Алматы облысы Қызылағаш ауылындағы суқойма маңында елуге жуық малдың өлексесі шашылып жатқаны туралы видео жергілікті пабликтерде пайда болды. Тұрғындардың айтуынша, өлген малдың жатқанына бірнеше күн болған. Әкімдік аталған жайтқа пікір білдірді, деп хабарлайды agroqogam.kz тілшісі.
«Мынау Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының су қоймасында яғни платинасының маңайында осылай мал өліп жатыр дейді тұрғындар. Шөп жоқ жейтін десең, жасыл болып тұр айнала, су жоқ десең су да тұр. Сонда не болған бұларға? Болса, неге өліп жатыр? Не болған бұларға? Малдың иесі табылды ма? Сосын айтулары бойынша біраз уақыт жатқан сияқты, тезірек мына жерден көзін құртыңыздар, бұлар не судан уланған ба?», — делінген видеоға жазылған сипаттамада.
Аталған мәселе бойынша Ақсу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Шындәулет Мағжан Мақсатұлы пікір білдіріп, ауылда мал қырылғанын растады. Айтуынша, мал суға тұншығып өлген.
«Қызылағаш ауылдық округі «Платина» аумағында болжам бойынша суға құлап, тұншығып, 8 бас ешкі, 9 бас қозы, 43 бас қой шығын болды.
Жағдай шамамен жұма-сенбі күндері болған. Мал өлекселері судан шығарылып, Қызылағаш ауылдық округі, Қызылағаш ауылындағы мал қорымына апарып тасталды.
Қазіргі мезетте құлақ жапсырмаларына АШЖБ дерекқорынан қарау арқылы, талдау жасалынып, мал иесін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Мал иесі анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексі бойынша, әкімшілік шара қолданылатын болады. Болжам бойынша мал жазғы жайылымға көшіріліп бара жатқан», — деді ол.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы
Agroqogam.kz