Қойшымен текетірес: Алматы облысында ауыл әкімінің басы дауға қалды

Алматы облысы Күрті ауылдық округінің әкімі Омаров Төлегеннің басы дауға қалды. Әкімге тиесілі шаруа қожалығында сегіз жыл бойы еңбек етіп келген қойшының жұбайы еңбегіміздің ақысын ала алмай жүрмін деп желіде әкімге ашық шағымданған. Шенеуніктің бұл оқиғаға қатысты өз уәжі бар, деп хабарлайды Agroqogam.kz.

Аталған жайтты алғаш рет желіде қойшының жұбайы Дариякүл Заманбекова баяндаған. Ол отбасымен сегіз жылдан бері бүгінде ауыл әкімі болып отырған азаматтың қойын бағып келгенін және оның өз уәдесін орындамай, уағдаласқан ақшасын бермей қойды деген уәжін жеткізген.

“2014 жылдан бастап Омаров Төлегенге малшы болып кірдік. Айына 50 мың, бір қой берем деді. Жылдың аяғында тағы 35 бас мал беремін деп келіскенбіз. Бір жыл бұрын жалақыны 100 мың теңгеге көтерді. Биыл көктемде жолдасым инсульт алды. Мен сонда ол кісіге”бізден малды қабылдап алыңыз, бізді босатыңыз.

Жинаған терген еңбегімізді беріңіз” десем, ол кісі бергісі келмейді. Басында бізге бес жылдан соң үй салып берем деп уәде еткен. Үйдің жартысын салып, қалғанын салмады. “Екі жыл бойы қойды дұрыс баққан жоқсың” деп өзімізді кінәлап отыр. Жолдасымның жұмыс істеуге денсаулығы жарамайды”, – деді ол.

Шаруа қожалығының иесі Талғат Омаров болса, оның жұмысшыларының алдында ешқандай қарызы жоқ екенін алға тартады. Айтуынша, осы уақытқа дейін жылына ондаған ұсақ мал төлін пай ретінде беріп, еңбегінің ақысына да уақытылы төлеп отырған. Бірақ, соңғы екі жылда жүздеген бас малынан айырылып, шығынға шаш етектен батқанын айтады.

Ол ауыл әкімі болып тек былтыр сайланғанын, ал шаруа қожалығы онда 2001 жылдан бастап бар екенін жеткізді. Ал шағым айтқан кісілерді бұрыннан танимын және пай ретінде берген малдарды қайтарып бердім деп сендірді.

«Әкім болғанға дейін кәсібім болған адаммын. Бұл кісілер өзіміздің ауылдың азаматтары, бірге өскен азамат. Шопан болып істеген. Былтыр бізде 300-дей қозы шығын болды. Қыс қатты болды, құрғақшылық, жер тақыр болды, ауа райы жағдайы дедік те, оларға ештеңе деген жоқпыз. Арада дау-дамай да, ешнәрсе болмады. Кешірдік. Енді одан кейін “қалай жұмыс істейсің, басын шешіп алайық” дедік. “Сізден де ұят болды, ендігі жылы төл алып беремін” деп уәде берген өзі”, – деді ол.

Әкімнің айтынша, мал биыл да қырылған. Қойшы болса, уәделі төлдерді осы жылы да ала алмаған.

“Малшының жұмысы да сол – төл алу ғой. Малдың артынан төл алу үшін бір жыл бойы жұмыс істейміз. 400 қозы өліп қалды. 680 қойдан алып отырғанымыз 370-390 қозы», – деген шенеунік 12 млн теңге шығынға батқанын жасырмады.

Әкімнің пікірінше, шаруашылығы оның қызметіне кедергі келтірмейді. Себебі, ол кәсібін сенімгерлік басқару арқылы туыстарына табыстаған.

«Қазір нақты қолына 100 мың алады, азық-түлігін мен алып беріп отырдым. Оның өзіне 60-70 мың кетеді. Аспазға тамақ жасап отырғаны үшін төлейтінмін. Ай сайын бір қой алады. Жылына 40-60 аралығында тоқты алып отырды. Былтыр енді мал қырылғаннан кейін сәйкесінше ештеңе алған жоқ», – деді ол.

Ал желіге видео жүктеген қойшының жұбайы Дариякүл Заманбекова болса, малды әдейі ешкім өлтірмегенін, қойдың төлі қотырланып, ауырғандықтан қырылғанын алға тартуда.

Айтолқын Адырбайқызы,

Алматы облысы,

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.