Құс бағушы Евгения

1990 жылдары Алғаның химиялық зауыты жабылған кезде ол базарға саудаға шықты. Уақыт өте келе жеке азық-түлік дүкенін ашуға мүмкіндігі болды. Қазірде Евгения Макаревич танымал құс бағушы. Арманы үлкен құс фабрикасын ашу. Әзірше, өз ауласындағы сарайда бағып отырған құс еті және жұмыртқасымен ақтөбеліктерді бағып келеді.

Сауданы бала кезден үйренген

Евгения Макаревич Ақтөбеден 52 шақырымдағы Алға қаласына Қарағандыдан 6 жасында көшіп келді. Анасының туған өлкесі осы жер еді.

Мектеп бітірген соң училищеге оқуға түсті, КИПиА — бақылау-өлшеу аспаптары және жабдықтар слесарі болды. Көптеген алғалықтар секілді жергілікті химиялық зауытқа жұмысқа орналасты. Бірақ, 90-жылдар болғандықтан, кезінде бүкіл Одаққа танымал болған зауыт жабылып қалды. Евгения Макаревич училищені үздік бітіргендіктен институтқа жолдама алды.

«Оқуға бармадым. Зауыт жабылып және жұмыс жоқ кезде оқып не қыламын ? Және отбасымда бес баланың үлкені болғандықтан кішілерге көмектесуім керек болды. Осылайша саудагер болдым. Базарда тамақ, киім-кешек, түрлі заттармен сауда жасадым. Оларды Алматы, Түркістан, Ресейден тасып әкелетінмін» — деп Евгения еске алады.

Сауда жасауды бала кезімнен үйренген едім. Әжем үйретті. Оқушы кезімде сәбіз, жүгері сататынмын, әрқашанда өзімнің қаражатым болатын еді. Ал, шаруашылықпен айналысуға да бала кезімнен үйретті. Біз сиыр, бұқа, құстар бағып, асырадық.

Уақыт өте келе Алға қаласында жеке азық-түлік дүкенімді ашуыма реті келді. Аудан орталығында супермаркет ашылғанша барлығы орташа деңгейде жақсы жүріп жатты. Ашылған бойда көпшілік сол жерден сауда жасап, сатылым азайды, осылайша біз құстармен айналысуға ауыстық.

Ұлыма күркетауық бағу деген ой пайда болды. Ол Тенгизде жұмыс жасайтын, сол жердегі әріптестері айналысады екен, тиімділігі туралы солардың әңгімесінен естігені.

Алғашқы күркетауықтар

2016 жылы бастама ретінде алғашқы 50 Биг-6 күркетауық жұмыртқасын, инкубатор сатып алып балапандарды өрбітті. Жұмыртқа бағасы 1700 теңге еді, инкубатор шамамен 50 мың теңге, күркетауыққа арналған протеиндер мен витаминдері бар жемнің қапшығы 12 мың теңге еді. Бірақ, 50 жұмыртқадан 17 ғана өсіп шықты, олар 12 килограмдай ғана салмақта еді, бұл әдеттегіден екі есе төмен жағдай болатын.

Біз ол уақытта ештеңе білмедік, ақпаратты ютубтан қарайтынбыз. Тіпті, біздің арнайы сарайымыз да болмады, құстарды ауладағы шатыр астында ұстадық. Ал, күркетауықтар болса жылуды жақсы көретін және жылу оларға бройлерлерден де артық қажет еді. Құстардың әрбір түріне өзіне тән жағдайлары қажетті. Күркетауық балапандары үлкен, аяқтары әлсіз, 35 градус жылылық керек, ал біз оларды далада бағатын едік. Жемдері қымбаттаған соң суға шыланған және ұнтақталған нан бере бастадық. Сөйтсек, олардың өсім кезеңінде арнайы витаминдері бар жем беру керек екен.

Екі күркетауықты өзіміз азық еттік, қалғандарын дүкенімізде саттық. (Супермаркет біз сияқты қарызға сауда жасамайтындықтан сатып алушыларымыз бізге қайта оралған болатын). Нәтижесінде, біз шығынға ұшырағандықтан, қайтып мұнымен айналыспаймын деп шешкен едім – дейді Евгения Макаревич.

 Бірақ балам: Біз барлығын қате жасағанбыз, енді дұрысын жасаймыз – деді. Құс бағатын әріптестерімен кеңесіп жылы сарай тұрғызуға шешім қабылдады. Ол кезде 24 жаста еді. Мен баламды қолдадым. Қаржылық қолдау қорынан 2,5 миллион теңге алғашқы несиемізді алдық.

Жәрмеңкеден кейін тапсырыстар артты

Сарайды тұрғызған соң кәсіпкерлер бройлер жұмыртқаларын алуға шешім қабылдайды. Бұл құс күркетауықтан көрі жылдам өсім беретін. Алдын-ала бәрін есептеп, жем қорын толықтырып алады. 200 балапан шыққан кезде оларды азықтандыру керек. 15 күн бір түрдегі жем беріп, одан кейін өзгеше жем берілуі керек екен. Балапан өскен сайын жем көлемін де көбейтіп тұру керек. Инкубаторды Евгенияның ұлы Виталий өзі құрастырды.

Бройлерлерді сатып – күркетауық жұмыртқаларын алды. Алғалық құс бағушылар өніміне сұраныс арта бастады. Оның себебі, Ақтөбе облысында құс етін пайдалану сұранысы 8 % ғана қамтамасыз етілген, қалғаны сырттан әкелінетін. Алғалық кәсіпкерлердің бройлерлерін Ақтөбедегі алғашқы жәрмеңкеде таласып алып кетті. Көпшілік тағы да әкелуге сұраныс білдірді.

«Біз Инстаграмда парақша аштық, кері байланыс орнады, тек қана тауық еті емес, күркетауық еті және тауық жұмыртқаларына да сұраныс білдірді. Демек, жұмыртқалайтын тауықтарды да өсіру керек екен деп шештік. Өнімдерімізді облыс орталығына және Алғадағы өзіміздің дүкен арқылы сатуды бастадық. Қосымша бизнесіміз болмаса біздің әрекеттерімізден ештеңе шықпас еді. Несие алып, құстар немесе мал сатып алсаң жеткілікті, өзім өнім береді деген бұл қате пікір. Себебі, ауылдық жердегі кәсіпкерліктің алғашқы бес жылы бұл тек қана қаржылай қолдау жасау. Бұл кезеңде субсидия міндетті түрде берілуі керек, әйтпесе өзіміздің өнім ешқашан да болмайды» деп тұжырым жасайды Евгения.

Сонымен, алғашқы сарай жанына Евгенияның ұлы несие алып қосымша сарай жалғады, одан кейін тағы біреуін, және тағы бірнешеуін тұрғызды. Жылдар өте келе кішкене аулада түтінмен ыстау қоймасы, құс етін жұлуға арналған жұлушы машина, етті буып-түюге арналған газсыздандырғыш, бұқтырылған бұқтырманы шығаруға арналған автоклавтар, ет тартқыш, сүйек кескіш, сақтау тоңазытқышы пайда болды. Тауық қорасында құстардың саны өсті.

Мал дәрігері өзіміз

«Біздің дамуымызға сатып алушыларымыз түрткі болды. Алғашқы бройлерлерді сатқан кезде, өспей қалған күркетауықтардан өзге ештеңе жоқ еді, ал сатып алушылар етке сұраныс туғызды. Біз бройлер балапандарын сатып алдық, бірақ олардың бәрін де өлтіріп алдық. Себебі, егер балапандар үлкен құс фабрикасынан келген болса олардың ауырып қалуы мүмкін екенін білмедік, оларды да вакцинациялау керек екен, — дейді Евгения. -Қазірде біз өзіміз мал дәрігері, құрылысшы, экономистпіз. Дегенмен, біз құс өсірушілердің пікірлесу тобына кірмегенде, құстарымыздың неліктен қырылып қалғанын білмей қалар едік,  пікірлесу тобында көпшілігі кәсіптің бұл түрі дамыған оңтүстік өңірлердегі фермерлер еді.

Топта тәжірибелі мамандар кеңес береді, құс шаруашылығы бойынша кеңестік кітаптарды ортаға ұсынады. Өйткені, бүкіл технология сол кезде жасалған еді, бірақ біз оны жоғалтыппыз.

Енді, біз құстың немен ауыратынын, алдын-алуды, ішкі органдардың күйі арқылы нені зақымдайтынын қалай білуге болатынын білеміз. Біз дезинфекцияны да білмедік. Барлығына тәжірибе жасау және қателіктер арқылы жеттік.

Қазірде сарайға кірген бойда құс шиқылдап тұрса бірден әрекет жасаймыз, демек ауаландыру керек, желдету жүйесін өзгерту керек. Салқын түссе терезелерді қымтау керек. Үш жыл ішінде барлығын да біліп алдық.

Қазір 1000-нан астам бройлер өсірудеміз. Мұнда жұмыртқалайтын тауықтар мен күркетауықтар бар. Қаздар, үйректерді бақтық, бірақ қаз ұзақ уақыт өседі, және оларды негізінен қыста мейрам кезінде ғана сұраныс болады. Үйрекке сұраныс аз. Ол бройлермен бірге тұрмайды, күркетауық үйрекпен бірге тұрмайды, әрқайсысына бөлек бөлме керек.

Сараптай келе, ең тиімдісі бройлерлер мен жұмыртқа тауықтарын өсіру екеніне нақтыладық, сонымен ғана айналысудамыз. Қосымша күркетауық өсіреміз».

Құс тезегі — тыңайтқышқа

Кәсіпкерлер тапқан пайдаларын кәсіптеріне қаржылай қолдау жасап отырды. Евгенияның ұлы алғашқы инкубаторды өзі құрастырып шықты, одан кейін екіншісін сапалы етіп әзірледі. Құстар өсім берген сайын орын жетіспеді, оларды торда, сатылы орындардарға ауыстырды. Уақыт өте келе автоматты түрде су жеткізу жүйесін өткізді.

—        Ал, құстардың саңғырығын қайда жіберіп жатырсыздар ? Аудан орталығында осындай шаруашылық жүргізу оңай шаруа емес шығар ?

—        Құс тезегін қапшыққа жинап, ағамның бақшасына көлікпен жеткіземіз, сол жерде пайдаға асырамыз. Аулада, бақшада ешқандай иіс сезілмейді. Әрине, аммиакты жинап сатуға болады, құс тезегін өңдейтін жаңа технология енгізуге болады. Бірақ, оған қаражат керек. Күнделікті 4 мың жұмыртқа салатын калифорниялық құрттарды Түркістанда пайдаланады. Құрттар тезекпен қоректенеді, гумусқа айналдырып өңдейді. Өңделген топырақты гүл өсіру үшін арналған пакеттермен сатып аламыз. Дүние жүзі осылайша табыс табуда, біз әлі олай емеспіз. Бірақ, бұл біздің жоспарымызда бар.

Әтешпен бірге оянамыз

Евгения мен Виталидің (кәсіп жасау үшін Тенгиздегі жұмысынан шықты) жұмыс күні таңғы 4-те басталады. Әтештен шақырса – оларды азықтандыру уақытының болғаны. Одан кейін тұқым жинау, сараптау, құс еттерін қаптап әзірлеу, жеткізу, жаңа тапсырыстар қабылдау – осылайша түн ортасына дейін жалғасады.

«Құстар әрқашан бақылауда болуы тиіс» — дейді Евгения Макаревич. — Тауық жұмыртқасы 21 күнде өсім береді. Оған 37,8 жылылық қажет, ылғалдылығы 50 % — осы көрсеткішті тұрақты қадағалап отыру керек. Алғашқы аптада жұмыртқа қызу береді, ол кезде жылулықты азайту керек. Инкубаторда қалыпты кезеңге тән жағдай жасалуы керек, сондықтан әрбір 2 сағат сайын жұмыртқаны айналдыру керек, әрине ол үшін автоматика бар, бірақ, оны да тиісті кезеңіне сай етіп бағдарлау керек. Инкубаторда су құйылған аспаптар бар, олардың сарқылып қалмауын қадағалап отыру керек. Бұл жағдайлардың барлығын уақыт өте келе үйрендік.

Кәсіпорынның 60% өнімділігін ғана пайдаланып отырмыз – деп Евгения тұжырымдайды.- Инкубация, құсты бағумен ғана айналысып отырмыз, әрі қарай жетілдіру үшін орналасқан аумағы таршылық етеді, жер керек».

Макаревичтің «СПК Ақтөбе» АҚ-мен бірлескен жобасы болған еді, соған сәйкес олар өндірушіден сауда орнына дейін өнімді жеткізуді жоспарлаған.

Ол үшін жер қажет болды. Кәсіпкер үкіметтен жер алып, оған тиісті мәртебесін ауыстырып, картаға енгіздіріп, рәсімдеген кезде, қаржылай қолдау мақұлданбады. Жерді қала әкімшілігіне қайтарып беруге тура келді. Құжаттандыру жұмыстарына 1 млн теңге шамасында қаражат шығындалды, бірақ жоба сол күйінше қағаз жүзінде қалды.

Енді Евгения Макаревич жеке құс фабрикасын ашу үшін жердің қайтадан берілуін күтіп отыр. 6-8 мың бройлер, 1000 қаз, күркетауық ұстап, одан әрі дамытпақ. Ол үшін ол жаңа жоба дайындап жатыр.

Құс жемін мыңдаған шақырымнан тасымалдайды

Құс өсірушілердің айтуынша негізгі қиыншылық – құрама жем. Барлық облыстарда өндірілсе де, Ақтөбеде өндірілмейді. Бұрын, құрама жемді Ресейден тасымалдайтын, рубль қымбаттауымен бұл жағдай тиімсіз болды.

Ақтөбелік құс өндірушілер Тараздан тасымалдайтын болды. Ол жақта жем арзан болғанымен, көлікпен жеткізу 300 мың теңге. 3 көлік тасымалы шамамен миллион теңгені құрайды, бұл тек қана жаз айына жетеді. Инкубациялық жұмыртқа мен құрал-жабдықтар Ақтөбеде де өндірілмейді.

«Қиын мәселелер жеткілікті», — дейді Евгения. – Біз жемді қайдан алуға болатынын үнемі іздейміз. Инкубациялық жұмыртқаларды Ресейден немесе солтүстік аймақтардан аламыз, сонымен қатар жабдықты бір жерден сатып аламыз, бізде жергілікті ештеңе жоқ. Бір жағынан құс етіне сұраныс өте жоғары. Вакуумды қаптамадағы өнімді Түркия мен Чехияға дейін апарады. Сатып алушылар менің жобамды жүзеге асыруымды күтіп жүр.

Бізде қалыпты құс фабрикасы болады деп сенім білдіремін.

Айгүл Қуандық,

Ақтөбе облысы

Аgroqogam.kz

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите — Ctrl+Enter.