Алматы облысының су жаңа әкімі Марат Сұлтанғазиев мегаполиске іргелес орналасқан Іле ауданына барып, алғашқы кездесуін жергілікті тұрғындармен өткізді. Осыған дейін Қанат Бозымбаев өткізген кездесулер аяқсыз қалған болатын. Өңір басшысы аудандағы бірқатар маңызды проблемаларды көтерді. Айтуынша, қуатты әлеуетіне қарамастан, өңірде сүт-тауарлы фермалар мен жылыжайлар саны аз, деп хабарлайды agroqogam.kz тілшісі.
Сұлтанғазиевтің айтуынша, Алматы облысы өнеркәсіп өнімі көлемінің 35 пайызын осы аудан шығарады. Ауданда 309 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 245-і – өңдеу өнеркәсібінде.
Соған қарамастан ауданның ауылшаруашылық саласында жойылуы тиіс олқылықтар да жоқ емес. Мәселен, мұндағы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 71,5 мың гектарды құрайды. Одан бөлек, жалпы алаңы 6,9 гектар болатын 36 жылыжай бар. Десе де тағы 25 жылыжай жұмыс істемей тұр. Өңірдің басшысы осы бойынша тиісті тапсырмалар берді. Тағы бір өзекті проблема — ауданда мал бордақылау орындары мен сүт-тауарлы фермалар санын арттыру. Мәселенің өзектілігі сонда, аудандық малшаруашылық әлеуеті осал емес. Қазіргі таңда ауданда 60,7 мың бас ірі қара мал бар. Бірақ мал бордақылау орны 4-еу, сүт-тауарлы ферма саны бесеу ғана. Әкім бұл мәселені шешуге барын салатынына уәде берді.
Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде жайылымдық жердің жетіспеушілігі маңызды болып тұрғанын атап өтті.
«Пайдаланылмайтын жерлерді қайтару және оларды ұтымды пайдалану жұмысын жандандыру керек. Жердің нысаналы мақсатын негізсіз өзгертуге жол берілмесін. Қолданыстағы заңнаманың нормаларын сақтай отырып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер учаскелерін беру және жер деректерін цифрлау бойынша қажетті шаралар қабылдаңыздар. Халықты орталықтандырылған сумен, су бұру жүйесімен және және газбен қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауға алуды тапсырамын, — деді М.Сұлтанғазиев сөзінің қорытындысында.
Сонымен бірге Алматы облысында 25 мың тұрғыны бар Ащыбұлақ ауылының тұрғындары да облыс басшысына өзінің жанайқайын жеткізді.
«Алматыдан 45-50 шақырым жерде орналасқан Ащыбұлақ ауылының тұрғындарының атынан ешкім шеше алмай жатқан мәселені айтқым келіп отыр. Ол автобус мәселесі. Қалаға халық жұмысқа қатынау үшін бірнеше мәрте такси ауыстырып, жол тосуға мәжбүр. Бұл проблеманы бәрі біледі. Бірақ шешілусіз тұр. Алматы әкімдігі не өздері қамтымайды не Іле ауданына бермейді. 25-30 мың халық автобуссыз отыр. Осының шешімін тауып берсеңіздер екен», — деді ауыл тұрғыны, «Батыр» саяжайының төрағасы Агадилов Исламбек.
Аталған мәселені Сұлтанғазиев шешіп беруге уәде берді. Айта кету керек, әкімнің Іле ауданының тұрғындарымен келесі кездесуі желтоқсан айына жоспарланып отыр. Тұрғындар әкім берген уәделердің қалай орындалғанын сол уақытта бағамдай алмақ.
Айтолқын Адырбайқызы,
Алматы облысы
Agroqogam.kz