«Үш ауылдың тұрғындары жылап отыр»

Түркістан облысында бірнеше ауылдық округ маңындағы жайылымдық жерлерді жеке кәсіпкерлер қазып тастаған. Бұл туралы «Шопан ата» агро-қозғалысы Түркістан облысы филиалының басшысы Әліпбек Бақтыбаев мәлім етті.

Әліпбек Бақтыбаевтың айтуынша, Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылдық округі Тасқұдық елдімекеніне қарасты 12 мың гектарға жуық суармалы жер, 10 мың астам тәлімдік және жайылымдық жерге қатысты дау шығуда. Себебі, кей кәсіпкерлер жерді өз бетінше арық қып қазып, нәтижесінде оған қарапайым халықтың малы құлап, өлуде.

«Бұл жерде жер дауы жесір дауы әлі бітпепті, мына жатқан жатқан қазулы арық байдың жерді бөліп алғаны. Бұған қаншама мал құлап, омақаса мойыны үзіліп, ел шығынға ұшырап жатыр. Көміледі дегенге екі жыл болды», — дейді ол.

Белсенді азаматтың сөзіне сенсек, жергілікті атқарушы билік бұл бассыздыққа жол беріп, жер иелеріне ауыл маңын қазық тастауға жол берген.

«Жайылып жүрген мал бұл арықтан өте алмайды, буаз мал бұған құласа не болады? Бұл барып тұрған бассыздық! Елдімекеннің айналасы түгел осындай қазылып тасталған траншея, апан. Осыған атқарушы билік, ауыл әкімі жол беріп отыр. Үш ауылдың тұрғындары жылап отыр, жайылым жоқ, суармалы жер жоқ, егесі біреу деп зар илеп жүр», — дейді ол видеода.

Аталған мәселе бойынша Сарыағаш ауданының жер қатынастары бөлімі өкілдері пікір білдірді.

«Cарыағаш ауданы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін қоршау мақсатында ор қазған 30 тұлға анықталған. Олар Әлімтау а/о – 1, Дарбаза а/о-3, Тегісшіл а/о – 13, Жылға а/о – 10, Құркелес а/о — 3. Бүгінгі күнге аталған 30 тұлғаның 4-уі қайтыс болған. 2 тұлғаға қатысты сот шешімі мен ұйғарым шығарылған. 9 тұлаға қатысты сотқа талап арыз берілді. 6 тұлға қазған орларды өз есебінен көму жұмыстарын жүргізуді бастады. Жоғарыда аталған өз жер телімдерін қоршау мақсатында ор қазған агроқұрылымдардың орлары толығымен көмілетін болады. Бұл мәселе бақылауда тұр», — делінген хабарламада.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.