Қарашөкеев Беларусьтан импортталатын ет туралы: шұжыққа кететін шығар

Фото из открытых источников

Қазақстан өзін-өзі етпен қамтамасыз ете алмай ма? Бұл сұрақты бүгін брифинг кезінде ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке журналистердің бірі қойды. Министрдің айтуынша, көрші мемлекеттерден келетін мұздатылған импортты ет көбінесе шұжық жасау өнеркәсібінде қолданылады.

«Статистика агенттігінің мәліметінше, биылғы наурыз айында, яғни бір айда ғана Қазақстан Ресей мен Беларусьтан 2 млн доллардан астам сомаға 500 тоннадан астам ірі қара малдың етін импорттаған. Кім және не үшін ЕЭО елдерінен етті импорттады, не себепті Қазақстан өзін етпен қамтамасыз ете алмай отыр?», — деген журналистің сұрағына министр мырза нақты жауап бере алмады.

Десе де ол еліміз Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі болғандықтан ет импортына тыйым сала алмайтынымызды ашық айтты. Айтуынша, соңғы 5-7 жылда дәл Беларусь елінен келетін ет көлемі расымен де ауқымды. Дегенмен бұл еліміздің фермерлері қазақстандықтардың етке деген сұранысын өтей алмай отыр деген сөз еместігін жеткізді.

«Бірақ Қазақстанның етті тұтыну көлеміне қарайтын болсақ, біз өз-өзімізді етпен толықтай қамтамасыз ете аламыз. 1 млн тоннадай ет өндіріледі, ол Қазақстандықтардың өздеріне толықтай жетіп жатыр. Беларусьтан келіп жатқан мұздатылған ет шығар. Ол шұжық шығаратын өнеркәсіптер пайдаланады, бағасы өте төмен, Қазақстандықтар оны тұтынбайды да, шұжыққа пайдаланатын шығар. Нарық болған соң, сауда қарым-қатынасы болған соң, ондай фактілер бола береді. Қайдан әкелсе де статистика мәліметі бойынша елдегі ішкі сұранысты өзіміздің фермерлер алып келіп жатыр», — дейді министр.

Сонымен бірге министр оңтүстіктегі мақта өсірушілер проблемасына да тоқтала кетті. Айтуынша, мақта бағасының тым арзандап кетуі ішкі факторларға емес, сыртқы нарықтағы жағдайға тікелей байланысты.

«Биыл нарықтағы бағаны көрейік, әзірге болжам жасау қиындау. Қарау керек», — деді ол.

Айтолқын Адырбай

Agroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.