Ұстағанның қолыңда, тістегеннің қолында кетті: ауыл ақсақалы не үшін күйінді

Алматы облысы Ақши ауданында жайылымдық жерлер тапшы. Бұл туралы Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тұрғындармен кездесуі кезінде белгілі болды. Жерден басқа ештеңе сұрамаймыз деген халық облыс әкімінен мәселені шешіп беруді сұрады, деп жазады Agroqogam.kz тілшісі.

Алматы облысында пайдаланылмай жатқан жерлерді халық игілігіне қайтару мәселесі әлі де қызу талқылануда. Бұл жолы Ақши ауылының тұрғыны жайылымдық жерлердің тапшылығынан халық мал ұстауда қиындық көріп отырғанын айтып, наразылығын білдірді.

«Бізде бір-ақ мәселе бар. Ол — жер, жайылым туралы. Өткенде аудан әкімімен кездескен кезде ауылдан арақашықтығы 15 шақырымға дейін орналасқан жердің барлығын жайылымға босатып береміз деді. Кеңес үкіметі келмеске кетті. Одан қалғанның бәрі де «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті. Міне, мұнда мал баққандар отыр, механизаторлар отыр. Ауданның отымен кіріп, күлімен шыққан азаматпын мен де. Ауылда калың қазақ бар, бізге мал жайылатын жер керек. Өзіңіз бақылауға алып, комиссия шығарсаңыз. Әйтпесе, біздің, қара халықтың колымыздан түк те келмейді. Кеңес үкіметі тарағанда малдан біреу бірдеңе алды ма, техника алғандар бар ма осында? Көп техника кетті металлоломға. Жаңа Қазақстаннан не күтеміз? Нан, май сұрамаймыз, тек қана жер беріңіздер. Жем-шөп қымбат, бір тюк шөпті 1,5 мың теңгеден алдық, 5-6 мыңға бір қап жем аламыз. Пенсиямыз соған кетеді, бала-шағамыз қалаға, кредиттің соңында кетті. Жер болмаса, мал болмаса мұрнымызды шұқып отырамыз. Қазақ малмен күн көрген. Ақшиді білесіздер, құрғақ құмды жер. Кеңес үкіметі кезінде ауыл шаруашылығында істедім, Ақшидің төңірегі түгел мал ұстайтын жер болған. Айдадық, қырдық, жойдық, енді менің өтінішім: қалған малды сақтайық», — деді ауыл тұрғыны.

Тұрғынның бұл сауалына аудан әкімі Бағдат Қарасаев жауап берді. Аудан басшысы өңірде қанша игерілмей жатқан жер барын да айта кетті.

«Мен бұл мәселені білемін. Халықпен кездескенмін. Осы уақытқа дейін комиссия игерілмей, пайдаланылмай жатқан 182 мың гектар жерді анықтаған. Ал Ақшиге байланысты айта кетейін, ауылдың маңайынан 5 шақырым қашықтықта орналасқан 4 670 гектар жерді ауылдағы жеке меншік малдарды бағу үшін жергілікті әкімшілікке толық байлап бердік. Соған қарамастан ауданда 159 мың ұсақ мал бар, 48 пайызы Ақши ауылдық округіне қарасты Күрті ауылында. 67 мың гектарды қайтарып алу үшін сотқа бердік. 110 мың гектар қалған, соның 30 мың гектары шарт жасалмаған, жұмыс жасалып жатыр. Биыл толық бекітіп, 10 мың гектар жерге дейін Ақши ауылдық округіне байлап береміз, ешкімге берілмейді. Жауабы сол», — деді ол.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.