Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы асыл тұқымды қойлар асыраумен айналысатын «Қуанышты Мықтыбаев» шаруа қожалығында ет-май өнімділігі бағытындағы ең ірі салмақтағы қой еліміздің рекордтар кітабына енді. Оның салмағы – 230 келі, деп хабарлайды Agroqogam.kz тілшісі.
Аталған жетістік 16 ақпан күні тіркелген. Рекордты салмақтағы қошқарды ресми түрде тіркеп, тексеру үшін КИнЭС рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов арнайы келген. Маманның сөзінше, ол мұндай қойды бұрын-соңды еш жерден көрмеген және бұл Қазақстанның ғана емес, әлемнің рекордтар кітабына сұранып тұрған нәтиже.
«Тексердік, таразы дұрыс көрсетіп отыр. Бәрі дұрыс. Мұндай қойды көрген емеспіз. Әлем рекордына тән көрсеткіштердің бірі. Қазақстан рекордтар кітабы атынан сертификат Қуаныш Мықтыбаевқа тапсырылады. Ет-май өнімділігі бағытындағы қошқардың салмағы 230 кг екенін растайды. Бұл еліміздегі ең ірі салмақты қой жануары ретінде тіркейді. Қошқардың лақап аты – Миллион. Жасы 4-те. Керемет көрсеткіш», — деді Қуандық Құдайбергенов.
Ал ең ірі салмақты қойды баптап, өсірген кәсіпкер, шаруа қожалығының иесі Қуаныш Мықтыбаевтың айтуынша, бұндай салмақтағы қой ТМД елдері арасындағы тұңғыш рет тіркеліп тұр.
«Бүгін менің Миллион деген қошқарым кітапқа тіркелмек. Қазақстан үшін үлкен жаңалық. Ет-май бағытындағы осы тұқымды тіркеп алсақ, бұл үлкен нәтиже болар еді. Қазақ елі құтты болсын!», — деді шаруа.
Айтолқын Адырбай,
Agroqogam.kz.