Райымбек ауданының тұрғыны облыс әкіміне халықтың талабын жеткізді

Райымбек ауданының тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевке бүгін халық жайылымдық жерлер проблемасы туралы тағы да айтты. Аудан белсенділерінің айтуынша, бүгінге халық өзінің малын қайда жаярын білмей дал болған. Бұған себеп, аймақтағы әйгілі Шалкөде жайлауына мал жая алмауы болып отыр, деп хабарлайды agroqogam.kz.

Кездесу кезінде Сарыбастау ауылының тұрғыны облыс басшысына батыл сұрақтар қойып, халыққа тиесілі жайлауды қайтаруды талап етті.

«Шалкөде деген үлен маңызды жайлауымыз бар. Шалкөденің 1650 гектары ата-бабамызға қатысы жоқ, ұлты басқа адамға өтіп кетіп отыр. Сіздер инвестиция тартамыз дейсіздер. Бірақ осы инвесторлар осы жерге мал алып келеді де, халықты зар қақтырады. Биыл олар 250 бас ірі қара әкеліп, 700 қой бағып отыр. Халықпен сыйыспай жатыр. Халық жерсіз отыр. Алайын десе жері жоқ. Халықтың үнін еститін әкім керек. Мұны Бозымбаев мырзаға да айтқанбыз. Шала-жансар орындады да, қалып қойды. Біз кімге барып жүгінерімізді білмейміз.

Жергілікті халықта 60 мың қой бар, оның 45 мыңы меринос қой. Халықтың малдан басқа күнкөріс көзі жоқ. Малмен ғана отыр. 7 мың сиыры, бар, 10 мың жылқысы бар елміз. Өзінің жайлауы жетпей жатқан кезде бізге  басқа жақтан келгендер керегі жоқ. 2015 жылы биліктегі азаматтар жасап отыр осыны. Бұл халықтың үніне, мұңына кім қарайды? Аудан әкімінің жауабын тыңдап-тыңдап жауыр болдық. Осы мәселеге өзіңіз жауап беріңізші», — деді ол өңір басшысына.

Аталған сауалға Сұлтанғазиев жауап беріп, қазіргі таңда осы аумақтағы проблемалық 7 мың гектар жер қайтарылғанын, алда тағы 20 мың гектарын қайтару жоспарда екенін мәлімдеді. Тұрғындардың айтып отырған жері сол қайтарылатын жерлерге жатады. Айтуынша, аталған жерлер сотқа жүгіну арқылы қайтарылмақ. Одан бөлек, ауыл белсендісі халықытң жағдаы өте төмен екенін, салдарынан аудан экономикалық жағынан облыстағы ең артта келе жатқан аудан екенін еске салып, халыққа қолдау қажеттігін айтты.

«Халықтың жағдайы өте төмен. Бай байға, сай сайға құяды. Халықтың жағдайын кім ойлайды сонда?

Дамыған ештеңе жоқ. Бәрі мақтап жатыр, Бірақ Бозымбаевтың ең сорлы жақсылығы 350 млн теңге бөліп берді. Оған техника алды. Осы 300 млнға  12 трактор алған. Ауданда 11 селолық округ 35 мың халық бар. Алған техникасы 0 проценттік коэффициентке де жетпейді.

Мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығын дамыту  керек, халықтың жерін қайтарып, техника жағына көңіл бөлу керек.  Ауданның 90 техникасы тозған.  Бір күн жүреді үш күн тұрады. Қарапайым халық 50 мың , 30 мың теңгеге жұмыс істеп жүргендер бар. Бозымбаев үш жылда ештеңе жасаған жоқ. Бізге жұмыс істейтін, бірақ сырттан келген «гастербайтер» емес, өзіміздің топырақтан жаралған адамын қоюыңызды сұраймыз. Айтпасақ сөздің атасы өледі», — деді ол.

Облыс әкімі техникаға қатысты көмектесуге дайын екенін, десе де, бұл мәселені кәсіпкерлерді тарту арқылы шешуге болатынын жеткізді.

«Техникаға үкімет тарапынан көмек болады. Кәсіпкерлік тарапынан да  ұмтылыс керек. Техника алғасын несиесі бар, басқасы бар. Жалпы облыс бойынша техника тозып кеткен. Оны шешу керек. Ал ауылдың әкімдері сайлауға көшті, бір-екі жылдан кейін сайлайтын боласыздар. Сайлауды ашық демократиялық түрде өткізу – міндетіміз», — деп жауап қайтарды ол.

Айтолқын Адырбай,

Алматы облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.