Атбегі қыз Аружан: Көкпар тарту – ерлердің ғана ісі емес

Еліміздегі атбегілікпен айналысуды кәсіби түрде қолға алған қыздар туралы мақалалар топтамасын жалғастырамыз. Бүгінгі кейіпкеріміз — кішкентай күнінен атбегі болуды армандаған, көкпар шауып, бәйгеге қатысып жүрген шабандоз Аружан Амангелдіқызы, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Атасы мен әжесінің тәрбиесінде өскен Аружан Жамбыл облысы Меркі ауданының тумасы. Кішкентайынан малдың ортасында өсіп, төрт түліктің қыр-сырын меңгеріп өскен қыз 5 жасынан ат жалын тарта бастағанын еске алады. Айтуынша, сол күннен бастап ол аттан түспеген. Бойжетіп, мамандық таңдарда да бойыма сіңген атқа деген махаббатыма сүйендім, дейді бойжеткен. 19 жастағы ару әлі де болашағын ұлттық спортпен, оның ішінде ат спортымен байланыстырады.

«Отбасымда қыздан кенжемін. Атам мен ағамның мықты тәрбиесінде өскенмін. Бір ағам, әпкелерім, інім бар. Қазіргі таңда оқимын, дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алдым. Атам жас кезінен мал бақты, ағам да бақты. Солардан ат жайлы барлығын үйрендім. Атқа бес жастан бастап мінгем, содан бері түспедім. Әлі күнге дейін ат десе, ішкен асымды жерге қоямын», — дейді ол.

Аружан көкпар, бәйге секілді ат спорты түрлеріне белсенді қатысып, өзін осы салада сынап көрген. Көпжылдық тәжірибесі жоқ болғанымен, көкпардан да, бәйгеден де жақсы нәтижелерге жеткен.

«Бастапқыда, ағам көкпарға қатысқан кезде мен де сол жақты маңайлап жүретінмін. Ол — көкпар шабады, мен оның атын демалдыру үшін қасында атын мініп жүретінмін. Кейіннен ауыл балаларымен бірге көкпар тартып, көкпарға деген қызығушылығым ашылды. Бара-бара ауыларалық  көкпарлардан қалмайтын болдым», — дейді ол.

Ал бәйгеге деген сүйіспеншілігі Алматыға оқуға келгелі арта түскен. Мықты сәйгүліктер мен бәйге аттарының физикалық ерекшеліктерін көріп, олардың мүмкіндіктерін байқап, өзін де бәйгеден дамытпақ ниетте.

«Десе де, әрдайым көкпар мен үшін бірінші орында тұрады. Кейде адамдар көкпар ер балаларға арналған спорт деп айтып жатады. Бірақ менің қызығушылығымды ондай сөздер тоқтата алмайды. Атбегілікті жаны сүйіп, жаны қалап айналысқан адамға бұл проблема емес», — дейді батыл бойжеткен.

Аружанның сөзінше, жылқының жан-дүниесіне үңіле түскен сайын олардың қаншалықты ақылды жануар екенін түсінуге болады. Жылқылар өте кербез, сезімтал, ұғымтал келеді, дейді ол.

«Көкпар не бәйгеде атың кенеттен ауырып қалу секілді проблемалар болуы мүмкінн.  Бірақ аттың жанын түсінетін адам бірден біледі. Атбегілер атқа жақын болғандықтан, көкпар кезінде, жалпы атқа мінгенде ерекше күйге түседі. Атқа мінбесе, өзіне бір нәрсе жетіспей тұрғандай сезінеді. Ал аттың жанында өздерін толыққанды адам секілді сезінеді, — деген ол атбегі қыздардың елде көбейіп келе жатқанын айтады. — Бүгінде көп адам атпен айналыспайды. Мен де, менің ойымша ұлтық спортқа өз үлесімді қоспадым. Мен тек көкпармен айналыстым, енді-енді ұлттық спорттың жанрын, тәртібін біліп келе жатырмын. Алдағы уақытқа жан бату, қыз қуу секілді түрлерін дамытуым керек. Қыздар қатысатын ат спортын дамытқым келеді. Бір қуантатыны, атқа мінетін, ат жалын тартқан қыздар көбейіп келе жатыр. Бірақ атқа мінумен ғана шектеліп келе жатыр», — дейді ол.

Аружан ер адамдардың тарапынан «бұл қыздың айналысатын ісі емес, қыз баласына тән емес» деген сөздерді жиі еститінін айтады. Әсіресе, әлеуметтік желіде атбегі қыздарға «оғаш» сөздер жазатындар да кездесетінін жасырмайды. Бірақ, қайсар қыз елдің сөзіне бола, сүйген ісімді» тастамаймын деп бекініп отыр. Бастысы, жақындарым қолдаса – болғаны, дейді Аружан.

Айтолқын Адырбайқызы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.