Қойлардың ет өнімділігін арттыру: Қой еті сапалы болуы үшін неге мән берген дұрыс

Бұған дейінгі жарияланымдарда қой етінің химиялық құрамына тоқталып, оның адам ағзасы үшін қаншалықты пайдалы екенін сөз еткен болатынбыз. Бүгінгі мақаламызда Қазақстанның көп бөлігі жиі тұтынатын қой етінің өнімділігін арттыру мәселесін қозғамақпыз. Себебі, бүгінде елде түрлі факторлардың әсерінен қой басы  азайған. Мәселен, АШМ дерегі бойынша, 2018 жылы Қазақстанда 18,7 миллион қой болса, 2019 жылы қой 16,4 миллионға дейін азайған. 2021 жылы елдегі мал басы 17,8 мыңға өсіпті. Бұл ретте еліміздегі қой етінің үлес салмағын арттырудың да мәні зор екенін айтпаса да түсінікті.

Малдың еттілігі жөнінен өнімділігі жыл сайын бір саулықтан алынатын қой етінің көлемі бойынша анықталады. Белгілі бір малдың еттілігі жөнінен қаншалықты өнімді екенін есептеген кезде бірқатар аспектілер назарға алынады. Оның ішінде қойды сату кезіндегі тірі салмағы, оның өсуінің жылдамдығы және туғанынан сойғанға дейін кеткен азық көлемі, тұтас етінің сапасы назарда болады. Ал саулықтан туған төлдерінің саны оның өнімділігін бағалаудың тағы бір әдісі саналады. Саулықтардың бұл қасиеті олардың күйлеуіне, төлдеу санына, төлдердің өсуіне және сүттілігіне қарап бағаланып отырады. Басқаша айтқанда, бір саулықтан туған толыққанды союға жарайтын төлдердің саны сол саулықтың ет жөнінен өнімділігінің сапалық ерекшеліктерін анықтайды.

Бұл тұста көптеген фермерде қойдың ет өнімі жөнінен өнімділігінің тиісті дәрежеде болуын қалай қалыптастыруға болады деген сұрақ туындайтыны анық. Осы орайда нәтижелікті арттыру үшін қандай көрсеткіштерге мән беру керек деген сауалдардың да қойылуы орынды.

Біріншіден, қойлардың ет өнімділігін ұлғайту үшін малдардың өсу және дамуының негізгі заңдылықтарын меңгеріп алған жөн болады. Малдардың тірі салмағы жас төлдің өсуі мен дамуының негізгі көрсеткіші. Мұны анықтау үшін малды салмағы мен дене-бітімінің ұзындығын үнемі өлшеп, өлшемін қағазға түсіріп отырған жөн. Сонда ғана дәл көрсеткіштер алу мүмкін болады. Қойдың абсолюттік салмағын, дене-бітімінің өсу жылдамдығын текшеп отырады. Тағы бір ескерек кетерлік жайт, өсу жылдамдығының көрсеткішін алу тәсілдері малдың жасына қарай да біршама айырмашылыққа ие. Мәселен, жас малдың дене-бітімінің ұзындығын өлшесе, ересек малдардың өсу деңгейі олардың май жинауына қарай бағаланады. Ал даму дегеніміз, кейбір азға мүшелерінің өсуіне байланысты дене мүшелірінің өзгеріске ұшырауы екенін де ұмытпаған жөн.

Мал шаруашылығындағы әр малдың ағзасының өсуі бірдей және белгілі бір тәртіппен жүзеге аспайтыны белгілі. Мәселен, туғаннан сүттен айыру кезіне дейін (4-5 айлық) мал өте тез өседі. Ары қарай 22-24 айына дейін олардың өсуі баяулай түседі. Ал орташа тәуліктік есеппен алғанда туғаннан жүз күніне дейін романов тұқымының төлдері 200-220 гр салмақ қосса, одан ары 150 күнге дейінгі мерзімде 120-150 гр салмақ жинайды. Ал 5 айлығынан 8 айлығына дейін тек 100 гр қосып, бір жарым жасына қарай тәулігіне 50-40 гр салмақ қосатын болады.

Олардың салмағының өсуі әдетте азық беру деңгейіне тікелей байланысты болады. 2 айлығында 1 кг өсу үшін 3 бірлік азық беріледі. 2-4 айлығында олардың салмақ қосуы үшін 4-5 бірлік азық беру қажет болады, 4-8 айлығында 5,5-7,5 берлік азық беру керек болса, 12 айдан асқанда 10 бірліктен көп азық беруді қажет етеді. Сондықтан өсуі тежелген  жас малға көп көлемде азық берудің биологиялық тұғыдан да, экономикалық тұрғыдан да мәні болмайды. Себебі, бұл кезде олардың азығы дене бітімінің ұлғаюына емес, май жинаюына кетеді. Уақыт өте келе төлдердің денесінің пропорциясы да, құрамы да өзгереді. Мәселен, жаңа туған төлдің басы мен сирақтары жақсы дамыған болса, ол өсе келе, оның етті мүшелері ұлғая бастайды. Онтогенездің түрлі кезеңдерінде мал ұлпаларының арақатынасы да өзгереді. Сүйек ұлпалары бұлшықет ұлпаларына, әсіресе, май ұлпаларына қарағанда әлдеқайда тез әрі ертерек дамиды. Жылдам өсетін қойлардың сүйектері де жылдам өссе, жай өсетін қойлардың сүйектері 1,5-2 жасына дейін өсе береді. Ал сүйегі ірі мадардың тиісінше етінің сапасы төмен болады. Селекция арқылы сүйек пен бұлшықеттің арақатынасын реттеуге болады. Алайда сүйектің берік болуы малдың денсаулығы үшін аса маңызды екенін де ұмытпаған дұрыс.

Азық беру арқылы мал ағзасындағы түрлі ұлпалардың құрамы мен арақатынасын өзгертіп отыруға болады. Мәселен, азық тиісті дәрежеде берілмеген жағдайда жас малдың кей мүшелері дамымай қалуы мүмкін. Ал егер бұл олқылық жөнделіп, ары қарай оның азығы дұрыс деңгейде реттелсе, онда малдың да өсуі қалпына келеді. Алайда тағы бір ескере кетерлік жайт, қалпына келу тек қана малдың қарқынды өсуі кезеңінде ғана жүзеге асады. Сондықтан шаруа қожалықтары дәл жас малдың дамуына жіті назар аударуы қажет. Азық дұрыс берілмесе, тұтас еттің салмағы, еттегі майдың үлесі азайып, сүйектердің салыстырмалы көлемі артады. Жоғары сапалы ет алу үшін малдың жасын, жынысын,тұқымын есепке ала отырып, сол ерекшеліктерге сай үздіксіз азық берілуі тиіс.

Қойлардың еттілігін селекция тәсілдері арқылы арттыру. Қазақстанда өсірілетін 20-дан астам қой түрінің өнімділік деңгейі де алуан түрлі. Әлбетте, түрлі бағыттағы қойлардың еттілігінің көрсеткіштері де әртүрлі екенін естен шығармаған дұрыс. Бұл ретте бұған дейін айтып өткеніміздей, етті-жүнді бағыттағы ойлардың еті сапалық тұрғыдан жоғары бағаланады. Оларға ромни-марш, бордер-лейстер, гемпшир типіндегі қойлар, куйбышев қойлары, етті-жүнді дегерес қойлары, қазақы етті-жүнді және және қазақтың биязы жүнді қойары жатады. Олардың әрқайсысына берілетін азық мөлшері мен еттілігін бағалаудың өзіндік көрсеткіштері бар. Бұдан бөлек,сапалы ет өнімін алудың жыл мерзіміне қарай тәуелділігін де ескере  кеткен жөн. Одан бөлек әр қой тұқымының тұтас еті де бір-бірінен біршама деңгейде ерекшеленеді.

Сол себепті, қой етінің сапалық ерекшеліктерін арттыру мақсатында селекция тәсілдерін жетілдіру мәселесі де алға шығады. Алдағы мақаламызда қой тұқымының әр түрі бойынша мән беру қажет көрсеткіштерге тереңірек тоқталмақпыз.

(Жалғасы бар)

Дереккөз: С.Ш. Мирзабеков, А.И. Ерохин, оқулық, «Овцеводство».

Қазақшаға аударған: Айтолқын АДЫРБАЙҚЫЗЫ

Если вы нашли ошибку, пожалуйста, выделите фрагмент текста и нажмите – Ctrl+Enter.