Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары Шелек ауылындағы еш қоршауы жоқ қоқыс алаңына шағымданып, жанайқайын жеткізді. Тұрғындар қараусыз жатқан жер қоқыс полигонына айналып, онда мал өлексесі, белгісіз сұйықтықтар, оған қоса медициналық қалдықтар төгілетінін мәлім етті. Ауылдан бір аттам жерде орналасқан заңсыз қоқыс алаңына қатысты облыстық экология департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды Agroqogam.kz.
Шелек ауылының тұрғындары ауылдың жанында орналасқан қоқыс алаңының зардабын шегіп отырғанын айтып дабыл қақты. Айтуларынша, бұл қоқысқа адам денсаулығына зиян небір заттар тасталынады. Алайда қадағалаудың жоқтығынан қоқыс алаңының көлемі ұлғайып, одан келетін қауіп де артуда. Тіптен жеке кәсіпкерге тиесілі алаңның қоршауы да болмағандықтан, оған мал кіріп, мертігуде.
«Еш жазуы да жоқ, қоршалмаған. Осы жерден су өтіп, біздің ауылға барады. Осындағы мазутқа батып, төрт бес малым өлді осы жерде», — дейді ауыл тұрғыны Ерқанат Байжасаров.
Облыстық экология департаментінің мәліметінше, аталған мәселе бойынша жауапты тұлғаларға айыппұл салынды.
«Департаментпен ағымдағы жылдың 25 қаңтарында жергілікті атқарушы органдардың, БАҚ өкілдерінің және Шелек полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, Шелек ауылының батыс бөлігінде орналасқан рұқсат етілмеген қоқыс орнына және «Балис 2007» ЖШС-нің аумағына шығып зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында қатты-тұрмыстық, медициналық қалдықтардың заңсыз үйінділері және белгісіз қара сұйықтықтың төгілу фактісі анықталды.
Өз кезегінде, Департаментпен Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының жергілікті атқарушы органына және «Балис 2007» ЖШС-і өкілдеріне қатты тұрмыстық, медициналық қалдықтардың заңсыз үйінділері мен белгісіз қара сұйықтықты жоюға бағытталған шаралар қабылдау туралы тапсырма берілді», — делінген хабарламада.
Одан бөлек, аталған жерге иелік ететін «Балис 2007» ЖШС-не қатысты Қазақстан республикасы Экологиялық кодексінің талаптарын бұзғандығы үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексі 344-бабының 2 және 3-тармағына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, жалпы сомасы 517 500 теңгеге тең және 337-бабының 3-тармағына сәйкес тағы 517 500 теңгеге қысқартылған түрде айыппұл салынған.
Сонымен қатар, Енбекшіқазақ ауданы Шелек ауылдық округінің әкімі де 172 500 теңге көлемінде айыппұл арқалады.
Еске салсақ, былтыр жыл соңына қарай облыстағы бірнеше аудан әкімінің заңсыз қоқыс полигондары үшін айыппұл салынған. Оның ішінде Талғар, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Іле ауданы әкімдері бар.
Айтолқын Адырбай,
Алматы облысы,
Agroqogam.kz.