Алматы облысы Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылының тұрғындары ауызсуға зәру. Жылдар бойы қордаланып келген бұл мәселені шешу үшін тұрғындар Алматыдағы Райымбек даңғылының бойына шықты. Көшені жаппақ болғандармен сөйлесуге Іргелі әкімінің өзі емес, орынбасары келді, деп жазады Agroqogam.kz.
Кемертоған ауылының тұрғындары үшін ауызсу – бас сақинасына айналған. Айтуынша, жаз айларында су толық берілмейді. Шыдамы таусылған оннан астам адам Алматыдағы Райымбек даңғылына жиналды.
«Халықтың бәрі су жоқ деп шулап отыр. Мына даңғылды жабамыз дейді. Әкімдік келеді де, ештеңе шешпей құр кетеді. Ештеңе шешілмейді. Леткевичтің бізге суды жеткізе алмай жатқан мәселесіне елдің бәрі жиналып жатыр. Суды беру қуаты күшті «Таусамалы» фирмасына қосылуды сұраймыз. Ескерту бұл. Болмаса бүкіл ауыл шығып, трассаны жауап тастаймыз», — дейді тұрғындар.
Кемертоғандықтардың айтуынша, ауызсу күндік ағып тұрса, кешке болмайды. Кешке болса, таңертең болмай қалады. Осы судың өзін жүздеген мың теңгеге ақысын төлеп, қостырғандықтан олар судың берілуі де сапасы жақсы әрі тұрақты болса, деген тілегін жеткізуде.
«Кемертоған округінде тұрамыз. Суды сатып алып қосып жатырмыз. Үкіметтен ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Бізді мемлекетке коссын. Кезінде 2015 жылы жарықты 420 мыңға, суды 210 мыңға қостырғанмын. Халық несие алып қосып жатыр. Енді тым болмаса суды уақытылы, өз көлемінде берсін», — деп талап етті олар.
Жиналған халық Іргелі ауылдық округінің әкімін шақыртып, келеді деп күткенімен, әкім қарасын көрсеткен жоқ. Ол өзінің орнына орынбасары жіберген.
«Біз әкімді шақырғанбыз. Әкім жоқ. Замы келеді дейді, мың рет келген ештеңе шеше алмайды. Онда не үшін керек бізге әкім. Жуыну, да шайыну да жоқ», — дейді жамыраған халық.
Ал атқарушы орган судың берілмей қалуы да әдепкі сценарий бойынша – қуаттың жеткіліксіздігі деп түсіндірді.
Тұрғындармен кездесуге аудан әкімі Амантай Терлікбаев пен «Көкдала Сервис» ЖШС басшылығы келді. Олардың түсіндіруінше, жазғы уақытта су тұтыну көлемі артуы себепті, су беру кестесі орнатылған.
«Жаз аяқталғанда мұндай проблема болмайды», — деп сендірді олар.
Айта кету керек, «Көкдала Сервис» ЖШС 2010 жылдан бастап Іргелі (жаңа құрылыс аймағы және ауылдың оңтүстік батыс бөлігі) және Кемертоған ауылдарындағы жеке меншік секторды сумен және жарықпен қамтумен айналысады.
Сумен қамту екі су құбыры арқылы қамтамасыз етіледі. Аталған ЖШС мен тұрғындар арасында жеке келісімшарт бар.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы,
Agroqogam.kz