15 млн теңгеге сатылып кеткен мектеп «тағдыры» қалай болды?

Алматы облысы Шалқар ауылындағы 15 млн теңгеге жеке меншіктің қолына өткен мектеп бірнеше апта бойы қоғамда белсенді түрде талқыланып жатыр. Мектептің тағдыры туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев айтып берді, деп хабарлайды Аgroqogam.kz тілшісі.

Бірер апта бұрын мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысындағы мектептерге қатысты сорақы жайттың бетін ашты. Ол өңірде мектеп жетіспей жатқанына қарамастан, Шалқар ауылындағы толық күрделі жөндеуден өткен мектеп 15 млн теңгеге сатылып кетті деп мәлімдеген болатын. Өз кезегінде депутат мектепті қайтаруға екі ай уақыт беретінін айтып, өз талабын жеткізген.

«Өткен аптада Алматы өңіріне барып келдім. Мектеп туралы айтып жатсыздар. Мен сіздерге бір сұмдықты айтайын. Біз бар мектептің өзін сатып жатырмыз. Мәселен, Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломоносов атындағы 250 орынға арналған орта мектеп болған. Соңғы жылдары толық күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан спорт зал салынып, нысан пайдалануға берілді.

Барлық ауыл баласы қуанып жүргенде, ауыл мектебін жекеге сатып жіберген. Оны әкімдіктен басқа кім сатады? Оны 15 млн теңгеге сатқан. Прокуратураға «Қайда қарап отырсыңдар?» деп айттық. Олар сот шағымын қабылдамайтынын, шамасы жетпейтінін айтып отыр», – деді депутат Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингінде Алматы облысы әкімі аталған мектептің тағдыры қалай болғанын айтып берді. Өңір басшысының берген жауабына сай бүгінгі күні аталған мектеп үкіметтің меншігіне қайтарылған.

«Мектеп тапшылығы бар. Бізде үш ауысымды 51 мектеп бар. Нақты осы мектеп туралы айтсақ, біраз соттастық. 8 маусымда алған адам өз еркімен мектепті үкіметке қайтарып берді», – деді ол.

Айтолқын Адырбай,

Agroqogam.kz.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.