплекстер саламыз. Биыл 18, келесі жылы 24 кешен саламыз. Сонымен екі жылда барлығы 42 ветпункт саламыз. Бұл керек. Өйткені малдың жедел қанын алу, қан талдауын жасау, егу жұмыстары, егілетін препараттарды сақтау, тасып апаруды дұрыс жүзеге асыруымыз қажет. Бұрынғыдай типовой сала салу, оны тасып жүріп салу сапасына әсер етеді.

Рас, сигналдар болды, біраз малдың басы шығын болды. Малдарға тиісті дәрі-дәрмекті уақытында салу керек. Ауру тарап кететін болса, ертең қиын болады. Оған басты назар аударып, ақша бөлеміз. Ветдәрігерлердің жалақысы қазір бұрынғысынан екі есеге өсті. Бұған дейін 140-160 болса, қазір 220-250 мың теңге. Патогенді малдармен, өлекселермен жұмыс істегендер 50 пайыздық бонусты қоса береміз. Бізде жасы келген мал дәрігерлерінің барлығы зейнетке шығыпкеткен соң, орнына жұмыс істейтін жастар болмай қалды. Аз жалақыға жастар бармайды. Сондықтан, бұл жақсы амал. Түптеп келгенде сүт пен ет – қазақтың басты асы. Соның сапасы дұрыс болуы керек, Оның сапасы дұрыс болмаса халықтың, балалардың денсаулығы дұрыс болмайды», – деді жиында Исабаев.

Айтолқын Адырбай,

Жетісу облысы,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.