Оңтүстік өңір егіншілері тыңайтқышсыз қала ма?

Оңтүстік диқаншыларының көктемгі бас ауруы бұрын селитраның тапшылығы мен қымбатшылығы болса, енді олар жүйенің дұрыс жұмыс жасамауы салдарынан жеңілдетілген бағамен селитра ала алмай отыр, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің тақырыптық отырысында бұл мәселе көтерілді. Мақта өндірісінің дамуына бұған дейін егістік жер көлемінің азаюы, аймақтағы судың тапшылығы, жердің сортаңдануы, мақта өңдейтін зауыттардың тозуы, жиналған мақтаның ел ішінде толық өңделмей, экспортқа жіберілуі, мақта-тоқымашылық өнеркәсібінің дамымауы кедергі келтірсе, енді шаруалар жүйелік жұмыстың бір жолға қойылмауынан зардап шекпек.  

Бұл туралы «Қазақстан химиктер одағы» қауымдастығының өкілі Тахмина Нағұманова комитет отырысында хабардар етті. Оның айтуынша, «ҚазАзот» АҚ Түркістан облысындағы қоймаларында 45 мың тонна селитра жинақталған, тыңайтқыштарды жергілікті диқандар мен Жамбыл облысының диқандары «өткізу өтініші» арқылы жеңілдетілген бағамен алуы тиіс еді. Дегенмен сәуірде EGIS жүйесі бойынша бір ғана өтініш қабылданған. Сәуір айында оңтүстік өңірде егіс егу науқаны аяқталатынын ескерсек, бұл шаруалар үшін үлкен зиян. Оның үстіне бұл 45 мың тонна селитра тағы бір аптада «қоқыс» болып шығуы мүмкін, себебі селитраның жарамдылық мерзімі 6 ай, тонна тонна селитра қараша айынан бері сол жерде қоймада жатыр».

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселеден хабардар, облысқа министрліктің  бір топ мамандары барып, бүгінде тыңайтқышқа қатысты 7 өтінімді қабылдаған. Ал бұл егіс науқаны аяқталуға жақын аймақ үшін теңізге тары шашқандай ғана  көмек, яғни өтінімдердің дер кезінде қабылданбағанынан тыңайтқышқа мұқтаж аймақта үлкен әлеуметтік қақтығыс тууы мүмкін.  Себебі шаруалар егістік кезеңін өткізіп алмас үшін селитраны өз қаржыларынан сатып алып шығынға батады. Мемлекет беруге тиіс жеңілдікті ала алмай, онсызда әлеуметтік жағдайы мәз емес тұрғындар одан сайын қаржыдан қысылып, тығырыққа тіреледі.

Жылда неге елде егіс егу науқаны басталғанда селитра тапшылығы туындайды және оның бағасы неге қымбат деген сұрақ туындайтын. Зерттеулер бойынша Қазақстанда селитраны көп мөлшерде шетелге экспорттау барысында ел ішін­дегі қажеттілік көлемі ескерілмей­ді деген ақпарат алынатын. 1 гек­тарға берілетін селитраның нор­масы 1 тоннаға дейін себілуі керек. Алай­да әр гектарға 200-300 кг селитра ғана себіледі. Демек селитраның ішкі нарық­тағы қажеттілігінің ескерілмеуі оның жетіс­пеушілігін және бағасының қымбат­тауын тудыратын.

Биылғы жыр басқаша! Енді субсидиялаудың жаңа жүйесі және бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе жұмысында проблемалар туындап отыр. Мүндай бітпейтін мәселелерден кейін үлкенді, кішілі шаруашылықтар қалай табыс тауып, экономикаға пайда әкеледі? Тиісті ведомствалар өртеніп кеткеннен кейін өшіру жұмысын жүргізуден қашан арылады? Әлде олар әр егін алқабын игерудің өз уақыты болатынын алдын ала болжап, тиімді көмек көрсетуге қауқарсызба? Мемлекеттен беріліп тұрған көмекті қарапайым шаруалар дер кезінде алмаса, қандай өнім немес өндіріс саны артпақ? Онсызда елімізде мақташылар кірісінің мардымсыз болуының үш үлкен себебі бар. Бұл – су, селитра және тұқым. Енді бұған жүйелік проблема қосылды. Онсызда шаруалар арасында «елімізде, шын мәнінде, мақта өндірісін дамытуға мемлекеттік деңгейде мән берілмейді» деген пікір бар. Енді министрліктің мардымсыз қызметінің арқасында табиғи емес, қолдан жасалған кедергілерден шаршайтын болды шаруалар. Жұмыс жасау механизмдері қашан бір жүйеге келтірілгенше күту керек пе, әлде алдын ала табиғи факторларды ескеріп жедел шешім қабылдап жұмыс жасау тиімді ме? Аты ауыл шаруашылығы деп тұрған тиісті орган ауыл шаруашылық жұмысы табиғи факторларды да ескеріп алдын ала қамдану керек екенін білмей ме? Шаруалар шығының шаш етектен екенін ескерсек, осындай дер кезінде көмек алмағаннан мардымсыз өнім алып қарызға бататын тағы бар. Тыңайтқыш мәселесі тың тақырып болмаса да, шындық осы. «Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр, фермерлер үшін барлық жағдай жасалған» деген сарындағы есеп беруден ауыл халқы, шаруалар шаршады…

Маржан Әбіш,

Астана

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.