Қордайда ұсақ малдан бруцеллёз анықталды

Жамбыл облысы Кенен ауылындағы үй шаруашылықтарында бруцеллёз анықталды. Бұл мәліметті Ветеринариялық бақылау және қадалағау комитетінің Қордай ауданы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Күшікбаев Дархан растап отыр. Оның айтуынша, қауіпті дерт 4 ұсақ малдан шыққан, деп хабарлайды agroqogam.kz тілшісі.

Малдан анықталған дертке байланысты аумақтық инспекция әкімдікке ұсыныс жасаған. Соның негізінде ауыл әкімі Кенен ауылындағы Кенен Әзірбаев атындағы көшеге шектеу шараларын енгізу туралы шешім шығарды. Шешім 10 тамыз күні шыққан, бірақ әлі заңды күшіне енген жоқ.

«Біз өз тарапымыздан әкімдікке ұсыныс тастадық, әкімнің шешімі бар. Енді ол күшіне енсе, тиісті шаралар қолға алынады. Бруцеллёз 4 ұсақ малдан анықталды», — деп хабарлады аудандық инспекция басшысы.

Айта кету керек, бруцеллёз малдан адамға жұғатын қауіпті, жұқпалы ауру. Көбінесе қойлар мен ешкілер ауырады. Аурудың айтарлықтай көзге көрінерлік белгілері жоқ, мал ағзасында жасырын өтеді. Қазақстан заңнамасы бруцеллёзбен ауырған малды уа­қытында союды талап етеді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2013 жылғы 9 тамыздағы №814 «Ветеринариялық (вете­ринариялық-санитарлық) қағи­да­ларын бекіту туралы» қаулысын­а сай  жергілікті атқарушы ор­ган ауру малды басқа малдардан оқшау­лап, әрі кеткенде 15 күн ішінде мал соятын арнайы орынға са­нитариялық союға жіберуі тиіс.

Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.