«Проблема жоқ»: министр СҚО-дағы шығынға батқан фермерлер туралы

Фото: АПК Новости

Астана. 19 қыркүйек. /Айтолқын Адырбай/ QOGAM-MEDIA.KZ — Ауа райының қолайсыздығы, оның ішінде толассыз жауын салдарынан Солтүстік Қазақстан облысының фермерлері биылғы астықтың біршама бөлігі шіріп кеткенін айтып, үкіметтен көрмек сұраған.

Аталған мәселе бойынша арнайы комиссия құрылып, фермерлерге бірқатар көмек көрсетілуде. Өңірдегі жағдайға байланысты Төтенше жағдай енгізіле ме? Бұл сұраққа бүгінгі брифингте ауыл шаруашылығы министрлігінің су жаңа басшысы Айдарбек Сапаров жауап берді.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың сөзінше, өңірде Төтенше жағдай енгізу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ. Қазіргі таңда фермерлердің қанша шығынға батқанын анықтау мақсатында құрылған арнайы комиссия жұмыс істеуде. Десе де аграрийлерге өтемақы төлеу, астықты кептіруге арналған дизель отынын арзан бағада ұсыну, несиелер мерзімін ұзарту сынды қолдаулар қолға алынуда.

«Отын арзанырақ берілетін болады, алған несиелерінің мерзімі ұзаратын болады, үшіншіден субсидия қарыздары жылдың аяғына дейін төленетін болады. Төртіншіден тұқым жағынан қиыншылық болса, тұқым қоры дайындалып жатыр. Корпорацияда бұл жұмыс жүргізіле бастады, тексеріп жатырмыз. Ол тұқымды көктем де таратып беретін боламыз», — деді ол.

Министрдің сөзінше, келесі жылғы егін маусымына қажетті тұқым көлемі бойынша да алаңдауға негіз жоқ.

«Алдын-ала шаруашылықтармен де оперштаб өткіздік, ең алдымен, қазіргі жинаған егіннің тұқымдарын жинап алу керек, бүгінгі күні 40 пайызға жуық тұқым жиналды, ары карай 60 пайыз егін әлі орылады. Содан кейін тұқым жиналады. Бұл жерде біз проблема көріп тұрған жоқпыз, бүгінгі күнгі 1 млн тонна астық корпорацияда бар, соларды тексергеннен кейін тұқым қорын дайындаймыз. Жаңа айтқандай жетпей жатқанын содан аламыз. Біздің шаруашылықтар 80 пайыз тұқымды өздері жинап алады», — деді ол.

Брифинге жеңілдетілген дизель отынын бөлу мәселесі пысықталып жатқаны хабарланды. Министрдің айтуынша, өтінімдер кешегі күннен, яғни 18 қыркүйектен бастап ақпараттық жүйеде қабылданып жатыр. Қазіргі күні жалпы қажеттілік 73 мың тонна. Ал ұсынылатын отынның бағасы литріне 250 теңгеден аспауы қажет.

Тағы бір айта кететін жайт, өңірлердегі ауа райының қолайсыз болуы салдарынан биылғы егістік көлемі былтырғыға қарағанда төмен болып отыр екен.

«Әкімдіктердің мәліметінше, 2,7 млн гектарда немесе 15% алаңда дәннің өніп жатқаны байқалады. Орташа өнімділік былтырғы деңгейден гектарынан 2,7 центнерге төмен. Қазір облыстарда барлық егін жинау техникасы жаппай егістіктерге шықты, жұмыс жалғасуда», — деді Сапаров.

Сөзінше, қиындықтарға қарамастан, еліміз нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз етіледі.

Биыл жиналатын астық көлемі елді нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз етуге жеткілікті болады, деп сендірді министр.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.