Әйгілі Қостанай жылқыларын сақтап қалу жұмыстары басталды

Алматы облысы. 27 наурыз. /Айтолқын Адырбай/ QOGAM-MEDIA.KZ — Жоғалып кетудің сәл-ақ алдында тұрған Қостанай жылқыларының тұқымын сақтап қалу жұмыстары басталды.

Осы мақсатта Алматы облысындағы жылқы зауытынан асыл тұқымды екі айғыр «Қазақ тұлпары» жылқы зауытына жеткізілді, деп хабарлайды qogam-media.kz.

1951 жылы Қостанай, Майкольский және Троицкий (Ресей) жылқы зауыттарында қазақ тұқымды биелерді қалмақ, дон, стрелецкая, орлов-растончинская, ағылшын-араб және асыл тұқымды шабандоз айғырларымен шағылыстыру арқылы алынған Қостанай жылқылары қазір жойылудың алдында тұр. Бұл тұқымның жылқылары күштілігімен, төзімділігімен ерекшеленеді және Қазақстанның климатына бейімделген. Бүгінде «Қазақ тұлпары» жылқы зауытында (Қостанай жылқы зауыты) 48-і ғана бар. Былтыр желтоқсанда «ҰАҒБО» КеАҚ, «Қазақ тұлпары» ЖШС және «Байсерке Агро» арасында қостанайлық жылқы тұқымын сақтап қалу және көбейту бойынша бірлескен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.

Қазіргі таңда Қостанай тұқымы жылқыларын сақтап қалу жұмыстарының бірінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында «Байсерке Агро» холдингі шағылыстыру және ұрықтандыру үшін 10 жасар Кумир және 8 Триумф деген қос айғырды Қостанайдағы жылқы зауытына жеткізіп, алдағы уақытта асылдандыру маусымында зауытта болады. Аталған айғырлар Еуропадан келген таңдаулы жүйрік аттардың ұрпақтары және Алматы облысындағы «Қобыланды» жылқы зауытына тиесілі. Оларды Қостанайға жіберер алдында ғалымдар мұқият іріктеу жүргізіп, қостанай тұқымына ең ұқсас күрең түсті, аяғы мен маңдайында ақ дақтары бар екі айғырды таңдапты. Айғырлардың көмегімен асыл тұқымды өзек болып табылатын Қостанай тұқымының 34 бас биесін ұрықтандыру жоспарланып отыр.

«Қазақ тұлпары» мал шаруашылығы маманы Виталий Гофманның айтуынша, айғырлар алдымен бейімделу және жұптауға дайындық кезеңінен өтеді. Сәуір айының соңында басталатын жұптастыру жоспары әзірленіп жатыр.  Жұптар тұқым стандартына қол жеткізу үшін сыртқы түрі мен келбетіне қарай таңдалады. Олардан келесі жылдың сәуір-мамыр айларында төл алынбақ.

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.